Ол бойынша мемлекет жұмыс істеп тұрған криптовалюта өндірушілеріне «стратегиялық майнер» мәртебесін ұсынады. Сосын оларға электр энергиясын тұрақты әрі белгіленген шекті тарифтер бойынша тікелей энергия көздерінен алуға мүмкіндік бермек. Оның есесіне майнерлер өндірген цифрлық валютаның 10 пайызын мемлекетке беруге тиіс.
Бір қарағанда, бұл мемлекет пен майнинг индустриясы арасындағы өзара тиімді келісім сияқты көрінеді. Майнер тұрақты электр энергиясына қол жеткізсе, мемлекет цифрлық актив түрінде кіріс алады. Алайда жаңа тәртіптің құқықтық негізіне үңілгенде, бірқатар күрделі сұрақ туындайды.
Мәселе – жаңа ереженің мазмұнында ғана емес. Оның жекелеген талаптары қолданыстағы заң нормаларымен үйлеспейді, яғни стратегиялық майнингті дамытуға бағытталған жаңа механизмнің өзі сала мамандарының айтуынша, бірақ құқықтық қайшылыққа тап болып тұр. Біз бұл тақырыпты белгілі криптонарық сарапшысы Дәурен Қарашевпен сарапқа салып көрдік.
Қаулыға негіз болатын заңның өзі 22 күннен кейін күшіне енеді
Ең алдымен электр энергиясына қатысты мәселе назар аудартады. Жаңа ережеге сәйкес, 29 шілдеден бастап электр станcалары стратегиялық майнерлермен тікелей келісімшарт жасап, электр энергиясын тікелей сатуға тиіс. Алайда мұндай келісімшарт жасауға құқықтық мүмкіндік беретін «Электр энергетикасы туралы» заңның 19-2 бабы тек 20 тамыздан бастап күшіне енеді. Ал ереже мен заң талабы қолданысқа енетін уақыттың арасы – 22 күн! Ендеше 22 күн бойы заңсыз электр саудасы жасалатын болғаны ма? Арнайылап ереже қабылдағандар осындай олқылықты қалай жіберіп алғанын сала сарапшылары да, біз де түсінбедік.
Мұны қарапайым техникалық қателік деуге келмейді. Өйткені бұл қаптаған қайшылықтың басы ғана. Заң бойынша электр энергиясын өндірушілердің майнерлерге электр қуатын тікелей сатуына қатысты шектеулер бар.
Қолданыстағы тәртіп бойынша майнерлер электр энергиясын заңда көзделген рұқсат етілген көздерден ғана алуға тиіс. Ал электр стансасынан тікелей сатып алу мұндай көздердің қатарына енгізілмеген. Оның үстіне, майнерлер көтерме нарық субъектісі ретінде саналып, электр энергиясын бірыңғай сатып алушыдан немесе импорт арқылы алуға міндетті.
Демек, бірнеше заң нормасы бір мәселені анық көрсетеді: электр стансасының майнерге электр энергиясын тікелей сатуы мүмкін емес. Бірақ ереже қабылдағандар Қаулының күшін заңнан биік қоятындай әсер қалдырады.
«Құқықтық қайшылық мұнымен шектелмейді. Стратегиялық майнинг тәртібінің құқықтық негізі ретінде көрсетілетін №320-VIII заңның мазмұнына назар аударайықшы. Оның негізгі бағыты – телекоммуникация саласын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту, яғни заңның өзінде «стратегиялық майнер» деген ұғым кездеспейді. Оған қоса, Қаулы қабылдауға «мүмкіндік» беріп отырған 19-2-баптың өзінде стратегиялық майнингтің барлық рәсімі егжей-тегжейлі жазылмаған», – дейді Дәурен Қарашев.
300 МВт квотаны қайдан тауып бермек?
Жаңа ереже осынша қайшылыққа қарамастан ақыры күшіне енді делік. Бірақ бұл электр стансалары үшін электр энергиясын майнерлерге кез келген көлемде тікелей сатуға карт-бланш бермейді. Заңдағы талап бойынша электр стансасы электр қуатын майнерге қосымша қуат өндірген жағдайда сату керек. Бұл дегеніміз – жаңадан салған немесе бұрынғы қуатын қалпына келтіріп, қосымша қуат алған жағдайда ғана тікелей сата алады деген сөз. Оның өзінде майнерге сол қосымша қуаттың 70 пайызына дейін ғана сатуға рұқсат етіледі.
Неге бұлай шектеліп отырғаны да түсінікті. Электр қуаты шексіз ресурс емес. Бұған дейін өндіріліп, тұтынушылар арасында бөлініп қойған қуатты жаңа тұтынушыға бағыттау басқа тұтынушыларды, мысалы қарапайым халықты жарықсыз қалдыруы мүмкін. Сондықтан заң қосымша өндірілген қуатты ғана белгілі бір шекте майнингке жіберуге мүмкіндік береді.
Сарапшының айтуынша, енді сол жаңа қаулыда электр стансасына майнерлерге сату үшін 300 МВт көлемінде квота беру көзделген. Қызығы сол, осы квотаға қатысты құжатта қосымша қуаттың болуы, 70 пайыздық шектеу немесе тиісті мемлекеттік органды алдын ала хабардар ету секілді заң талаптары нақты көрсетілмеген. Бұл жерде айтып отырған 300 МВт-тың қайдан келетіні, яғни «бұрыннан бар қуат па?», әлде заң талаптарына сәйкес «жаңадан енгізілген қосымша қуат па?» деген сауалдың аражігі ажыратылмаған.
Криптовалютаның кілтін кім ұстайды?
Стратегиялық майнинг механизміндегі тағы бір маңызды мәселе – мемлекетке берілетін цифрлық активтердің тағдыры. Жаңа тәртіп бойынша майнерлер өндірген криптовалютаның 10 пайызын мемлекетке беруге тиіс. Бірақ осы активтерді кім қабылдайды, кім сақтайды және кейін олармен қандай операция жасайды деген сұрақтар құқықтық тұрғыдан айқындалмаған.
Әңгіме «Астана Хаб» қорының мәртебесіне қатысты болып отыр. «Цифрлық активтер туралы» заңда цифрлық активтермен жұмыс істеуге рұқсат етілген субъектілердің тізімі нақты көрсетілген. Оған Ұлттық банктің лицензиясы бар ұйымдар, «Астана» халықаралық қаржы орталығының платформалары, құқық қорғау органдары, Ұлттық банктің өзі және оның еншілес ұйымдары кіреді. Алайда бұл тізімнен «Астана Хаб» қоры көрінбейді. Соған қарамастан ұсынылып отырған механизмде майнерлерден цифрлық валютаны қабылдау, сақтау және кейін әрі қарай беру функциясы осы қорға жүктелмек.
Ендеше қарапайым сұрақ туындайды. Егер цифрлық активтермен жұмыс істеу құқығы болмаса, онда бұл қызметті осы қорға беру кімнің миына кірген?
Басқасы басқа, тіпті «Астана Хаб» қорының қызметін реттейтін заң да бұл мәселені шешпейді. Өйткені қордың міндеттері көрсетілген нормативтік құжаттарда цифрлық активтерді қабылдау, сақтау немесе есепке алу функциялары жоқ.
Одан да маңыздысы, цифрлық активтерді сақтау қауіпсіздігіне қатысты күдік көп. Криптовалюта жағдайында активтің өзі ғана емес, оған қол жеткізу кілттері де ерекше маңызды. Сондықтан мемлекеттік деңгейде қабылданатын цифрлық активтер үшін кілттерді басқару, кімдердің қолында болатыны, ішкі бақылау, резервтік сақтау және актив жоғалған жағдайда жауапкершілік тәртібі нақты белгіленіп отыруы керек. Алайда жарияланған ережелер мен типтік келісімшартта бұл мәселелердің бірқатары басы ашық күйінде қалған. Мысалы, криптографиялық кілттерге кімнің қол жеткізе алатыны, қандай деңгейдегі рұқсат қажет екені, операцияларға ішкі бақылау қалай жүргізілетіні, актив жоғалған жағдайда кім жауап беретіні, ал кілттер бұзылған немесе ұрланған жағдайда қандай алгоритм қолданылатыны нақты көрсетілмеген.
Бұл түйткіл де қатардағы көзге ілмейтін қателік емес. Мемлекетке берілетін цифрлық активтердің көлемі едәуір болары анық әрі оларды сақтау да мемлекет қауіпсіздігінің маңызды элементтерінің бірі саналады.
Сайып келгенде, Ұлттық резерв активтерін сақтауға тиіс ұйым өзіне қатысты мүлде қарастырылмаған ережелер бойынша жүзеге асырғалы отыр. Осыдан соң көңілге күдік ұялататын бірнеше қауіп.
Мәселен, ұрлану қаупі бар. Себебі жекеменшік кілттерді иеленген адам техникалық тұрғыдан активтерді өзінің жеке мекенжайына аудара алады. Ал криптовалюталық аударым қайтарылмайды және көбіне иесін анықтау қиын.
Біліктілігі жеткіліксіз қызметкер кілтке қолжетімділігін жоғалтып алуы немесе кілтті бүлдіруі мүмкін. Ал кілт жоғалса, активтердің өзі қалпына келтірілмейді. Қолданыстағы құжаттарда активтер жоғалған жағдайда нақты кім жауап беретіні көрсетілмеген. Операциялар журналға тіркелмеген жағдайда қор ішіндегі активтердің қозғалысын сенімді түрде тексеру мүмкін емес.
Сырттан бұзу және реквизиттерді ауыстыру қаупі бар. Өйткені келісімшарт бойынша қор әмиян мекенжайын өзгертуге құқығы бар. Қор бұл туралы майнерге небәрі үш жұмыс күні бұрын хабарлай алады. Қауіпті осы талап тудыруы мүмкін. Өйткені әмиян реквизиттерінің дұрыстығына майнер жауапты.
Осындай қауіптерден соң Ұлттық резервке деген сенімге селкеу түседі. Мәселе криптоактивтердің міндетті түрде ұрланып кетуінде емес, солардың мұқият сақталуына қатысты көптеген олқылықтың болуында.
Естеріңізде болса, былтыр қыркүйекте Қазақстанда Alem Crypto Fund деп аталатын крипторезерв құрылған еді. Президент тапсырмасымен пайда болған жаңа қорға мемлекет қаражатынан инвестиция салынатын болды. Осы бастамасымен-ақ жаңа ұйым сынға қалған болатын. Өйткені құрылмай жатып Binance биржасын өзіне серік ететінін жариялады. Оның үстіне, мемлекет қаржысына сол биржаның токені саналатын BNB цифрлық активін сатып алатыны белгілі болды. Жаңа қордың жұмысы осынысымен-ақ талайдың күдігін тудырған. Бірақ идея авторлары алған бетінен қайтпағаны көрініп тұр. Енді жаңа бастамасы да сарапшылар сынының астында қалды.
Айта кетейік, Energyprom.kz сайты келтірген ресми деректерге қарағанда, 2023 жылдан 2026 жылғы мамырға дейін Қазақстан аумағында аккредиттелген майнинг-пулдар шамамен 7,2 мың биткоин өндірген. Бүгінде елімізде цифрлық майнингпен айналысатын 78 субъект жұмыс істейді. Сонымен қатар 2023-2025 жылдары заңды түрде жұмыс істейтін «ақ» майнерлерден мемлекет бюджетіне шамамен 35 млрд теңге салық түскен.
Ербол ТҰРЫМБЕТ
