Астана медицина университеті жаңа оқу жылын ерекше мәртебемен бастамақ. Жақында ғана еліміздегі беделді оқу орындарының бірі Астана медицина университетіне Ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі берілді.
Тағамтану тағылымы
138
оқылды

Тағы бір қуанарлығы, университетке отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін қалаушылардың бірі, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімі беріліп отыр. Ал бүгінде ғалым негізін қалаған ұлттық тағамтану саласында қандай ғылыми жаңалықтар бар?

Ең алдымен, бұл бастаманы Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қолдайтынын ескере кеткен жөн. Мемлекет басшысы уни­верситетке белгілі ғалым Төре­гелді Шармановтың есімін беру орын­ды екенін мәлімдеген еді жә­не аталмыш оқу орны цифрлық ден­саулық сақтау мен биомедицина салаларын табысты түрде дамытып жатқанын, еліміздегі жетекші ме­дициналық жоғары оқу орын­дары­ның бірі екенін де атап өтті. Университеттің жаңа мәртебеге ие болуы да білім беру сапасын арт­тыру­ға, ғылыми-зерттеу әлеуе­тін кү­шейтуге және халықаралық ын­тымақтастықты кеңейтуге мүм­кін­дік беретіні сөзсіз, әсіресе болашақ дәрігерлер үшін бұл жаңалықтың маңызы айтарлықтай зор. Біз оқу ор­дасының алдағы жоспары мен жұ­мыс бағытын білу үшін медицина ғылымдарының кандидаты, про­фессор, Астана медицина уни­верситетіне қарасты академик Е.Даленов атындағы Профи­лак­ти­калық медицина ғылыми зерттеу институтының директоры Айгүл Абдулдақызына хабарласқан едік.

Оқу орны немен айналысып жатыр?

– Астана медицина универси­те­тіне академик Төрегелді Шарманов есімінің берілуін үлкен жауап­кер­шілік ретінде қабылдаймыз. Бұл – тек тарихи тұлғаның есімін ұлық­тау емес, не болмаса өткенге тағ­зым емес, оның ғылыми қағи­дат­тарын қазіргі заман талаптарына сай жалғастыру міндеті деп есеп­теймін. Біздің негізгі бағы­ты­мыз – «Т.Шармановтың ғылыми мұрасы – қазіргі профилактикалық медицина – болашақ дені сау ұлт» деген сабақтастықты қалыптас­тыру, – дейді маман. 

Оның сөзінше, институт осы ба­ғытта жұмыс атқару үшін бірне­ше міндетті басты мақсатқа айналдырып отырған көрінеді. 

– Алдымен, ұлттық тағамтану бойынша ғылыми-зерттеу жұ­мы­сын жүйелеуіміз керек. Ұлттық та­ғамдардың химиялық және та­ғам­дық құрамын, олардың энер­ге­тикалық құндылығын, ақуыздық және май қышқылдық құрамын, дәрумендер мен микроэлементтер­мен қамтамасыз етілуін зерттеу – маңызды бағыттың бірі. Бұдан кейін­гі міндет – қазақтың дәстүрлі тағамын профилактикалық медицина тұрғысынан бағалау, яғни бел­гілі бір ұлттық тағамның адам ден­саулығына ықпалын ғылыми дә­лелдер негізінде зерттеу, оның жас мөлшеріне, физикалық бел­сен­­ділік деңгейіне, денсаулық жағ­­­­дайына байланысты қолдану ерен­шелігін анықтау қажет, – дей­ді Айгүл Абдулдақызы.

Маманның айтуынша, дәс­түрлі тағамдарды заманауи технологиялар арқылы жетіл­діру бүгінгінің басты бағыты болуға тиіс. Ұлттық тағамдардың дәстүрлі си­патын сақтай отырып, олардың та­ғамдық құндылығын арттыру жә­не қазіргі адамның қажеттілігіне бейімдеу аса маңызды. Бұл ба­ла­ларға, егде жастағы адамдарға, жүк­ті әйелдерге, дене белсенділігі жо­ғары адамдарға және созылмалы аурулардың алдын алуға ба­ғыт­талған арнайы рациондарды әзір­леуді де қамтиды. Сонымен қатар қазіргі нутрициология тек ас мә­зірін құрастырумен шектелмейді. Адамның тамақтану ерекшелігі, дене құрамы, метаболикалық көр­сеткіштері, биомаркерлері және өмір салты кешенді түрде бағалану­ға тиіс. Е.Даленов атындағы Про­фи­лактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты 2023 жылы құ­рыл­ған сәттен бастап бұл бағытта жұмыстар жүргізіп келеді. Институтта «Нутрициология», «Қоғам­дық денсаулық сақтау», «Медицина», «Геронтология» бағыттары бойын­ша магистранттар білім алуы­на мүмкіндік бар. Инс­титут­тың ғылы­ми қызметкерлері әр жыл­дары «Лак­тобапол», «Ба­пол-М», «Milky­Boom-плюс», «Bee fito oil», «Bee fito drink» сынды та­ғам­дық өнімдер мен емдік заттарды дайындап шығарды, бұл да – ауыз толтырып айтарлық ғылыми жетістіктің бірі.

– Ерболат Даленов пен Төре­гел­ді Шармановты тек әріптестік пен ғылыми қызмет емес, бауыр­лас­тыққа ұласқан терең адами бай­ланыс біріктірді. Екі ғалымның да ортақ ұстанымы – халық ден­сау­лығын сақтау, аурулардың алдын алу және ұлттың денсаулық әлеуе­тін нығайту. Олар ме­дици­на­ның болашағын профилактикамен, дұрыс тамақ­танумен, салауатты өмір салтын қалыптас­тыру­мен және адам өмірі­нің сапасы мен ұзақ­тығын арттырумен бай­ланыстырды. Инс­титуттың қазір­гі қызметі де академик Е.Даленовтың профилактикалық медицина жөніндегі ғылыми идеяларын Т.Шармановтың нутрициология мектебімен табиғи түрде ұштастырып отыр, – дейді А.Абдулдақызы.

Төрегелді Шармановтың шә­кірттерінің бірі ретінде Айгүл Аб­дул­дақызының сөзінше, қазір  инс­титут мамандарының ғылыми із­денісінде дұрыс тамақтану мен ұзақ өмір сүру арасындағы байланысты зерттеумен айналысып жа­тыр. Бұл тақырып академик Т.Шарманов қалыптастырған «та­мақтану – профилактика – ден­саулық – ұзақ өмір сүру» парадигмасымен толықтай үндеседі.

Тағамтану академиясының тың жаңалығы

Бүгінге дейін Төрегелді Шар­мановтың шәкірт­тері­нен 44 ғылым докторы, 70 ғылым кандидаты шықты, сонымен қатар ұлт­тық тағамтану саласында төл шә­кірт­терінен бөлек, жас буын да қа­­­лыптасып, ғылыммен айналысып келеді. Осы жөнінде Төрегелді Шармановтың өмірде де, ғылымда да жолын жалғаған ұлы, Қазақ та­ғамтану академиясының пре­зи­денті,  ғалым Алмаз Шарманмен де тілдескен едік. Ғалымның ай­туын­ша, осыдан 50 жыл бұрын әке­сі негізін қалаған Қазақ тағам­тану академиясының жұмысы қа­зір одан сайын жанданып, ерекше қарқында дамып келеді. 

– Жұмыстары ұдайы жалғасын тауып келеді. Жас зерттеушілер, жаңа буын қалыптасып үлгерді. Қазір еліміздегі отандық өсімдіктер мен жануарлардан алынатын та­ғамдық өнімдердің химиялық құ­рамының ұлттық анықтама­лы­ғын жасап жатырмыз. Мұндай іргелі ба­сылым елімізде бұрын-соңды бол­ған емес. Сонымен қоса, біре­гей «Нутриенттердің периодтық кес­тесін» дайындап жатырмыз. Ғы­лымда шамамен 135 өмірлік маңызды тағамдық компонент – ақуыздар, майлар, көмірсулар, дәрумендер, минералдар және басқа да биоактивті заттар белгілі, алайда табиғатта оның көлемі одан да көп.  Сол себепті де ең ірі ұлттық дерекқорды қалыптастырып отырмыз, бұл тізімде 27 мыңнан аса та­ғам мен тағамдық өнімдердің нут­риенттік құрамына егжей-тег­жейлі сипаттама жинақталған, – дейді Алмаз Шарман. 

Қазақ тағамтану академиясы цифрлық технологиялар мен ЖИ жүйесіне де көңіл бөліп, жобаларын жетілдіруді қолға алған. Мысалы, NutriSteppe-AI платформасы әр адам­ның жеке ерекшелігіне қарай жекеленген сауалатты та­мақ­тануға арналған мәзір ұсына ала­ды. Tagam-AI мобильді қосым­ша­сы арқылы ішер асыңыз бен та­ғамдық өнімдер­дің құрамын, ақуыз, май, көмірсу, дәрумен, ми­не­рал, басқа да тағам­дық ком­по­ненттердің мөлшерін біл­е аласыз, ол үшін тағамды суретке түсірсеңіз жеткілікті.

Қуана айтарлығы, Орталық Азия­дағы ең заманауи зертханалар­дың бірі NutriTest зертханасы да біздің елімізде жұмыс істейді. Зерт­хана кейінгі 30 жылға жуық уа­қыт­та тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бағалап, зерттеу жұ­мы­сымен айналысып келеді. Мұн­да озық аналитикалық жаб­дық­тар­ды пайдаланатын жоғары білікті хи­миктер, биологтар, микробиологтар және басқа да мамандар қызмет етеді.

Алмаз Шарман Астана медицина университетінің жаңа мәрте­беге ие болғанын естіп, ерекше қуан­ғанын да жеткізді. Оқу орны мен Қазақ тағамтану академия­сы­ның байланысы жөнінде де пікірін білген едік.

– Ұлттық университет мәр­те­бесі – бұл еңбектің мойындалуы ға­на емес, сонымен бірге білім беру, ғылым және халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндік. Мен университет ректорымен тұрақты түрде қарым-қатынас орнатып келемін, жалпы саланың, оқу орнының одан әрі даму перспективаларын бірге тал­қылау да өткіземіз. Алда да бірқатар ұсынар идеям бар, оны қазір айту ертерек болар, бірақ болашақта университет үшін қосымша мүм­кін­діктер ашатын жаңа бастамалар­ды ұсына алатынымызға сенім­ді­мін, – дейді академия президенті.

Ғылым жолындағы жалғастық

Төрегелді Шарманов бар ғұ­мырын ұлттық тағамтану са­ласына арнағанын білеміз. Ға­лым­ның бастамасымен Қазақ та­ғамтану академиясы әйелдер мен балалардың тамақтану мәселесіне көңіл бөліп, мектептегі тамақтану жүйесін жетілдірді, ғарышкерлерге арналған рациондарды дайындады, тамақтану саласындағы мем­лекеттік стандарттар мен ұлттық саясатты қалыптастыруға қатысты. Академик еліміздегі йод тапшы­лы­ғын зерттеу, темір тапшылығы ане­миясының алдын алу, балалар тағамын дамыту, емдік-профи­лак­тикалық және рационалды та­мақ­танудың ғылыми негіздерін қа­лып­тастыру бағытында сүбелі ең­бек етті. Бүгінде де бұл бағытта жұ­­­­­мыстар жалғасып жатыр.  Қазақ тағамтану академиясы қазір тағам­ды D дәруменімен және басқа да микронутриенттермен байыту мәселесімен айналысып жатыр. Семіздік, диабет және жүрек-қан тамырлары ауруларының таралуы артып отырған жағдайда рацион­ның сапасы, соның ішінде тағам­дық талшықтардың, дәрумендер­дің, ми­нералдардың және басқа да био­логиялық белсенді компо­нент­тердің жеткілікті болуы жыл өткен сайын маңызды мәселе болып отыр.

– Жақында біз Қазақстан хал­қына арналған салауатты тамақ­тану бойынша жаңартылған ұлт­тық нұсқаулық дайындадық. Біз әкем жарты ғасырға жуық уақыт бұрын негізін қалаған Академия ұстанымын жалғастырып келеміз, яғни аурудың емін іздегенше, оның алдын алуды басты ұстаным деп білеміз. Менің ойымша, Төре­гелді Шармановтың басты мұрасы да дәл осында жатыр. Ол тамақтану адам­ның жеке таңдауының мәсе­ле­сі ғана емес екенін көрсетті. Бұл – ұлттық денсаулық сақтау саясатының, ау­ру­лардың алдын алудың және бо­лашақ ұрпақтың денсаулығын сақ­­таудың ең маңызды құралы,  – дей­ді Алмаз Шарман.

Қазір Астана медицина уни­верситетінде әлемнің бірнеше елі­нен келген 11 мыңға жуық студент білім алады. Жыл сайын оқу орнын шамамен 3 мың жас маман тәмамдайды. Ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі мен Төрегелді Шар­манов есімінің берілуі универ­ситет­тің ел медицинасы мен ғы­лымындағы орнын одан әрі ай­қын­дай түсеріне әрі тағамтану саласына да тың бастамалар сыйлайтынына сеніміміз мол. 

Айсұлу СЪЕЗХАН