Астананың оң жағалауында жер қойнауының бай тарихын бір залға жинаған ерекше орын бар. Ол – минералогиялық музей.
Минералдар әлеміне саяхат
134
оқылды

Мұнда еліміздің өңірлерінен, тіпті әлемнің әр қиырынан әкелінген сан түрлі минерал тастар сақталған. Жақында осы музейге біз де барып, табиғаттың адам қолы араласпаған алуан түрлі пішінге ие тастарды көзбен көріп, қолмен ұстап қайттық. Бірі жер қойнауындағы күрделі геологиялық үдерістерден сыр шертсе, енді бірі Қазақстанның кен байлығы мен минералдық қорының ауқымын аңғартады.

Елордадағы жалғыз минерало­гия­лық музей 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Минералдарының алуан­дығы жағынан Орталық Азиядағы үздік музейлердің бірі саналатын бұл орынның қорында бүгінде үш мыңнан астам жәдігер жинақталған. Олардың географиясы да кең: Қазақстан мен көр­шілес елдерден, Аустралиядан, Сол­түстік және Оңтүстік Америкадан, Еуропа мен Африкадан жеткізілген табиғи үлгілер бар. Өткен ғасырдың 30-40-жылдарында игеріліп, кейін жа­былған кен орындарынан алынған үл­гілер де кездеседі. Өндіріс тоқтаған соң мұндай минералдардың бір бөлігі жер астында мәңгі қалуы мүмкін.

Музей бес залдан тұрады. Оның үш за­лы минералдар мен табиғи тастарға арналған. Төртінші залда геологиялық әде­биеттер қоры жинақталса, бесінші зал­­да әр кезеңде геологтар пайдаланған көне далалық құрал-саймандар мен ар­найы аспаптар қойылған. Әр залдың өз сипаты, өз айтары бар.

Алғашқы үш залда минералдардың та­­биғи элементтерден бастап нитрат­тар, бораттар мен органикалық тұз­дар­ға дейінгі сан алуан кластары қам­тыл­ған. Сөрелерде мыс, темір, аметист, зү­­­­бәржат, топаз, танзанит, нефелин жә­не басқа да сирек кездесетін ми­не­ралдар орналасқан. Кейбір экспонаттар 100 жылдан астам уақыт бұрын та­был­ған. Соның бірі – Қазақстан аумағынан ша­мамен 120 жыл бұрын алынған пи­рит. Оның ерекшелігі – адам қолымен өңдел­мегенінде. Минерал табиғатта қандай пішінде пайда болса, музейге де сол қалпында жеткен. Негізі, ми­не­р­ал жинау мәдениетінің де өзіндік та­рихы бар. Патшалық Ресей заманында мұн­дай коллекция құрастыру ақ­сүйек­тер арасында жоғары талғам мен мә­де­ниеттің белгісі саналған. Бүгінде осы дәстүрдің танымдық мәнін балаларға ерте жастан сіңіру маңызды. Өйткені ми­нералға қызығу тек әдемі тас жи­нау­мен шектелмейді. Ол жердің қалыптасу тарих­ын тануға, табиғаттағы сан алуан үде­рістерді түсінуге, геология мен ми­не­ралогия секілді ғылым салаларына қы­зығушылықты арттыруға жол аша­ды. Осындай музейлердегі әрбір жә­ді­гер баланың таным көкжиегін кеңей­тіп, табиғатқа зер сала қарауға, оның бай­лығын бағалай білуге үйретеді.

Қордағы тастар тек геолог маман­дар­ға ғана қызық, соларға ғана түсінікті де­ген ой қисынсыз. Өйткені мине­рал­дар­дың арасында күнделікті өмірде кеңінен қолданылатындары да кезде­седі. Мәселен, тальк жұмсақтығы мен ыл­ғалға төзімділігі үшін балаларға ар­налған сеппе ұнтақтардың, түрлі кос­метикалық өнімнің құрамына кі­реді. Опа мен қабақ бояуларын өн­діру­де де осы минерал пайдаланылады. Тіп­ті тағам өнеркәсібінде шоколад өнім­дерін өңдеу және кейбір кәмпит түр­лерінің қабықшасын жасау кезінде де қолданылады. Ал жадеит испан ті­лін­де «бүйір тасы» деген мағынаны біл­діреді. Себебі Оңтүстік Америкада бұл тас бүйрек ауруларын емдеуге кө­мек­теседі деген наным болған. Жадеит адам­затқа өте ерте заманнан белгілі. Тас дәуірінің өзінде одан еңбек құрал­да­ры жасалған, кейінірек ғұрыптық жә­не діни мақсаттағы бұйымдар әзір­лен­ген. Айта берсек, мұндай сипаттағы ми­нералдар тастар саны өте көп. 

Осы үш залдың бірінде мине­рал­дармен қатар палеонтология­лық жәдігерлер, тау жыныстары, асыл жә­не жартылай асыл тастар, табиғи тас­тардан жасалған бұйымдар мен фау­налық қалдықтар қойылған. Па­леон­тологиялық қор әзірге музейдің да­мы­туды қажет ететін бағыттарының бірі бол­ғанымен, мұндағы жәдігерлердің өзі келушіні ұзақ аялдатады. Солардың қатарында брахиопадтар, Allocosmia мол­люскасы, белемниттер, Моңғолия­ның Гоби шөлін мекендеген динозавр­дың жұмыртқасының пішіні де қойыл­ған. Залдағы ең қызық экспонаттардың бірі – кірпінің тұлыбы. Оның музейдегі «тағдыры» да өзгеше. Алғашында қыз­меткерлер кірпіні көрнекі жерге ор­наластырыпты. Бірақ экскурсияға келген балаларға бұл көрініс ауыр тиіп, кішкентай жануар­ды аяғандары сонша, оны көз­ден таса жерге қоюға ту­­ра келген. Қазір кірпі қол­­тырауынның басымен қатар тұр. 

Бұл залдарда музей қонақтарына ми­не­ралдар мен табиғи үл­гі­лерді өз бетінше танып-білуге мүмкіндік жасалған. Ар­найы смарт тақтада тас­тардың атауы әліпби ретімен берілген. Қажетті минералды таңдап, оның суретін, сипатта­масын, ерекшеліктері мен қасиет­терін оқуға болады. Сондықтан музейді гидсіз аралаған адамның өзі әр экс­по­нат жайында жеткілікті мәлімет ала ала­ды.

Төртінші зал геологиялық әдебиет­терге арналған. Мұнда XIX ғасырда және XX ғасырдың алғашқы жарты­сын­да жарық көрген сирек кітаптар мен салалық еңбектер сақталған. Му­зей жанынан геологиялық әдебиеттер кітапханасы да қалыптасқан. Осы­лай­ша, экспозиция табиғи жәдігерлермен шектелмей, қазақстандық геология ғылымының қалыптасу жолынан да хабар береді. Мұндай коллекцияны бір адамның ғана еңбегімен жинау қиын. Оның қалыптасуына кәсіби минералог мамандардың, геологтардың және ұзақ жылдар бойы әр аймақтан үлгі жинаған зерттеушілердің еңбегі сіңген. 

Бесінші залда геологтың «серік­тері» қойылған. Серігі деп отырғанымыз – әр кезеңде геологтар пайдаланған далалық құрал-саймандар мен арнайы аспаптар. Олардың әр­қайсысы кезінде геологтардың дала­дағы негізгі жұмыс құралы болды. Осы аспаптар арқылы жер бедері өлшенді, кен қабаттары анықталды, жер қой­науы зерттелді. Олардың арасында 1989 жылғы сейсмостанса, 1990 жылы шығарылған жер қойнауын электрлік әдіспен барлауға арналған канадалық TDR-6 аспабы, 1986 жылғы АЭ-7 электр­барлау құрылғысы, теодо­лит­тердің бірнеше түрі, нивелирлер мен поляризациялық микроскоп бар. Бұл жабдықтар өткен ғасыр геологтарының қандай жағдайда жұмыс істегенін көз алдына елестетеді. Қазіргі маман көп­теген деректі компьютерден немесе спу­т­никтік жүйеден алатын болса, бұрынғы зерттеушілер әр өлшемді далада қолмен жүргізіп, күрделі ап­па­рат­тарды өздерімен бірге алып жүрген. Осындай көнеден бері келе жатқан, кейбірі қазір жойылып та кеткен дү­ниелерді сақтап отырған музейдің қа­лыптасуына Қазақстанның еңбек сіңірген геологы Ұлжабай Исмаилов­тың көп жылғы еңбегі негіз болған. Геология саласында жарты ғасырға жуық еңбек еткен маман жинаған коллекция елдің минералдық-шикізат байлығын ғана емес, Қазақстан жері­нің геологиялық тарихын да танытады. Кейбір үлгілер бүгінде өндірісі тоқтаған кен орындарынан алынған. Мұндай минералдарды қайтадан дәл сол күйінде табу мүмкін емес. Сондықтан мұнда сақталған әрбір тас – белгілі бір кезеңнің қайталанбас куәгері. Айтпақ­шы, музейде кейбір минералдар са­ты­лымға да қойылған. Келушілер ұнаған табиғи тасты таңдап, алып кете алады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ