Шымкентте тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қаланы абаттандыруға деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған «Таза қала» қалалық экологиялық акция-конкурсы басталды.
«Таза қала» конкурсы басталды
105
оқылды

Жоба Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі тарапынан жүзеге асырылуда.

2026 жылдың маусым-желтоқсан айлары ара­лығында өтетін акция қаланың барлық бес ау­да­нын қамтиды. Байқау екі кезеңнен – аудандық жә­не қалалық кезеңнен тұрады. Аудандық ке­зеңде «Үздік аула», «Үздік көше» және «Үздік көп­­­­қабатты тұрғын үй» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады. Әр аудандағы әр но­ми­нация жеңімпазына 300 мың теңгеден ақ­ша­лай сыйақы беріледі.

Аудандық кезеңнің үздіктері қалалық кезеңде «Үздік аула сыпырушысы», «Үздік аула», «Үздік кө­ше» және «Үздік көпқабатты тұрғын үй» номи­на­циялары бойынша бақ сынайды. Қалалық ке­зең жеңімпаздарына I орынға – 500 мың, II орын­ға – 250 мың, III орынға 125 мың теңге кө­ле­­­­­мінде сыйақы қарастырылған.

Акцияның басты ерекшелігі – жүлде қара­жа­ты­ның аумақтарды одан әрі абаттандыруға ба­ғыт­талуы. Жеңімпаздар қаражатты көгалдандыру, гүл­зарлар жасау, қоқыс жәшіктерін орнату және бас­қа да экологиялық бастамаларға жұмсайды. Бай­қаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін ар­найы комиссия мен аудандық жұмыс топтары құрылып, атқарылған жұмыстарға мониторинг жүргізіледі.

Сонымен қатар акция аясында тұрғындардың эко­логиялық мәдениетін арттыруға бағытталған ақ­­­параттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Та­қырыптық бейнероликтер мен материалдар бұ­қаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік же­лілерде жарияланып, қаладағы LED-экран­дарда әлеуметтік жарнамалар көрсетіледі.

«Таза қала» акциясы тұрғындарды туған қа­ланың тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға үн­дей­тін қоғамдық бастама ретінде Шымкенттің қо­л­айлы әрі таза қалалық ортасын қалып­тас­тыру­ға бағытталған.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы