Қазақтың ғасырлар бойы қордаланған ауыз әдебиеті де ешкімнен кем емес. «Оқуға сенген – ұмытшақ, жазуға сенген – жаңылшақ» дейтін көшпелілер ақпаратты жазып қалдырғанша санада сақтауды жөн көрген. Ондаған жыр-дастан, жүздеген аңыз-ертегі, мыңдаған мақал-мәтелді, арғы-бергі ақын-жыраулар мұрасын жатқа айтқан ата-бабамыз ұлан-ғайыр кітапханаларды жадына тоқыған. Түсінген адамға қазақ фольклоры – шет-шегі жоқ ұшан дария. Тереңіне сүңгіп, түбіне үңілген сайын жаңа қырынан жарқырайды.
Ой асылын сүзіп, сөз маржанын тізіп, Асан қайғы, Бұқар жырау, Махамбет, Абайларды туғызған халқымыз қылыш қимайтын күрмеуді тілмен шешкен. Тура сөзді бала айтты ма, шал айтты ма, хан айтты ма, қара айтты ма – қазақ оны тергеп-тексермей, уәжге жығылатын. Сертке сеніп өскен жұртымыз қағаздасып, хаттасып отырмай-ақ, бүкіл шаруасын бір ауыз лепеспен тындыратын. Жердің дауын да, ердің құнын да қисынды, жүйелі кесіммен қайыратын. Қазақ тарихы арнайы жылнамаға тіркеліп, шаң басқан архивтерде қатталмаса да, ғасырларды көктей өтіп, ауызекі түрде ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан, оның ішінде аңыз, ертегі, қисса, толғау, мақал-мәтел, жаңылтпаш, жұмбақтың өн бойында өрілген. Осы орайда ағылшын жазушысы Джеймс Черчвард көшпелілер хақында «кітап-адамдар» теориясын ұсыныпты. Автор бұл тұжырымда номадтардың ауызша дәстүрін жай ғана өнер емес, деректерді кодтаудың кешенді жүйесі деп қарастырады. Зерттеушінің пікірінше, даладағы жылжымалы кітапхана секілді жекелеген тұлғалар ақпараттық банк қызметін атқарған. Жар астынан жау шыға келетін қым-қуыт заманда көшпелілер дүние-мүлікке байланған жоқ. Жиған-тергенінен бір-ақ күнде айырылуы мүмкін екенін түйсініп (тып-типыл жойылған Александрия, Бағдат, Отырар кітапханаларын еске түсірейік), қашанда қамданып жүрген. Сондықтан мәдени, өркени жетістіктерін ең сенімді қоймада – миында ұстаған.
Қазақтың есте сақтау қабілетіне ерекше тоқталған Шоқан Уәлиханов «Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы» еңбегінде: «Байтақ даланың әр шалғайындағы өлең-жырлар еш өзгеріссіз қайталанатынын қайтерсіз! Көшпелі сауатсыз ортадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны – адам айтса нанғысыз қасиет, бірақ күмәнсіз шындық!» – деп таңдай қағыпты. Ал Мәшһүр Жүсіп бабамыз: «Естігенін ұмытпайтын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпақұлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауызға алып айтуымен үлгі-өсиет қалдырған», – депті.
Жалпы, адам зердесі жоқтан өзгені сіңіре беретін жаны жоқ қағаз емес. Ол тек ақыл-ойдың інжу-маржанын іріктеп алып, табиғатына жат нәрсені әсте қабылдамайды. Бейне бір теңіз сынды өз-өзін тазартып тұрады. Өзенмен ағып келген жапырақ-жаңқаны, кір-қоқысты толқынмен шайып, жағалауға шығарып тастайды. Өйткені ауызша мәдениетте жад дегеніміз – ақпаратты эстетикалық және идеологиялық жағынан өңдейтін когнитивті сүзгі. Яғни көркемдік қуаты жоғары, мазмұны бай, ырғағы мінсіз, қоғамға нақты пайдасы бар өміршең мәтіндер ғана өз уақытынан озады да, басқасы тез ұмытылады.
Фольклор тарихы тым ертеден тамыр тартады. Біртуар ғалым Едіге Тұрсыновтың сөзімен айтқанда: «ол әдебиеттен қырық мың жыл үлкен». Көшпелі қоғам тыңдаушысын тәнті қылмаған, табан астында тауып айтпаған өлеңді, майын тамызып айтпаған әңгімені өнер деп танымаған. Сол себепті Ұлы далада ауызша мәдениеттің классикалық дәрежеде дамуына даңғыл жол ашылған. Халықтың тарихи зердесі, философиялық ой-түйіндері, педагогикалық тәжірибесі, адамгершілік нормалары, көркемдік сұраныстары фольклорға жүктелген. Мысалы, «Судың да сұрауы бар» деген мақалды заманауи тілмен ресурстарды тиімді басқару кодексі десек, «Аяз би», «Тазша бала» ертегілерін әлеуметтік лифт, меритократия қағидаларын бекітетін индикатор деуге болады. Қазыбек бидің: «Бiз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз...» – деп басталатын толғауы Қазақ хандығының сыртқы саяси доктринасын, дипломатиялық мәртебесін айқындаған құқықтық-мемлекеттік манифест іспетті.
Әрине, жазба әдебиет те – сөз өнерінің арналы бір саласы. Оның өзіне тән артықшылығы көп. Кемшілігі де баршылық. Біріншіден, жазбаша мәдениеттің тұтынушысы сауатты болуға міндетті. Хат танымайтын қараңғы адамға жол жабық. Екіншіден, автор ана жақта, оқырман мына жақта, екеуінің арасын орасан кеңістік, кейде ұзақ уақыт бөліп жатады. Былайша айтқанда, автор мен оқырман өз беттерімен өмір сүреді. Философиялық тұрғыда ол екеуінің қарым-қатынасы «өгей байланыс» деп аталады. Ауызша мәдениеттің жөні бөлек. Мұнда жыршы мен тыңдаушы бетбе-бет дидарласып отырады. Ғалымдар бұл құбылысты «етене байланыс» деп сипаттайды. Жыршы аудиторияның көңіл-күйін бірден сезінеді. Тыңдаушының реакциясы жырдың созылуына, импровизациялық өрнектердің көбеюіне немесе азаюына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар тыңдаушы естігенін есте сақтаумен шектелмей, ғибратты сөзді іліп әкетіп, жетілдіріп, өңдеуге хақылы. Фольклордың өзіне ғана тән өзегі осында.
Британиялық әдебиетші Альберт Лорд: «Жазбаша мәдениет – ауызша мәдениеттің көрін қазушы», – деген тұжырым түйіпті. Зерделі зерттеуші XX ғасырдың 30-шы жылдары Шығыс Еуропа елдерін аралап, атақты жыршылардың көзін көрген, жырлау техникасын, дауыс ырғағын, мақам-мәнерін бақылаған, олармен адам жадының құпиясы жайында сұхбат құрған. Лорд мырза көне эпостарды жаңғыртып, кофеханада нәпақасын айырып жүрген балқандық жыршы Авдо Меджедовичтің 12 мың жолдық репертуарына тамсанып, оны ұлы Гомерге теңейді. Осыны ойлағанда «бұл ғалым 150 мың жолдан тұратын «Қырымның қырық батырын» алты ай жырлап тауыса алмаған қазақтың Мұрын жырауымен кездессе, қалай таңғалар еді?» деген сұрақ туады.
Фольклор – қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің алтын діңгегі, қайнар көзі. Мұхтар Әуезов өзінің Абай туралы монографиясында: «Кемеңгер ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп төркіні барын байқаймыз. Мұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры. Ақын Абай осы қордан көп нәр алып, сол арқылы өз өлеңін көп көркейтті», – деп жазған. Иә, ұлы ойшылдың өзіне дейінгі күллі сөз байлығын саралағаны күмәнсіз. Ары қарай тағы Әуезовтің сөзімен жалғасақ: «Ең алғашқы өлең жайын баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулатты, Бұхар жырауды ауызға алса, солардың сөзін бала күнінен естіп, танып, жаттап өскенін сезуге болады. Әрине, осындай ақындық мұраларымен қатар мысал, мақал, аңыз, дастан, айтыс сияқты сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ, жолаушылардан көп есітеді. Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзінде оларды керекке жаратып, әңгіме арасына кірістіріп отыру – шешендерге көп жайылған әдет еді. Абайға да сол парыз сияқты болған. Жас жігіт білген өнерін орнымен керегіне жаратып, келістіріп, көркейтіп сөйлейтін болады. Ел көзіне шешен болып көріне бастайды», – депті жазушы. Әйгілі Максим Горькийдің қаламгер қауымға: «Ауыз әдебиетінің тіл байлығын пайдаланыңдар, одан үйреніңдер», – деп ақыл қосатыны да содан.
Жат жұрттың қабағына жалтақтап, жарым көңіл, жарты құрсақ күн кешкен қилы кезеңде қаншама қазынадан айырылдық, қаншама ділмардың жауһар мұрасы құмға сіңген судай жоғалып кетті. Дегенмен аман қалған жұқана-жұрнақтың өзі оңай олжа емес.
2014 жылы «Бабалар сөзі» жүз томдық жинағының тұсауы кесілді. Сарғайып көнерген, жырымдалып жыртылған қолжазбаларды шұқшиып оқып, араб, латын қарпіндегі мәтіндерді кирилл жазуына қотарған ғалымдардың жанкешті еңбегі ақталды. Нәтижесінде, эпостық жырлардың 63 томы жарық көрді. Оның 10 томы – Қытай қазақтарының фольклоры. Бұл топтамаларда 52 хикаялық, 65 діни, 57 ғашықтық дастан, 95 тарихи, 47 шежірелік, 4 топонимдік, 103 батырлық, 10 аңыздық жыр қамтылды. Кейінгі томдар қазақ фольклорының шағын жанрларына арналды. Атап айтқанда, 64-томға – 2 279 жұмбақ, 65-69-томдарға – 27 577 мақал-мәтел, 70-71-томдарға – 6 771 шумақ қара өлең, 72-77-томдарға – 531 ертегі, 78-томға – 77 миф, 79-томға – Моңғолия қазақтарының фольклоры, 80-88-томдарға – 370 топонимдік, 320 шежірелік, 356 күй, 612 тарихи аңыз кірді.
Дүние дидарында фольклорын мұндай көлемде жинап бастырған ел жоқтың қасы. Бірлі-жарым мысалдарды тізбелесек, әртүрлі тілден құралған Қытайдың 300 томдық халық әдебиеті жинағы, Ирландияның 1 000-нан астам қолжазба томынан тұратын ұлттық архиві, Тибеттің 332 томдық «Ганжур» мен «Данжур» канондары, Финляндияның 33 томдық SKVR поэтикалық жинағы ғана ойға оралады. «Бабалар сөзінің» тағы бір артықшылығы – мәтіндердің артық өңдеуге ұшырамай, фонограммалық һәм қолжазбалық түпнұсқаларға мейлінше сәйкес басылуында. Осының арқасында тілдің тарихи лексиконы, диалектологиялық қатпарлары сақталды. Жүз томнан қазақ халқының тарихи пайымын, әдет-ғұрпын, дүниетанымын, философиялық, көркемдік көзқарасын, қысқасы, кешегі ұлт өмірінің жалпы болмысын, тұтас көрінісін анық аңғарамыз. Көл-көсір мұра тарихшыларға, психологтарға, қоғамтанушыларға, мәдениеттанушыларға, әдебиетшілерге, журналистерге, тілші-ғалымдарға, этнографтарға ауадай қажет.
Қазақ халқы өзінің тарихи жадын ХХ ғасырдың жуан ортасына дейін көмескілей қойған жоқ. Көнекөздердің көкірегінде сайраған ескі де есті сөздер қоғамның рухани сұранысын өз деңгейінде өтеді. Бірақ бұрынғы кәріқұлақ қарияларды қазір кеңестік идеология құрсауында тәрбиеленген ұрпақ алмастырды. Қызыл империя кезінде дәстүр сабақтастығы тәрк етілді. Ауыз әдебиеті «ескіліктің зиянды қалдығы» ретінде шеттетілді. Сөйтіп, өз тарихы туралы халықтың өзі айтатын небір құнды мәлімет, дәстүрлі таным үлгілері ұмытыла бастады. Алайда бүгінгі медиа аудио-визуалды жолға бет бұрған. Технологиялық өзгеріс ауызша тілдің де көсегесін көгертуге тиіс. Ендігі жерде қазақ фольклорын цифрландырып, креативті экономикаға (кинематография, компьютерлік ойындар, анимация, этно-музыка) бағдарлау керек. Сөзімізді режиссер Питер Бруктың болжамымен түйіндесек: «Адамзат ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір түсінеді: әлемнің болашағы – ауызша мәдениетте».
Еркебұлан НҰРЕКЕШ
