Жыл сайын дәл осы кезеңде үйдегі ата-ананың кірісінен гөрі шығысы арта түседі. Өйткені баланы мектепке дайындайтын тұста, нарықтағы бағалар да әдеттегіден құбылып шыға келеді.
«Бір баланың дайындығына 90 мың теңге кетті»
Биыл да мектеп формасы мен кеңсе тауарларының құнында өсім байқалады. Бір ғана тауардың бағасындағы аздаған айырмашылықтың өзі толық оқу құралдарын жинағанда едәуір сомаға айналады. Сол себепті кейбір ата-аналар қалтаға қонымды нұсқаны табу үшін онлайн дүкендерге жүгінеді.
– Биыл балам 1-сыныпқа барады. Мектепке қажет заттың барлығын бірден алмай, бағасын бірнеше жерден салыстырып көрдім. Кейбірін дүкеннен алсам, қалғанын онлайн тапсырыс бердім. Бірақ базарлардың өзінде баға өскен. Мектеп формасы үшін шамамен 30 мың теңге, аяқкиіміне 20 мың теңге, спорттық киіміне 10 мың теңге жұмсадық. Сөмкесін онлайн дүкеннен 6 мың теңгеге алдық. Ал кеңсе тауарлары үшін шамамен 20 мың теңге кетті. Жалпы, бір баланың мектепке дайындығына 90 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалып отыр, – деді қала тұрғыны Құралай Жұмаділова.
Байқағанымыздай, оқу жылы қарсаңында негізгі ауыртпалық баласы бастауыш сыныпта оқитын ата-аналарға түседі. Ал жоғары сынып оқушылары үшін салыстырмалы түрде шығын азырақ.
– Жыл сайын бағалар қымбаттап барады. Биыл оқу құралдары үшін көп шығындалмадық. Негізгі қаражат киімге жұмсалды. Ол үшін шамамен 90 мың теңге кетті. Барлығын сапалы етіп алуға тырыстық. Кеңсе тауарларын шамамен 15 мың теңгеге сатып алдық, – деді 10-сынып оқушысының анасы Гүлмира ханым.
Біз де мектепке дайындық шығынын есептеу үшін дүкендер мен онлайн қосымшаларды шарлап, ондағы бағаларды салыстырып көрдік. Шынында, бірқатар тауардың құны дәстүрлі сауда орындарындағы бағадан әлдеқайда төмен екеніне көз жеткіздік. Бір тауардың өзінен бірнеше жүз, тіпті мың теңгедей үнемдеуге болады. Дегенмен айырмашылық барлық тауарда бірдей емес. Мысалы, Kaspi қосымшасында сөмкенің бағасы кемі 2 800-3 000 теңгеден басталады. Қарапайым 12 беттік бір дәптердің құны 28 теңгеден, 20 данасы 600 теңгеден басталады. Сәйкесінше, мұнда тауардың бағасы мен сапасы көңілінен шыққан пікір қалдырушылар да аз емес. Ал ABDI дүкеніндегі бағаларға келсек, мұнда сөмкелер 5 040 теңгеден басталса, дәптер 25-40 теңге аралығында сатылады. «Детский мир» дүкенінде бір дәптердің құны 29-59 теңге аралығында бағаланса, қарапайым сөмкелер кемі 1 600 теңгеден басталады. Ал Marwin дүкеніндегі бағалар тіптен шарықтап тұр. Әсіресе көпбалалы ата-аналар үшін бұл дүкеннен сауда жасау қалтаға ауыр тиюі мүмкін. Мәселен, бастауыш сынып оқушыларына арналған бір сөмкенің ең төменгі құны – 6 800 теңге. Жоғары сынып оқушыларына арналған сөмкелер 3 000 теңгеден жоғары. Бұл 72 пайыздық жеңілдік құнын қоса алғандағы баға екенін ескеру керек. Жеңілдікті қоспағанда, сөмкелер кемі 6 500 теңге. Ал бастауыш сынып оқушылары үшін жеңілдіксіз баға 12 мың теңгеден жоғары. Қалауыңызға қарай, сөмкенің сапасы мен брендіне қарай бағалар да өсе береді. Аталған дүкендегі 12 беттік қарапайым бір дәптердің құны 140-350 теңге аралығын көрсетсе, 20 данасы 1 715 теңгеге сатылады. Бағалардың шарықтап тұрғанына қарамастан, керек-жарағын осы дүкеннен түгендейтіндер де табылады.
Сөреге жеткенше тауардың құны өседі
Алайда сөрелердегі бағаның өсуі тек сатып алушыға емес, сатушыға да жүк түсіріп отырған көрінеді. Саудагерлердің айтуынша, бағаның артуы сатушылардың өз еркімен белгілеген үстемесінен емес, тауардың өзіндік құнының қымбаттауынан болып отыр. Әсіресе сырттан жеткізілетін кеңсе тауарлары мен мектепке қажетті кейбір өнімдердің бағасына тасымал шығыны, валюта бағасы мен көтерме баға әсер етеді.
– Бізде сауданың маусымы тамыздан бастап қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Шынын айтқанда, біз де бағаны көтергіміз келмейді. Бірақ тауарды өзіміз қымбатқа алып отырсақ, оны бастапқы бағамен сату мүмкін емес. Кейбір ата-аналар қымбатшылыққа сатушыларды кінәлайды. Дегенмен біздегі баға тауардың сатып алу құнына байланысты белгіленеді. Көтерме баға өскен сайын, бөлшек саудадағы құн да соған сәйкес өзгереді. Оның үстіне, жалға алу, логистика және басқа да шығындарымыз бар, – деді кәсіпкер Ботагөз (ред – есімі өзгертіліп берілді).

Саудагерлердің бұл жанайқайын мамандар да жоққа шығармайды. Экономист Бекнұр Қисықовтың сөзінше, Қазақстандағы кеңсе тауарлары, аяқкиім мен мектеп формаларының едәуір бөлігі импорт арқылы жеткізіледі немесе шетелдік шикізат негізінде өндіріледі. Сарапшының болжамынша, валюта нарығындағы тұрақсыздық пен импорт шығындары дәл осы қарқында сақталса, мектепке қажетті тауарлардың бағасы жаңа оқу жылы басталғаннан кейін де қымбаттай беруі әбден мүмкін. Бұл жағдайда ата-ананың бүгінгі шығыны елдегі инфляциялық қысымның жалпы көрінісіне айналады.
– Бағаның күрт өсуіне нарықтағы ахуал мен саудагерлер тарапынан жасалатын әрекет те қатар ықпал етеді. Бір жағынан, импорт бағасының қымбаттауы, тасымал шығындары мен инфляцияға объективті себеп ретінде қарауға болады. Екінші жағынан, мектеп маусымы басталар алдында сұраныстың күрт артуын пайдаланып, кейбір сатушылар үстеме бағасын негізсіз көтеретін жағдайлар кездеседі. Сондықтан бағаның өсуін тек валюта бағамымен немесе тек алыпсатарлықпен түсіндіру дұрыс емес. Мұнда нарықтық факторлар да, маусымдық коммерциялық стратегиялар да қатар рөл атқарады, – деді сарапшы.
Мектеп шығыны табыстың 40 пайызына жетеді
Мәселенің ауқымын тауар құнын отбасы табысына шаққандағы үлесінен де аңғаруға болады. Табысы төмен және көпбалалы отбасылар үшін қыркүйек қарсаңындағы шығын отбасы бюджетінің елеулі бөлігін алып қояды. Экономистің есебінше, қазіргі нарықтағы бағаны ескерсек, бір баланы мектепке дайындаудың өзі бірнеше айлық тұрмыстық шығынмен шамалас.
– Бүгінде мектепке дайындық көптеген отбасы үшін елеулі қаржылық жүктемеге айналды. Егер бір отбасының айлық табысы 500-700 мың теңге аралығында болса, бір баланы мектепке дайындауға орта есеппен сол табыстың 10-20 пайызы жұмсалады. Ал табысы 250-350 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік осал немесе төмен табысты отбасылар үшін бұл көрсеткіш 25-40 пайызға дейін жетеді. Қазіргі нарықтағы бағаларға назар аударсақ, бір баланы мектепке толық дайындау құны шамамен мынадай: мектеп формасы – 35-70 мың теңге, аяқкиім – 20-40 мың теңге, мектеп сөмкесі – 15-35 мың теңге, кеңсе тауарлары – 20-40 мың теңге, спорттық киім мен аяқкиім – 20-40 мың теңге. Жалпы шығын 110 мыңнан 220 мың теңгеге дейін жетеді. Егер қосымша үйірмелерге қажет заттар немесе электрондық құрылғылар сатып алынса, бұл сома бұдан да жоғары болуы мүмкін. Екі баласы бар отбасы үшін мектепке дайындық шығыны 250-400 мың теңгеге дейін барады. Ең қиыны – көпбалалы отбасылардың жағдайы. Үш-төрт оқушысы бар жанұяларда мектепке дайындыққа кететін шығын бірнеше жүз мың теңгеге дейін өседі. Сондықтан ата-аналар басқа қажеттіліктерінен үнемдеуге немесе қарыз алуға мәжбүр болып жатады, – деді маман.
Бекнұр Қисықовтың сөзінше, әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылар үшін атаулы көмекті күшейту мәселенің бір шешімі бола алады. Бұл ретте сарапшы мектепке дайындыққа арналған қаржылай көмекті немесе электронды сертификаттар жүйесін кеңейтуді ұсынды. Бұған қоса, ол мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастырып, өндіруші мен тұтынушыны делдалсыз байланыстыру да түпкілікті бағаны төмендетуге мүмкіндік беретінін айтады.
– Ең алдымен, елімізде мектепке қажетті әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына тұрақты мониторинг жүргізіп, бәсекелестікті қорғау органдары негізсіз баға өсіру фактілеріне жедел әрекет етуі қажет. Сондай-ақ отандық мектеп формасы мен кеңсе тауарларын өндірушілерді қолдау өте маңызды екенін айтқым келеді. Жергілікті өндіріс ұлғайған сайын импортқа тәуелділік аза-йып, баға тұрақтанады, – деп сөзін түйіндеді Б.Қисықов.
Түптеп келгенде, білімге бастайтын жолдың алғашқы қадамы ата-ананың қалтасына түсетін қаржылық салмақпен өлшенбеуге тиіс. Сарапшылардың пайымынша, нарықтағы бағаның аспандауы халық табысы мен күнделікті тұтыну бағасының арасындағы алшақтықты байқатып отыр. Сондықтан бұл түйткіл тұтас бір қоғамның мәселесі ретінде қарастырылуы маңызды.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы
