Алматы тауларында мотоциклмен келе жатып құлаған турист құтқарылды.
Оқиға Медеу ауданындағы теңіз деңгейінен 2860 метр биіктікте орналасқан «Үш ағайынды» шыңында болған. 1988 жылы туған ер адам тау соқпағымен мотоциклмен жүріп келе жатып құлап, қолын жарақаттаған.
Оқиға орнына Алматы қаласының Мониторинг және жедел ден қою орталығының құтқарушылары аттанды. Олар туристпен байланысқа шығып, геолокация арқылы оның нақты тұрған жерін анықтаған.
Құтқарушылар зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жарақаттанған қолын таңған. Кейін оны таудан түсіріп, «Алма-Арасан» экобекетіне жеткізді.
Экобекетте турист жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Дәрігерлер оның сол қолы сынғанын анықтап, медициналық мекемеге жеткізді.
