Сарапшылардың болжамынша, қазір Алматыдағы гидрометеорологиялық жағдай тұрақты. Алайда барлық қауіпті учаске мен су нысандары табиғат сақшыларының назарына алынған. Олар жағдайдың құбылуына қарай мониторинг қарқыны күшейтіліп, қажетті алдын алу шаралары жедел түрде қабылданатынын мәлімдеп отыр. Бұл туралы газетімізге «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық басқармасы Мониторинг және құлақтандыру бөлімінің басшысы Айдана Дайырбаева айтып берді.
– Биыл Алматы қаласы мен оған іргелес таулы аумақтардағы сел жағдайы көпжылдық орташа көрсеткіштер шегінде қалыптасып отыр. Дегенмен шілде айының басында ауа температурасының жоғарылауы, қар мен мұздықтардың қарқынды еруі және кейіннен жауын-шашынның түсуі жағдайды біршама күрделендірді. Соның салдарынан шілде айының алғашқы онкүндігінде Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағындағы бірқатар өзенде су деңгейі мен су шығынының жоғарылауы байқалды, – деді ол.

Тұрғындар мен туристер үшін сақтықты қажет ететін негізгі кезең – маусым, шілде және тамыз айлары. Бірақ сел қаупін тек белгілі бір айлармен шектеу мүмкін емес. Айдана Дайырбаева мұны табиғи құбылыстың жыл сайын әрқалай қалыптасуымен байланыстырды.
– Алматының таулы аумақтарында сел қаупі қар мен мұздықтардың белсенді еруіне, сондай-ақ мореналық көлдердің сумен толу кезеңіне байланысты қалыптасады. Осыған байланыс- ты қауіпті кезең шартты түрде мамыр айының екінші жартысынан 15 қыркүйекке дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезең ішінде қауіп деңгейі ауа райы жағдайына қарай өзгеріп отырады. Әсіресе ауа температурасы жоғары болғанда, қар мен мұздықтардың еруі күшейгенде және нөсерлі жа-уын-шашын түскен уақытта сел қаупі артады. Сондықтан таулы аймақтарға шығатын азаматтарға ауа райы болжамы мен ресми ескертулерге назар аударып, белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауды ұсынамыз, – деді маман.
Шаһарда сел қаупі бар учаскелердің паспорты жыл сайын жаңартылып отырады. Мамандардың сөзінше, табиғи жағдайлардың өзгеруіне байланысты нақтылау жұмысы қоса жүргізіледі. Ресми дерекке сәйкес, бүгінде Алматы қаласы мен оған іргелес аумақтарда 80 сел қаупі бар учаске анықталған. Аталған учаскелер Ақсай, Қарғалы, Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендерінің алаптарында шоғырланған. Осы ретте Айдана Дайырбаева ерекше бақылауға алынған басты қауіпті аудандарды атады.
– Алматы қаласының аумағында сел қаупі негізінен қаланың таулы және тау бөктеріндегі аудандарды қамтиды. Дәлірек айтсақ, Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандарының таулы учаскелері қазір ерекше бақылауда. Бұл аумақтарда өзен арналарының, сел қаупі бар учаскелердің, гидротехникалық және селден қорғау құрылыстарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіледі, – деді А.Дайырбаева.

Одан өзге жауаптылар сел қаупін сейілту үшін мореналық көлдерде алдын алу жұмысы жүргізілетінін атап өтті. Мекеме қызметкерлерінің сөзінше, бұл жұмыс барысындағы ең күрделі міндеттердің бірі. Биыл осындай 6 көлде кешенді инженерлік-профилактикалық шаралар қарастырылған. Оның қатарына Ақсай бассейніндегі №8, №9, №10 көлдері, Кіші Алматы бассейніндегі №6 көлі және Үлкен Алматы бассейніндегі №10, №13-бис көлдері кіреді.
«Қазселденқорғау» ММ өкілдерінің мәліметінше, қазіргі кезеңде сел қаупі бар учаскелерге тәулік бойы 20 бақылау бекетінен мониторинг жүргізіледі. Осыған сәйкес, олар өзендердегі су деңгейі мен су шығынын, ауа райы жағдайын, жауын-шашын мөлшерін, қар мен мұздықтардың еру қарқыны мен таулы аумақтардағы жалпы гидрологиялық жағдайды қадағалап отырғанын жеткізді. Бақылау кезінде автоматтандырылған мониторинг жүйелері пайдаланылады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы
