Олар енді техноалпауыттарға, жасанды интеллект пен роботты техниканы әзірлеушілерге қызмет етеді. Бұл үшін адамнан маңдайына GoPro сияқты экшн-камераны немесе қарапайым смартфонды бекітіп, жұмысын – қолының әрбір қимылын цифрлық форматта түсіру ғана талап етіледі. Жаңа заманның жаңа кәсібінің мәнісі неде? Адамзатқа пайдасы мен зияны қандай?
Ұстаздық қылған жалықпас...
Бір қарағанда, мұнысы XXI ғасырдың ең оғаш кәсібіндей көрінеді. Үйбике маңдайына смартфон байлап, көкөніс турайды, тамақ пісіреді. Қасапшы қан-жынын шашыратып, мал сойып, ет мүшелеп жатқанын бейнетаспаға жазады. Қонақүй клинері асықпай төсек жинайды. Зауыт жұмысшылары камера алдында таңнан кешке дейінгі күнделікті күрделі жұмысын атқарады. Бірақ мұны олар кейінгі ұрпаққа естелікке қалу үшін істемейді. Немесе ғаламторға салмайды: мысалы, аққан қан бейнеленген видеоны онлайн-платформалар бұғаттап тастар еді. Ал ұзаққа, бірнеше сағатқа созылатын күйкі тірлік көрінісінің ғаламтор қараушыларды қызықтыруы неғайбыл.
Бұл бейнежазбалардың түпкі мақсаты басқа: олар жасанды интеллект жүйелеріне, ең бастысы, адам тәрізді роботтарға арналған «үйрету материалына» айналады. Яғни адам өз еңбегін цифрға көшіріп, сол арқылы болашақтағы өзінің орнын басатын машинаны оқытып жатыр. Мұндай жаңа тұрпатты ұстаздық – жақсы табыс көзі ме, әлде еңбек нарығына қатысушылардың өзіне-өзі қазған ор ма?
Кейінгі жылдары Үндістан мен Қытайда басталып, өзге өңірлерге тараған жаңа кәсіп түрінің мәні қарапайым: адам күнделікті жұмысын өзі бейнетаспаға түсіреді. Оның қасына жеке оператор еріп жүрмейді. Соның нәтижесінде жиналған материалдар технология тілінде «эгoцентрлік деректер» деп аталады. Камера адамның көзі қайда қарағанын, қолының қалай қозғалғанын, затты қалай ұстағанын, қандай ретпен әрекет жасағанын тоқтаусыз тіркейді. Кей жағдайда жұмысшылардың қолы мен аяғына қозғалысын толық тіркейтін арнайы датчиктері бар білезік тағылады немесе арнайы костюм киіледі.
Алпауыт технологиялық компанияларға мұндай машақаттың қажеті қанша? YouTube, ТикТок тегін туториалға – қадам-қадамымен, кезең-кезеңімен берілетін нұсқаулыққа немесе онлайн-оқыту құралына толып тұр ғой. Солар арқылы робот нақты бір істі қалай жасау керегін біліп, мәселені шешуге үйреніп, жаңа дағдыны меңгере алмай ма? Шынында, қарапайым мәтін немесе үшінші тұлға тұрғысынан түсірілген видеоролик арқылы «плита құлағын бұра», «сүлгіні бүкте», «мангоны тура» деп түсіндіру – робот үшін жеткіліксіз. Машина адам қолының затпен нақты қалай әрекеттесетінін көруі керек.
Қол қимылының жаңа құны
Франс Пресс агенттігінің (AFP) жуырдағы репортажының кейіпкері, үндістандық Ченнай қаласының тұрғыны, 25 жастағы үй шаруасындағы әйел Нагиредди Шрирамьячандра маңдайына смартфон тағып, ас үйдегі қарапайым әрекеттерін түсіру арқылы нәпақа тауып жүр. Ол бір сағаттық видео үшін шамамен 250 үнді рупийін, яғни 1 мың теңгедей табыс табады. Қазақстандықтар мұны азсынар. Бірақ шамамен 30-35 миллионнан астам тұрғыны ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген, тағы 490 миллионнан астамы тұрақты еңбек шарты жоқ, көлеңкелі экономикада немесе ауыл шаруашылығында маусымдық жұмыспен күн көріп жүрген Үндістанда бұл сома – жанбағыс үшін қажет кәсіп.
Сонымен бірге Нагиредди ханымның сөзі жаңа «бизнестің» парадоксын дәл көрсетеді: «Күнделікті үй шаруасымен айналысқаныңыз үшін сағатына 250 рупийді басқа кім сізге төлейді? Әрине, осы арқылы адам пішіндес роботтарды үйретіп жатқанымды білемін. Ол туралы келісімшартта айтылған. Бұл нақты мені алаңдатпайды. Мүмкін, байып, болашақта роботты өзім де сатып алармын», – деп күлді Шрирамьячандра. Бәлкім, бұл әзілі шығар. Бірақ оның астарында тұтас дәуірдің зілі және қайшылығы жатыр.
Осы үйбикесі сияқты роботқа ұстаздық етушілерді шетелдік жұмыс берушілермен байланыстыратын делдал – Objectways компаниясының басшысы Рави Шанкар тапсырыс берушілерге нақты қандай әрекет қызық екенін санамалады: киім бүктеу, кофе пісіру, ұлттық немесе экзотикалық тағамдар, қарапайым сэндвич жасау және басқасы.
AFP агенттігі: «Кейбір жұмыстарды гуманоидті роботтарға тапсыру керек. Сонда адамдардың қолы босайды, әлдеқайда пайдалы істермен айналыса алады, денсаулығына көңіл бөлуге мүмкіндігі болады», – деген Шанкардың дәйектемесін таратты. Ауқатты еуропалықтар үшін бұл жақсы айғақтай көрінер. Бірақ Азия, Африка, Латын Америкасының екі қолға бір күрек таппай, қайыршылық күй кешкен жүздеген миллион тұрғыны мұны түсіне қоймас.
Би-Би-Си Бангладештегі тоқыма фабрикасында маңдайына камера тағып, көзіне смарт-көзілдірік киген жұмысшыларды суретке түсірді. Сондай-ақ компаниялардың тұтас студияларды іске қосқанын хабарлады: ондағы кеңсеге, пәтерге немесе қонақүйге ұқсатып жабдықталған бөлмелерде персонал төсек жинайды, сүлгі бүктейді, асүйде тамақ істейді, бөтелке ашады, тіпті үстелдегі түрлі түсті қарындаштарды белгілі бір тәртіппен орналастырады.
21 жастағы инженер Рани Н. күніне шамамен 90 видео түсіреді екен. Әр роликтің ұзақтығы – төрт минуттай. Ал Qanat Consulting Services компаниясының бас директоры Таслим Паттанның айтуынша, бағдарламаға қатысатын 2000 адамның кейбірі қолы мен аяғына қозғалыс датчиктері бекітілген білезіктер тағып жүреді. Күні бойы оны шешіп, дамылдауға тыйым салынған.
Бұл да қазіргі заманғы «құлдықтың» бір түрі болса керек. Қалай болғанда, роботтар бүгінде адамзатты тануда. Тиісінше, адамның күнделікті тіршілігі олар үшін енді жай өмір мен еңбек емес. Ол – дерек. Ал дерек – жаңа экономиканың шикізаты.
Үйретудің «арғы жағы, бергі жағы»
Жаңа кәсіп сарапшыларды екіге жарды. Time Use Survey сарапшылары үйбикелерінің түрлі шаруаны онсыз да тегін жасауға мәжбүр екенін алға тартады. Зерттеуге сәйкес, өткен бір жылда азиялық әйелдер ақысы төленбейтін үй шаруасына күніне орта есеппен бес сағатын жұмсаған. Бұл ерлердікінен 7,6 есе көп көрінеді. Демек, асүйде тамақ істегенін смартфонға түсіріп, сол үшін ақы алуды – «жай ғана үй жұмысы» саналатын әрекеттің цифрлық капиталға айналуының белгісі ретінде ұсынады.
Сонымен, сарапшылардың бір бөлігінің пайымдауынша, бұл жаңа жұмыс түрінің жақсы жағы аз емес. Біріншіден, бұрын нарықта бағаланбаған еңбекке бұдан былай ақы төленеді. Үй шаруасындағы әйел, бала, немесе мүмкіндігі шектеулі жан табыс таба алады.
Екіншіден, Үндістан, Қытай, Африка елдері сияқты еңбек күші шектен тыс көп өңірлерде бұл кедей адамдарға жаңа мүмкіндік береді. Үшіншіден, роботтарды нақты өмірге бейімдеу қауіпті, ауыр немесе өнімділігі тым төмен жұмыстарды автоматтандыруға жол ашады. Шахтадағы жарылыс қаупі бар жұмыс, кеңседегі бірсарынды операция, өндірістегі ауыр еңбек роботқа тапсырылса, адамдар қауіпсіздеу әрі шығармашылық еңбекке ауыса алады деген теория бар.
Сонымен бірге бұл кәсіптің теріс жағы да толып жатыр. Ең бастысы, адам осы «кәсіп» арқылы өз орнын өзі босатып бермек. Ең үлкен үрей де сонымен байланысты. Қарапайым жұмысшыдан бастап, ісі күрделі дәрігер, инженер, өнер адамдары роботты жаппай үйретіп жатыр. Робот үйренген сайын адамның сол еңбегіне қажеттілік азаюы мүмкін.
Morgan Stanley болжамы бойынша, 2050 жылға қарай әлемде адам тәрізді роботтардың саны бір миллиардтан асуы ықтимал. Негізгі қолдану салалары – өнеркәсіп, кеңсе және коммерция. Бұл ретте бір роботтың бірнеше жүз адамды ауыстыра алатыны туралы жорамал бар. Жаһанда әрине, жүздеген миллиард жұмысшы жоқ. Барының бәрін – Жер шарының бүкіл 8 миллиард тұрғынын осы миллиард андроид еңбек нарығынан ығыстырып шығаруға қауқарлы.
Бұл жерде қауіп-қатер тек «робот жұмысшыны алмастырады» деген қарапайым формуламен шектелмейді. Мәселе – адамның кәсіби тәжірибесі цифрлық дерекке айналып, кейін сол деректің негізінде жасалған жүйе адамның еңбегін арзан ете алатынында. Ендеше тіпті жұмыс орнында қалатын қызметкерлердің де табысы азайып, тұрмысы құлдырауы ықтимал.
Тағы бір алаңдаушылық – роботтардың жауапкершілікті сезінбейтінімен, аяушылықты білмейтінімен байланысты. Tech Xplore маманданған басылымы Карурдегі Objectways кәсіпорнының қызметкері Кавиннің сөзін келтіреді: «Роботтарды үйрету қиынға түсіп тұр. Олар көлік не компьютер құрастыру сияқты нақты бағытталған әрі тұрақты қайталанатын қызметті қапысыз атқара алады. Алайда жан-жақты білімді, өзгеретін қоршаған ортаға ден қоюды немесе адамға тән қимыл-қарым мен машық-дағдыны қажет ететін жұмыста жиі жаңылады. Айталық, роботты киімді дұрыс бүктеуге үйрете алмай жатырмыз. Кейде жинау кезінде ақырғы нәтиже бағдарламаланғандай дұрыс шықпаса тығырыққа тіреліп, үйіндіні шашып жібереді. Бұл ашуланғаны емес. Бірақ қауіпті. Ол киім жинаушы емес, стоматолог-робот болса ше?» – деп мазасызданды 27 жастағы инженер.
Әйткенмен, қара аспанды төндіру де да жарамас. Humyn Labs компаниясының сарапшылары роботтар адам орнын тегіс басады деген пікірмен келіспейді: «Болашақта олар қоян-қолтық, бірге жұмыс істейтін жүйе қалыптасуы мүмкін», – деген тұжырымға келді. Мәселен, Үндістандағы адам-дәнекерлеуші Прагадағы дәнекерлеуші-роботты басқара алады. Соның нәтижесінде адамдарға Еуропаға және басқа ауқатты елдерге үдере көшудің, миграцияның мәні қалмауы мүмкін.
Қалай болғанда, жаңа технологияның ең үлкен сабағы – жаңа заманда адамды машинадан қорғау, замана үрдісінен оқшаулану емес, машина үстемдігі күшейер дәуірде адамның қадірін жоғалтпау, халықтың ауқатын арттырудың жаңа жолдарын іздеу болмақ.
Жасанды интеллект адамның уақытын үнемдеп, ауыр еңбегін жеңілдетіп, табысын көбейтсе, бұл – өркениеттің жеңісі. Ал адамды төл қимылын цифрландыруға жалдап, кейін оның жұмысын тартып алса, бұл –әлеуметтік нәубет. Сондықтан бүгінгі маңдайдағы камераға тек жаңа кәсіптің нышаны деп қарауға болмайды. Ол – адамзат алдында тұрған үлкен сын-тегеурін. Ол сынақтан қалай өтетіні адамдар мен мемлекеттердің пәрменді тірлігіне, жауапты ісіне, ақылмен қабылданған шараларына байланысты болмақ.
Айхан ШӘРІП
