Шаһарда бұл бағыттағы бақылау жүйелі түрде жүргізіліп, еңбек қатынастарындағы заңбұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алуға да басымдық берілуде. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте еңбек заңнамасының сақталуы мен жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Жиында еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау, жалақы бойынша берешекті өтеу және жұмыс берушілердің заң талаптарын орындауы жөніндегі жұмыстардың нәтижеі сараланды.
Еңбек қауіпсіздігі – өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алумен ғана шектелмейтін кең ұғым. Ол жұмысшының қауіпсіз еңбек жағдайына, уақытылы әрі толық жалақы алуына, заңда белгіленген еңбек режимі мен демалыс талаптарының сақталуына, әлеуметтік кепілдіктермен қамтылуына және өзінің құқықтарын еркін қорғауына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, еңбек заңнамасының орындалуын бақылау жұмысшының өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды тетігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қалалық департаментінің басшысы Жеңіс Мақұлбаевтың айтуынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында еңбек құқықтарының сақталуына қатысты 1 829 өтініш түскен. Бұл көрсеткіш еңбек қатынастары саласындағы мәселелердің өзектілігін аңғартады. Азаматтардың өтініштері бойынша тиісті шаралар қабылданып, 665 жұмысшының бұзылған құқығы қалпына келтірілген. Есепті кезеңде 238 тексеру жүргізіліп, еңбек заңнамасын бұзудың 226 фактісі анықталған.
Бақылау нәтижесінде жұмысшылардың пайдасына 754,3 миллион теңге көлеміндегі жалақы берешегі өндіріліп, 2 824 адамның құқығы қалпына келтірілген. Бұл еңбек инспекциясы жұмысының тек бақылау сипатында емес, нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді. Өйткені еңбек құқығының бұзылуы көбіне қызметкердің әлеуметтік жағдайына, отбасының тұрмысына және азаматтың өз еңбегіне деген сеніміне тікелей әсер етеді.
Жалақыны уақытылы төлеу де – еңбек қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі. Қызметкер өз еңбегінің ақысын дер кезінде алғанда ғана әлеуметтік тұрақтылық қамтамасыз етіледі. Сондықтан жұмыс берушілердің еңбек шарты талаптарын сақтауына, жалақыны кешіктірмеуіне және қызметкерлер алдындағы міндеттемелерін толық орындауына қойылатын талап күшейе түспек.
ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең алдымен жұмыс берушінің тікелей міндеті. Қызметкердің жұмыс орнында қауіпсіздік талаптарымен таныстырылуы, қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі, еңбек жағдайының белгіленген нормативтерге сәйкес болуы және өндірістік қауіптердің алдын алу кез келген кәсіпорын үшін негізгі талап. Бұл талаптар әсіресе құрылыс, өндіріс, көлік, коммуналдық қызмет және басқа да тәуекелі жоғары салаларда аса маңызды. Жұмыс процесіндегі кез келген немқұрайлылық адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Сондықтан еңбек қауіпсіздігі мәселесіне тек жазатайым оқиға болған кезде ғана назар аудару жеткіліксіз. Қауіптің алдын алу, қызметкерлерді тұрақты оқыту, қауіпсіздік техникасының талаптарын түсіндіру, жұмыс орындарын тексеру және анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою – күнделікті бақылауды қажет ететін жүйелі жұмыс. Шымкентте еңбек құқықтарының сақталуына байланысты азаматтардың өтініштері мен тексеру нәтижелері осы мәселеге тұрақты мониторинг жүргізудің қажеттігін көрсетеді. Бұл ретте еңбек инспекциясының міндеті – заңбұзушылықты анықтап қана қоймай, жұмыс берушілерге еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру және оның алдын алу мәдениетін қалыптастыру.
Жазғы демалыс кезінде еңбек нарығына уақытша араласатын жасөспірімдердің құқықтарын қорғау да – маңызды бағыттардың бірі. Осыған байланысты қала аумағында полиция қызметкерлерінің қатысуымен профилактикалық рейдтер жүргізілуде. Іс-шаралар барысында 72 кәсіпкерлік субъектісі қамтылып, кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын бұзудың 8 фактісі анықталған. Жасөспірімдердің еңбекке араласуы олардың алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтауына мүмкіндік бергенімен, бұл процесс заң талаптарына толық сәйкес ұйымдастырылуға тиіс. Кәмелетке толмағандардың жұмыс уақыты, атқаратын қызметінің сипаты, еңбек жағдайы және қауіпсіздігі заңмен ерекше қорғалады. Сондықтан жасөспірімдерді жұмысқа тартатын кәсіпкерлердің жауапкершілігі де жоғары. Бала еңбегін заңсыз пайдалану немесе оның денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін жұмысқа тарту – жол беруге болмайтын әрекет.
Шымкенттегі еңбек қатынастары саласындағы ахуалға қатысты көрсеткіштер жұмысшы құқығын қорғаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бір ғана жалақы берешегінің өтелуі немесе заңсыз еңбек жағдайының жойылуы – нақты адамның өміріне оң әсер ететін шешім. Сондықтан еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл жұмыс беруші, қызметкер және қоғам болып атқаратын ортақ жұмыс.
Жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастырып, заң талаптарын орындауы қажет. Қызметкер өз құқықтары мен міндеттерін білуге тиіс. Ал мемлекеттік органдар осы талаптардың орындалуына тиімді бақылау жүргізіп, құқықбұзушылықтың алдын алуы керек.
Аппараттық кеңесті қорытындылаған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты басшыларға еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтуді, жұмысшылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен бірге жол жұмыстарының сапасы мен мердігерлердің кепілдік міндеттемелерінің орындалуын қатаң бақылау, рұқсат етілмеген саудаға тосқауыл қою жөніндегі шараларды жүйелі түрде жүргізу міндеттелді.
БАСҚА ДА ТҮЙТКІЛ БАР
Аппараттық кеңесте еңбек қауіпсіздігімен қатар қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін жол қауіпсіздігі мәселесі де қаралды. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 747,7 шақырымды құрайтын 360 көше-жол желісі бойынша кепілдік міндеттемелер қолданылуда. Жол құрылысы аяқталғаннан кейін оның сапасы мен белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылау – қала инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Осы мақсатта жолдардың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді.
2026 жылы жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша мердігер ұйымдарға анықталған ақауларды жою жөнінде 26 ресми талап жолданған. Оның 25 нысанында қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Бір нысан бойынша мәселе сот тәртібімен қаралуда. Бұдан бөлек, 2025 жылы жолдарды күтіп-ұстау жұмыстары аясында 140 көшеге тегістеу қабаты төселген. Кейін олардың 11-інде ақаулар анықталған. Қазір 6 көшеде қалпына келтіру жұмыстары аяқталса, 5 көшеде тиісті жұмыстар жалғасуда.
Бұл жерде мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелерін орындауы тек жол сапасына қатысты мәселе емес. Жолдың сапалы болуы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне, көлік қозғалысының тұрақтылығына және қалалық ортаның жайлылығына тікелей ықпал ететін фактор.
Кеңесте рұқсат етілмеген сауда мен заңсыз орнатылған нысандарды ретке келтіру мәселесі де талқыланды. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері аудан әкімдіктерімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде 102 заңсыз орнатылған дүңгіршек анықталған. Олардың иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, барлық нысан демонтаждалған. Сонымен қатар белгіленбеген орындарда сауда жасаудың 7 634 фактісі анықталған. Оның 6 964 жағдайы бойынша ескерту берілсе, 654 факті бойынша жалпы сомасы 17,8 миллион теңге әкімшілік айыппұл салынған. Рұқсат етілмеген сауданың негізгі ошақтары ретінде «Қырғы базар» және «Авто-Нұр» базарларының маңындағы аумақтар қалып отыр. Бұл жерлерде заңсыз саудамен айналысатын 60 адам анықталған.
Ретсіз сауда қаланың санитарлық жағдайына ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікке, жаяу жүргіншілер қозғалысына және кәсіпкерлердің заңды жұмыс істеуіне де әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау жұмыстары тұрақты негізде жүргізілмек.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
