Алайда зайырлылықтың табиғаты мүлде бөлек. Оның өзегі – адамның ар-ожданын таптамау, мемлекет тарапынан қоғамға ортақ наным-сенімді таңбау. Бұл – еркіндік пен жауапкершіліктің, әділет пен адамгершіліктің, құқық пен құрметтің арасын жалғайтын өркениетті қағида. Қазақстанның жаңа Ата заңында осы ұстаным бұрынғыдан да айқын әрі салмақты сипат алды.
2026 жылғы 15 наурызда халықтық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция жаңарған кіріспеден, 11 бөлімнен және 96 баптан тұрады. Оның преамбуласында елдің бірлігі мен ынтымағымен қатар, этносаралық және конфессияаралық татулықтың конституциялық құндылық ретінде бекітілуі – мемлекеттің рухани ұстындарға сүйенетінінің жарқын көрінісі.
Өйткені Қазақстан секілді әр алуан мәдениет пен түрлі діни дәстүр тоғысқан ел үшін қоғамдық тұрақтылық – мемлекеттіліктің мызғымас іргетасы. Әртүрлі сенім иелерін бір-бірінен алыстатпай, арасына от тастамай, бәрін ортақ заң мен ортақ Отан аясында ұйыстыру мемлекеттік саясаттың кемелдігін танытады.
Саясаттанушылардың түсіндіруінше, зайырлылық дегеніміз қоғамды дінсіздендіру, діннен ажырату емес. Бұл – әр адамның наным-сеніміне еркіндік беріп, сол азаттықты өзгенің құқығы мен елдің ортақ заңына құрметпен тығыз сабақтастыру. Мемлекет үшін маңыздысы – адамның қандай дінді ұстанатыны емес, оның Конституция мен заң талаптарын сақтап, өзгенің ар-ожданы мен таңдауына құрметпен қарауы.
Осы тұрғыдан алғанда, Ата заңдағы зайырлылық қағидасы Қазақстанның қоғамдық келісім моделін жаңа деңгейге көтереді. Мұнда сенім мен заң бір-біріне қарсы қойылмайды: сенім – адамның жүрегіндегі құндылық, ал Конституция – барша азаматты біріктіретін ортақ құқықтық темірқазық.
Жаңа Конституцияның мәні де осында: ол әр азаматтың сенімін құрметтей отырып, мемлекеттің тұтастығын ортақ заңмен бекітеді. Бұл бүгінгі Қазақстан үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін де аса маңызды бағдар. Өйткені тарихы терең, болашағы биік мемлекет өз азаматтарының жүрегіндегі әртүрлі сенімді бір-біріне қарсы қоймай, барлығын бір шаңырақ астында тоғыстыра білгенде ғана шын мәнінде мығым елге айналады.
Келісімнің конституциялық кепілі
Діни саланы реттейтін заңнамада бұрыннан қолданылып келген бірқатар қағидат енді конституциялық тұрғыда бекем орнығып, жаңа мазмұнмен айқындала түсті. Атап айтқанда, мемлекеттің зайырлы сипаты, заң алдында баршаның теңдігі және діннің мемлекеттен бөліну қағидаты орнықты. Конфессияаралық келісім қоғамның маңызды құндылықтарының бірі ретінде көрініс тапты. Сонымен бірге білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты да конституциялық мәртебеге ие болды. Бұл ретте діни білім беретін ұйымдар бұл қағидаттан тыс қарастырылады.
Осы нормалардың Қазақстан үшін мәні айрықша. Себебі ел тұрақтылығының түп-тамыры әртүрлі сенім мен көзқарастағы адамдардың бейбіт қатар өмір сүруінде, бір-біріне деген өзара құрметі мен сенімінде болса керек. Мәдениет және ақпарат министрлігі жуырда республика бойынша тіркелген діни бірлестіктердің, олардың филиалдарының нақтыланған саны туралы есебін жариялады.
Ведомствоның ресми мәліметіне жүгінсек, 2026 жылғы ІІ тоқсан қорытындысында Қазақстанда Ислам дініндегі діни бірлестіктердің саны – 2 935-ті құраған. Православ дініне – 348, Елуіншілер шіркеуіне – 218, Евангелиялық христиан-баптистер шіркеуінің одағына – 192, Пресвитериандық шіркеуге – 95, Католиктерге – 93, Ехоба куәгерлеріне – 52, Жетінші күн адвентистеріне – 41, Жаңа апостолдық шіркеуге – 23, Евангелия-лютерандық шіркеуге – 22, Кришна санасы қоғамына – 13, Методистік шіркеуіне – 11, Иудейлерге – 7, Бахай қауымына – 6, Меннониттерге – 4, Буддистерге – 2, Соңғы күн әулие Иисус Христос шіркеуіне (мормондар) – 2, Бірігу шіркеуіне (мунниттер) 1 бірлестік тиесілі.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда қазіргі кезде жалпы саны 18 діни бірлестік тіркелген және жұмысын заң аясында жүзеге асырып келеді. Олардың және филиалдарының жалпы саны 4 065-ке жетті. Бұған дейінгі ресми деректе 2025 жылғы І тоқсанда 18 конфессияны қамтитын 4 007 діни бірлестік тіркелгені айтылып еді. Яғни содан бері қатары біршама өсті.
Сенім мен заңның таразысы
Жаңа Конституцияның 1-бабы Қазақстанды «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» деп айқындайды. Бұл – бұрыннан белгілі конституциялық құрылымның сақталуы ғана емес, мазмұны кейінгі нормалармен тереңдетілген іргелі қағида. 3-бапта Қазақстан қызметінің негізгі қағидаттарының қатарына адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту және қоғамдық диалогты дамыту енгізілген.
Ең маңызды жаңалық – 7-баптың тікелей «Дін мемлекеттен бөлек» деп басталуы. Бұған дейін зайырлылық Конституцияның 1-бабындағы анықтама арқылы ғана бекітілсе, енді дін мен мемлекеттің арақатынасы жеке конституциялық нормаға айналды.
7-баптың екінші тармағында: «Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін», – деп қадап айтылған. Бұл – сенімге шектеу қою емес, құқық пен сенімнің шекарасын заңмен айқындау болса керек. Себебі еркіндік –шексіздік емес, өзгенің еркіндігі басталған жерде өз өлшемін табатын жауапкершілік.
Жаңа Конституция зайырлылықты күшейте отырып, ар-ождан бостандығын әлсіретпейді. Керісінше, 25-бапта әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы нақты бекітіледі. Оны жүзеге асыру жалпыадамзаттық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерді шектемеуге тиіс екені көрсетілген. Бұл жерде маңызды бір құқықтық тепе-теңдік бар: Қазақстан өз аумағында тұратын кез келген тұрғынға: «мына дінді ғана ұстан!» немесе «атеист бол, дінге сенбе!» – деп ол үшін таңдау жасай алмайды. Сонымен бір мезгілде ешбір діни ұстаным заңнан жоғары тұра алмайды. Бір топ азамат жиналып: «бұдан былай Қазақстанда тұратындар тек мына дінге ғана сенсін!» – деп мемлекет пен қоғамға талап қоя алмайды. Әр азаматтың сенімі – оның ішкі әлемі, тек қоғамдық тәртіп – баршаға ортақ тұғыр.
Осы қисын-логиканы Ата заңның 6-бабы толықтырады: онда идеологиялық және саяси әралуандылық мойындалады, қоғамдық бірлестіктердің заң алдындағы теңдігі бекітіледі. Ең бастысы, діни алауыздықты қоздыруға бағытталған ұйымдардың қызметіне жол берілмейді. Бұған қоса, Конституцияда мемлекет пен қоғамдық бірлестіктердің бір-бірінің қызметіне заңсыз араласуына жол берілмейтіні нықталған.
Зайырлылықтың ең сезімтал саласының бірі – білім мен тәрбие. Жаңа Конституцияның 33-бабының 5-тармағында: «Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие», – деп нақты жазылған. Осы арқылы елімізде балабақшадан бастап, жоғарғы оқу орындарына дейінгі білім беру және тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты конституциялық деңгейде бекітілді. Бірақ бұл ереже рухани, яғни діни білім беру ұйымдарына қолданылмайды. Олар бөлек реттеледі.
Сонымен қатар 4-тармағына сәйкес, «мемлекет жалпыға мiндеттi білім беру стандарттарын белгiлейдi. Барлық оқу орнының қызметi осы стандарттарға сәйкес келуге тиіс». Мұның астарында өте қарапайым қағида жатыр: баланың сапалы білім алуға құқығы оның отбасының діни сеніміне байланысты мың сан құбылмауға тиіс. Мектеп – әртүрлі көзқарас тоғысатын, бірақ білімнің деңгейі ортақ болатын кеңістік. Ол зайырлылық пен діншілдіктің тартыс алаңына айналмайды: ғылым шамы сенімнің шырағданын өшірмейді, қоғамдық үйлесімде қатар өрбиді.
Қазақстанда 2025 жылы ар-ождан және діни наным-сенім бостандығының сақталуын бағалаудың ұлттық индикаторлары бекітілді. Ол мемлекет пен конфессия арасындағы және конфессияаралық қатынастарды, сондай-ақ интернеттегі діни белсенділік көрсеткіштерін қамтыды. Индикаторларды әзірлеуде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының ұсынымдары және құқық қорғау ұйымдарының пікірі ескерілген.
Қорыта айтқанда, зайырлылық – ортақ үйдің тәртібі. «Жаман үйді қонағы билейді» дейді қазақ. Ата-баба құндылықтарымен, өз өмір салтымен, әдет-ғұрпымен, ұлттың тыйым-түсініктерімен ғасырдан ғасырға аман жетіп келе жатқан қазақ еліне әр дін келіп, өз жарғысын таңа алмауға тиіс. Ата заң осы қағидаттың қорғанында тұрады.
Жаңа Конституцияның 1, 6, 7, 25, 33 және 41-баптары бір-бірімен сабақтасып, қабыса келе, Қазақстан атты зайырлы мемлекеттің тұтас құқықтық моделін құрады. Мемлекетіміз зайырлы. Дін мемлекеттен бөлек дамиды. Әр адам ар-ождан бостандығына ие. Еш азамат сеніміне қарай кемсітілмеуге тиіс.
Айхан ШӘРІП
