Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар үшін ең өзекті мәселенің бірі баланы мектепке дайындау екені белгілі.
Мектепке дайындық машақаты
115
оқылды

Әсіресе, көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар үшін бұл кезең жыл сайын қаржылық салмақты арттырады. Биыл Атырауда мектеп формасы мен оқу құралдарының бағасы тағы да қымбаттап, ата-аналардың алаңдаушылығын күшейтіп отыр. Дәл қазіргі уақытта Атырауда мыңдаған бала мемлекеттік көмектен тыс қалып қойды. Біз мәселенің мәніне үңіліп көрдік. 

Мектепке дайындау қанша тұрады?

Қазіргі нарықтағы бағаларға көз жүгіртсек, мектепке бір баланы дайындаудың өзі көптеген отбасы үшін едәуір шығынды қажет етеді. Саудагерлердің айтуынша, мектеп формасы мен кеңсе тауарларының кейбір түрлері былтырғы жылмен салыстырғанда 10-20 пайызға қымбаттаған. Бұл, әсіресе бірнеше баласы мектепте оқитын отбасы­ларға қосымша қаржылық салмақ түсіріп отыр.

Мәселен, қарапайым ба­зар­лардың өзінде мектеп жейдесі 6 500-12 000 теңге аралығында бол­са, шалбар бағасы 7 500-16 000 теңгеге дейін барады. Қыз бала­ларға арналған белдемшелер 8 мың теңгеден басталады. Спорт­тық киім жиынтығы 14-22 мың теңге, ал мектеп сөмкесі 4 500-15 000 теңге аралығында сатылып жатыр. Бұған аяқкиім, кеңсе тауар­лары, жұмыс дәптерлері мен басқа да қажеттіліктерді қосқанда бір оқушыны мектепке дайындауға орта есеппен 70-80 мың теңге қажет. Мектепте бір емес, бірнеше баласы оқитын отбасылар үшін бұл шығынның көлемі бірнеше есеге ұлғаятыны түсінікті. Тағы да қайталап айтамыз, біз қарапайым базарлардағы бағаны салыстыр­дық. Ал сауда үйлеріндегі баға базардағыдан әлдеқайда қымбат болуы мүмкін. Мұнайлы өңір са­на­латын Атырауда халықтың бәрі бірдей ауқатты ма? Мектепке бір­ден 5-6 баласы баратын отбасылар оқушыны сабаққа дайындауға жарты миллионға жуық ақша жұм­сауға дайын ба? Бұл жағы үлкен сұрақ. 

Әкімдік алдына жиналған аналар

Осыдан бірнеше күн бұрын Атырауда даулы жағдай болды. Көпбалалы аналар жаңа оқу жылы қарсаңында берілетін бірреттік қаржылай көмектен қағылған­дарын айтып, облыстық әкімдік ал­­дына жиналды. Олардың ай­туын­ша, бұрынғы жылдары мек­тептер арқылы қажетті құжаттарын өткізіп, көмек алып келген. Биыл да дәл сол тәртіппен әрекет еткен. Алайда мектеп қызметкерлері балалардың жеке сәйкестендіру нө­мірін арнайы база арқылы тексергеннен кейін көпшілігіне кө­мек ала алмайтындарын хабар­лаған.

Көмектен қағылғандардың бірі – төрт баланың анасы Гүлзира Елеуғалиева. Ол өтінішінің бір­неше минут ішінде қабылданбай қалғанын айтады.

– Мектепте төрт балам оқиды. Біреуі Оралда, үшеуі Атырауда. Құжат тапсырғаннан кейін бір минутқа жеткізбей бас тарту тура­лы жауап келді. Себебін сұрасақ, нақты түсіндіре алмайды. Бізден барлық құжатты жинап әкелуді сұрады, бәрін тапсырдық. Бірақ ешбір құжат қаралмағандай әсер қалдырды. Бұл көмек шын мәнінде мұқтаж барлық отбасына берілуі қажет қой, – дейді ол. Наразы аналар табысы төмен, бірнеше баласы бар отбасылардың көмексіз қалуы түсініксіз жағдай екенін алға тартуда.

Айнұр Жұмахметова – көп­балалы ана. Оның мектеп жасын­дағы алты баласы бар. Толық отбасы. Бірден айтайық, Айнұр әкімдік алдына жиналған наразы аналардың қатарында болған жоқ. Айнұрдың шағын кәсібі бар. Ол тапсырысқа қыз жасауын тігеді. Құрақ көрпені шағын бизнеске айналдырған Айнұр айына жаман табыс таппайды. 

– Мектепке киімдерді әлі ала қойғанымыз жоқ. Жолдасым қазір вахтада жүр. Тамыздың аяғына қарай, жолдасымның еңбек­ақы­сына балаларды киіндіруге шы­ғамын деп отырмын. Менің алты баламның бәрі де мектепте. Жа­қын­да ортаншы қызым қаладағы мен деген лицейлердің біріне түсті. Ол мектептің формасы бас­қа, бомбер, белдемше, шалбар, фут­болкаларына 55 мың теңге тө­леп кеттім. Мұның сыртында спорттық киім, аяқкиімдері, сөмке, оқу құралдары бар. Тағы бес балам қарапайым мектепте оқиды. Оларды базардан киіндіремін деп отырмын. Шамамен 800 мың тең­гедей ақша керек деп ойлаймын. Тапсырыспен қыз жасауын тігіп отырсам да, мен үшін де бұл сома аз емес. Себебі мектепке дайын­даудан бөлек, әр баланың курс­тары, үйірмелері аз ақша тұрмай­ды. Оған күнделікті тамақты қосыңыз. Қазір қоғамда көпбалалы десе, бәрінің әлеуметтік жағдайы төмен деген түсінік қалыптасқан. Көпбалалы отбасылардың бәрі бірдей мемлекетке алақан жайып отырған жоқ. Дегенмен көпбалалы болу – үлкен жауапкершілік, – дейді Айнұр Жұмахметова. 

«Мұқтаж отбасылардың өзі тізімнен шығып қалған»

«Аналарға көмек қолдау» қо­ғам­дық қорының төрайымы Сан­дуғаш Көкенова бұл мәселе жеке­леген жағдай емес екенін айтады. Оның айтуынша, көмек алуға үміт­тенген көптеген отбасы жаңа жүйе бойынша іріктеуден өте ал­маған.

– Қазір шын мәнінде мұқтаж отбасылардың көпшілігі көмексіз қалып отыр деген шағымдар тү­суде. Кейбір аналардың айтуынша, отбасының табысы аз болғанына қарамастан, жүйеден бас тарту ту­ралы жауап келген. Тіпті көп­балалы отбасылар арасында да мұндай жағдайлар кездесіп жатыр. Сондықтан аналар мемлекеттен жыл сайын беріліп келген қолдау­дың әділ әрі ашық тетігін талап етеді, – дейді қоғамдық белсенді. 

Қоғам белсенділерінің пікірін­ше, мәселе тек қаржылай көмекте емес. Бұл әлеуметтік қолдау тетік­терінің нақты мұқтаж жандарға жету-жетпеуі туралы сұрақты күн тәртібіне шығарып отыр.

Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

Атырау облыстық Білім беру басқармасынан анықтағанымыз, биыл әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі түбегейлі өзгерген. Бұрын Жалпыға міндетті оқу қоры арқы­лы ата-аналар құжат жинап тап­сыратын болса, енді бұл процесс толық автоматтандырылған. Оқу-ағарту министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың ақ­параттық жүйелері біріктіріліп, отбасының әлеуметтік жағдайы мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтер негізінде бағаланады.

Соның нәтижесінде бұрын құ­жат арқылы расталатын кейбір са­наттар автоматты түрде анық­талады. Облыстық Білім беру бас­қармасының басшысы Марат Әбуов қазір жүйенің басты мә­се­лесі бас тарту себептерін түсін­дірудің күрделілігі екенін айтады.

– Бұл жерде ата-аналардың жеке деректеріне қатысты мәсе­лелер бар. Сондықтан қызмет­керлер барлық мәліметті ашып қарай алмайды. Біз Оқу-ағарту министрлігіне ұсыныс жасадық. Егер азаматқа көмек тағайын­дал­маса, оған нақты қандай себеппен бас тартылғаны туралы хабарлама жіберілуі керек деп есептейміз. Қазір бұл мәселе қарастырылып жатыр, – деді Марат Әбуов.

Білім беру басқармасының мәліметіне сәйкес, былтырғы көмек алушылардың едәуір бөлігі биыл жаңа жүйе талаптарына сәйкес келмеген. Нақтырақ айт­қанда, былтыр екінші санат бо­йын­ша көмек алған 14 мың бала­ның шамамен 7 мыңы биыл автоматтандырылған сүзгіден өтпеген. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Өйткені ата-аналардың басым бөлігі өздерінің нақты қандай көрсеткіш бойынша көмекке лайық деп танылмағанын білмейді.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда азаматтарға түсіндіру жұмыстары күшейтілуі қажет. Әйтпесе цифрландырудың басты мақсаты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету болғаны­мен, керісінше, түсініспеушілік пен әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін.

Биыл қанша бала көмек алады?

Облыстық Білім беру басқар­ма­сының мәліметіне сәйкес, Атырау облысында жаңа оқу жылы қарсаңында 23 мыңнан астам оқушыға бірреттік материалдық көмек көрсету жоспарланған. Әр балаға 50 851 теңгеден төленеді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінген. Қа­зір­гі таңда 5 342 балаға қаржы­лай көмек аударылған.

Сонымен қатар автоматты жүйеден өте алмаған балаларды қолдау мақсатында «Мектепке жол» республикалық акциясы іске асырылуда. Былтыр осы акция арқылы өңірде 5 мыңға жуық ба­лаға көмек көрсетілген. Биыл ак­ция 30 қыркүйекке дейін жал­ға­сады.

Сарапшылардың пікірінше, ақпараттық жүйелер азаматтардың ресми табысын көрсеткенімен, олардың нақты әлеуметтік жағ­дайын дәл бейнелей бермейді. 

– Қазір Қазақстанда несиесі жоқ адам ілуде біреу. Автоматтан­дырылған базада несие жүктемесі, уақытша жұмыссыздық немесе бейресми табыс мәселелері көрін­беуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік көмекті толық автоматтандырумен қатар апелляция механизмін де жетілдіру қажет. Азамат көмек ала алмаса, оның себебін біліп, қайта қарауға өтініш бере алуы тиіс, – дейді заңгер Нұрайым Шандозова.

Атыраудағы жағдай бір өңірдің мәселесі ғана емес. Бұл – цифр­ландыру мен әлеуметтік әділеттілік арасындағы тепе-теңдікті сақтау­дың қаншалықты маңызды екенін көрсететін мысал. Жаңа оқу жылы қарсаңында қоғамды алаңдатқан басты сұрақ өзгермейді: мемле­кеттік қолдау жүйесі шынымен мұқтаж баланы көре алып отыр ма?

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы