Биыл 18 тамызда Бейжің қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев пен Қытай ғылым академиясының президенті Хоу Цзяньгоның кездесуі өтті. Тараптар академиялық өзара байланыстан нақты бірлескен ғылыми-технологиялық жобаларды іске асыруға көшу мәселесін талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың төрт басым бағыты айқындалды.
Ғылыми серіктестіктің жаңа серпіні
142
оқылды

Оның ең әуелгісі – Қытай –Орталық Азия жерсеріктік желісін құру. Бірінші бағыт ғарыштық мониторинг жүргізу үшін бір­лескен жерсерік инфрақұры­лы­мын құруға байланысты. Жоба бес жерсерікті, оның ішінде өсімді­к­тердің, топырақтың, судың және минералды объектілердің жай-күйін егжей-тегжейлі анықтауға мүмкіндік беретін кеңістіктік ажы­ратымдылығы жоғары аппа­раттарды, гиперспектрлік жерсе­ріктерді, сондай-ақ бұлттылық пен тәулік уақытына қарамастан бақылау жүргізе алатын радиоло­кациялық жерсеріктерді ұшыруды көздейді.

Жобаның практикалық мін­деті – ғарыштық суреттерді алу­дан бастап толыққанды циклге: деректерді жинау, оларды өңдеу, ғы­лыми талдау, болжау және мем­лекеттік органдар мен экономика салалары үшін шешімдер дайын­дауға көшу. Қолданудың негізгі салалары – су ресурстары мен мұздықтарға, ауыл шаруашылығы алқаптары мен жайылымдарға, су тасқынына, құрғақшылыққа, табиғи өрттерге, жердің тозуына және басқа да табиғи-климаттық тәуекелдерге мониторинг жүргізу.

Қазақстандық тарап Қытай ғылым академиясының бейінді институттарымен жерсеріктерді әзірлеу, ұшыру, пайдалану және алынатын деректерді іс жүзінде қолдану бойынша ынтымақтас­тықты пысықтауда. Жерсеріктік желіні жасанды интеллект құралдарымен ұштастырудың маңызы зор, бұл мониторингтен болжау мен модельдеуге көшуге мүмкіндік береді.

Екінші бағыт – ғылымға ар­налған жасанды интеллект (AI for Science) және DeepBas платфор­масын дамыту. Кездесудің басты тақырыбы ғылым үшін жасанды интеллектіні AI for Science-ті да­мыту болды. Бұл тек тілдік мо­дель­дерді пайдалану ғана емес, жасанды интеллектіні тікелей ғылыми циклде қолдану: ғылыми әдебиеттер мен үлкен деректер массивтерін талдау, заңды­лық­тарды анықтау, гипотезаларды тұжырымдау және тексеру, күрделі процестерді модельдеу, экспери­менттерді жоспарлау және нәти­желерді болжау.

Ұлттық ғылым академиясы осы бағыттың қазақстандық негізі ретінде кеңістіктік-уақыттық жа­сан­ды интеллектінің DeepBas платформасын дамытуда. Оның міндеті – күрделі пәнаралық мә­селелерді шешу үшін ғылыми білімді, жерсеріктік және геоа­қ­параттық деректерді, бақылау нәтижелері мен маманданды­рылған модельдерді бірыңғай ортаға біріктіру.

Келіссөздер барысында Қытай ғылым академиясының бейінді институттарымен Қазақстанда «Паньши» іргелі ғылыми моделін және «Цзыдун Тайчу» мультимо­дальді моделін бейімдеу, сондай-ақ оларды DeepBas-пен біріктіру бойынша ынтымақтастық талқы­ланды. Бұл дайын шешімдерді жай ғана көшіру емес, мамандан­дырылған ғылыми модельдер мен ЖИ-агенттерін бірлесіп жасау үшін оларды қазақстандық ғылы­ми деректерге, тілдік ортаға және салалық міндеттерге бейімдеу.

Практикалық қолдану бағыт­тары су ресурстарын, ауыл шаруа­шылығын және геологияны қам­тиды. Яғни су тасқынын, құр­ғақ­шылықты және су тапшы­лы­ғын бағалау үшін жерсеріктік, гидрологиялық және метеороло­гия­лық деректерді; өнімділікті болжау үшін топырақ, егіс және ауа райы туралы деректерді; перс­пективалық кен орындарын іздеу үшін геологиялық, геофизикалық, геохимиялық және аэроғарыштық деректерді бірлесіп талдауды ұйымдастырады.

Хоу Цзяньго геологиялық бол­жау мен іздеудің, соның ішінде аса маңызды минералдық ресурс­тарды барлаудың дәлдігін арттыру үшін ЖИ және кешенді деректерді қолданатын «ақылды геология» бағытын дамытуды жеке ұсынды.

Тағы бір маңызды бағыт – модельдерді оқыту және верифи­ка­циялау, соның ішінде тарихи-мәдени мұра материалдарын қоса алғанда, қазақ және орыс тілде­рін­де сапалы ғылыми корпустар мен білім базаларын құру. Бұл өзіміздің ұлттық ғылыми білім базамызды дамытуға және ЖИ-ді тек жаратылыстану ғылымда­рын­да ғана емес, сонымен қатар гуманитарлық зерттеулерде де қолдануға мүмкіндік береді.

AI for Science саласындағы ынтымақтастық, сонымен қатар бірлескен зерттеу топтарын құруды, ғалымдармен алмасуды және шынайы ғылыми жобаларда жаңа ЖИ-құралдарын апробация­лауды көздейді.

Үшінші бағыт – ядролық фи­зика және энергетика. Тараптар ядролық физика, материалтану, қа­уіпсіздік және жаңа энергети­калық технологиялар саласын­дағы бірлескен зерттеулерді тал­қылады. Дәстүрлі ірі энергия блок­тарымен салыстырғанда қуа­ты төмен, ықшам ядролық энер­гетикалық қондырғылар ерек­ше қызығушылық тудырған. Қазақстан үшін мұндай техноло­гияларды ғылыми және инженер­лік сүйемелдеу, модельдеу, конс­трукциялық материалдарды, се­німділік пен қауіпсіздікті зерт­теу перспективалы болып сана­лады.

Тағы бір бағыт – қарқынды нейтрондық және радиациялық әсер кезінде және жоғары температурада ұзақ уақыт жұмыс істей алатын радиацияға төзімді материалдар. Мұндай әзірлемелер жаңа буын реакторлары мен басқа да жоғары технологиялық қон­дырғылар үшін маңызды.

Сондай-ақ ядролық отынның перспективалық түрлері талқы­лан­ды. TRISO – жоғары темпе­ратураға төзімді микроотын, мұн­да ядролық материал бөлшектері бірнеше қорғаныш керамикалық қабаттарға салынған, бұл олардың жоғары температурадағы тұрақты­лығы мен қауіпсіздігін арттырады. MOX – ядролық отын циклінің ресурстарын толық пайдалануға мүмкіндік беретін уран мен плу­тоний оксидтеріне негізделген ара­лас оксидті отын. Қосымша ба­ғыттар ядролық және радиа­циялық қауіпсіздікті, радиоэко­ло­гияны, изотоптық технология­ларды және ядролық әдістерді медицинада, өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығында қолда­нуды қамтиды.

Практикалық іске асыру үшін нақты зерттеу міндеттері бар, экс­перименттер жүргізетін, маман­дармен алмасатын және кадрлар даярлайтын Қазақстан мен Қы­тайдың бейінді институттарының бірлескен ғылыми топтарын құру ұсынылды.

Төртінші басымдық – Alatau City бойынша ғылыми-техно­логиялық серіктестік. Қазақстан қытайлық инновациялық орта­лық­тардың, ең алдымен, ғылым, инженерия, технологиялық ком­па­ниялар, инвестициялар мен өнеркәсіп бірыңғай жүйеге бірік­тірілген Шэньчжэньнің тәжірибе­сін пайдалануға мүдделі.

Қытай ғылым академиясының институттары мен сарапшыларын ғылыми-технологиялық бол­жау­ға, перспективалық жобаларды сараптауға, технологиялық ма­мандануларды қалыптастыруға және бірлескен зерттеу әрі инже­нерлік орталықтарды дамытуға тарту ұсынылады. Alatau City аума­ғында ҚР ҰҒА мен Қытай ғылым академиясының бірлескен ғылыми-инновациялық орталы­ғын құру мүмкіндігі жеке қаралды.

Мұндай орталық жасанды интеллект, ғарыш технология­ла­ры, жаңа материалдар, энерге­тика, робот техникасы, цифрлық егіздер және басқа да перспек­тивалық бағыттардағы бірлескен жобалар үшін алаңға айналып, ғылыми идея мен прототиптен бастап пилоттық жобалауға, инженерлік пысықтауға және коммерцияландыруға дейінгі жолды қамтамасыз ете алады.

Ынтымақтастықтың маңызды ортақ бағыттарының бірі ғылыми кадрларды даярлау болмақ. Хоу Цзяньго Қазақстан ғалымдары үшін өзара іс-қимылдың басым бағыттары бойынша Қытай ғы­лым академиясының докторлық және постдокторлық бағдарла­маларына квоталар қарастыруды ұсынды. Бұл тұрақты бірлескен зерттеу командаларын құруға және жасанды интеллект, ғарыш технологиялары, геология, ядролық физика мен энергетика, су ресурстары, жаңа материалдар және басқа да перспективалық ғылыми-технологиялық бағыттар саласындағы ынтымақтастықтың кадрлық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бо­йын­ша тараптар үйлестірушілерді анықтап, аталған төрт бағытты егжей-тегжейлі пысықтау үшін бірлескен жұмыс тобын құруға келісті. Оның міндеті нақты жо­баларды, бейінді институттарды, іске асыру кезеңдері мен өзара іс-қимыл тетіктерін анықтау бол­мақ. Жаңа кезеңнің негізгі мін­де­ті – негіздемелік меморан­дум­дардан технологияларды, ғылыми инфрақұрылымды және практи­калық шешімдерді бірлесіп жа­сауға көшу, мұнда AI for Science бағытына ерекше орын беріледі.

Жиын соңында ҚР ҰҒА пре­зиденті Хоу Цзяньгоны, Қытай ғылым академиясының басшы­лығы мен жетекші ғалымдарын Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жыл­ды­ғына арналған салтанатты шараға қатысуға шақырды.

Ардақ СҰЛТАН