Ауылдың әлеуетін арттырып, елді мекендердегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында Абай облысында қолға алынған «Қаладан – ауылға» жобасы өз нәтижесін бере бастады.
Қаладан ауылға: жаңа көштің қарқыны
117
оқылды

Өңір басшысы Берік Уәлидің бастамасымен бұдан алты ай бұрын басталған жобаға қызығушылық танытушылар қатары күн санап артып келеді. Бұған ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтардың белсенділігі мен қаладағы тұрмыс шығынының өсуі де әсер етіп отыр.

Алты айдың ішінде облыс ау­ма­ғын­дағы ауылдарға жалпы саны 1 241 адамнан тұратын 395 отбасы қо­ныс аударған. Оның 508-і Семей қа­ласынан болса, 733 адам еліміздің өз­ге өңірлерінен келген. Бұл көр­сет­кіш жобаның тек жергілікті тұр­ғындар арасында ғана емес, бас­қа аймақтардағы азаматтар та­ра­пынан да қолдау тауып отыр­ға­нын көрсетеді.

Жобаның қарқыны соңғы ап­тада тіпті үдей түскен. Бір аптаның ішінде облыс ауыл­да­ры­на 42 отбасы қоныстанды. Бұл – жоба басталғалы бері бір аптадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Бұған дейін ауылдарға аптасына орта есеп­пен 10-15 отбасы көшіп келіп отыр­ған.

Бұрын ауыл тұрғындары жұмыс пен тұрмыс жағдайын жақсарту үшін қалаға қарай ағылса, қазір бұл үр­дістің кері бағыт ала бастағанын аң­ғаруға болады. Бұған ауыл ша­руа­шылығына деген қызы­ғу­шы­лық­тың артуы, жергілікті жерде кә­сіп бастауға мүмкіндік мол болуы жә­не азық-түлік бағасының өсуі се­беп.

Әсіресе ет өнімдерінің қым­бат­тауы азаматтардың мал шаруа­шы­лы­ғына бет бұруына түрткі болып отыр. Қалада мал ұстап, шаруа­шы­лық жүргізу мүмкіндігі шектеулі бол­са, ауылдық жерде бұл бағытты кәсіпке айналдыруға мүмкіндік бар. Сондықтан кейбір отбасылар ауыл­ға көшуді баспана мәселесін ше­шудің ғана емес, табыс көзін қа­лыптастырудың да тиімді жолы ре­тінде қарастыра бастаған.

Осы тұрғыдан алғанда, «Қа­ла­дан – ауылға» жобасы ауылды тек қо­ныстанатын мекен емес, жаңа мүм­кіндік пен кәсіп бастауға қо­лай­лы орта ретінде танытуға ықпал етіп отыр.

Өңір әкімдігінің мәліме­тін­ше, жыл соңына дейін Абай об­лысына 500 отбасын көшіру мін­деті қойылған. Қазір бұл жоспардың 79 пайызы орындалды. Әр ауданға 50 отбасынан қабылдау межесі бел­гілен­ген. Бұл көрсеткіш қала және ау­дан әкімдерінің қызметін рей­тинг­тік бағалау жүйесіне де ен­гі­зіл­ген.

Мұндай талап жобаның жүйелі түр­де жүзеге асуына серпін беріп отыр. Яғни елді мекендерге жаңа тұр­ғындарды қабылдау, оларды ор­наластыру, еңбекке тарту және ауыл­дың әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық өміріне бейімдеу мәселелері жер­гілікті атқарушы органдардың бас­ты міндеттерінің біріне айнал­ды.

Жаңа қоныстанушылардың ауылға орнығуы елді ме­кен­дердегі еңбек ресурсын көбей­тіп қана қоймай, әлеуметтік ны­сан­дардың жұмысын тұрақ­тандыруға да оң ықпал етуі мүмкін. Әсіресе тұр­ғын саны азайып, еңбекке қабі­лет­ті азаматтар сыртқа көшкен ауыл­дар үшін бұл – демографиялық тұрғыдан маңызды қадам.

«Қаладан – ауылға» жобасының бас­тауы биылғы 20 ақпанда Семей қа­ласында өткен облыс әкімінің бас­тамасымен ұйымдастырылған өңір­лік форумда жарияланған еді. Сол жиында жаңа жобаның негізгі бағыттары таныстырылды.

Басты мақсат – қала тұр­ғын­дарының ауылға қоныс аударуына жағдай жасап, елді ме­кен­дердің экономикалық әлеуетін кү­шейту. Жоба аясында ауылға көш­кісі келетін азаматтарға ақ­па­рат­тық және ұйымдастырушылық қол­дау көрсету, оларды жұмысқа жә­не кәсіпке тарту мәселелеріне бас­ымдық беріліп отыр.

Жалпы, ауылға жаңа тұр­ғын­дар­дың келуі тек статистикалық көр­сеткіш емес. Бұл – елді ме­кен­дердің тынысын жаңартуға мүм­кін­дік беретін маңызды үдеріс. Ауылға жас отбасылардың қоныстануы мек­теп, балабақша, мәдениет және спорт нысандарына сұранысты арт­тырып, шағын бизнестің да­муына жол ашуы ықтимал. Бір кез­дері ауылдан қалаға қарай ба­ғыт­талған көші-қон енді кері ба­ғыт­қа бет алып келеді. Абай обл­ы­сын­дағы «Қаладан – ауылға» жо­ба­сы осы үрдістің нақты мысалына ай­налып отыр. Ал алты айдың ішін­де 395 отбасының ауылды таң­дауы – ауыл өміріне деген көз­қарас­тың өзгеріп келе жатқанын аң­ғартатын маңызды көрсеткіш.

Ең бастысы, ауылға келген әр от­басы жаңа ортаға бейімделіп қана қой­май, сол елді мекеннің дамуына үлес қосатын белсенді тұрғынға ай­­­налуға тиіс. Сонда қала мен ауыл ара­сындағы көші-қон ғана емес, ауыл­дың экономикалық тынысы да жаңара түспек.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ, 

Абай облысы