Жаңа Конституция билік өкілеттіктерін нақты институттар арасында бөліп, әр органның конституциялық жауапкершілік аясын айқындайды.
Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлудің конституциялық негіздері
142
оқылды

Қазақстанның жаңа Конституциясы мемлекеттік билікті ұйымдастырудың жаңа моделін бекітті. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Ата Заң 1 шілдеден бастап күшіне енді. Жаңа Конституцияның 4-бабы мемлекеттік биліктің қайнар көзі Қазақстан халқы екенін айқындайды. Сонымен қатар онда мемлекеттік биліктің біртұтас екені және оның заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі, сондай-ақ олардың өзара іс-қимылы қағидаты белгіленген. Конституция негізінде Президент пен Құрылтайдың конституциялық өкілеттіктері, Үкімет пен өзге де мемлекеттік органдардың өздеріне берілген өкілеттік шегіндегі қызметі нақты ажыратылған.

Президенттің конституциялық рөлі

Жаңа Конституцияда Президент мемлекеттің басшысы және ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын ең жоғары лауазымды тұлға ретінде белгіленген. Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Осылайша, Президент билігінің конституциялық рөлі – мемлекеттік билік жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және билік тармақтарының өзара іс-қимылына жағдай жасау.

Бір палаталы Парламент –Құрылтай

Өкілеттіктерді қайта бөлудегі негізгі өзгерістердің бірі – заң шығарушы биліктің жаңа институционалдық моделінің қалыптасуы. Конституцияның 52-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган. Бұған дейінгі екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы заң шығарушы органның құрылуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі елеулі өзгеріс.

Құрылтайдың конституциялық өкілеттіктері заң шығару қызметімен ғана шектелмейді. Ол бюджет, мемлекеттік саясат және атқарушы биліктің есептілігіне қатысты бірқатар функцияларды жүзеге асырады. Осы арқылы заң шығарушы биліктің мемлекеттік шешімдер қабылдау мен атқарушы биліктің қызметін бақылау жүйесіндегі орны айқындалады.

Үкіметтің жауапкершілігі

Жаңа Конституцияның 63-бабында Үкімет атқарушы билікті жүзеге асыратын және атқарушы органдар жүйесіне басшылық жасайтын орган ретінде айқындалған. Үкімет өз қызметінде Президент пен Құрылтай алдында жауапты. Ал 65-бапта Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеу, республикалық бюджетті ұсыну және оның атқарылуын қамтамасыз ету, заң жобаларын Құрылтайға енгізу сияқты негізгі функциялары белгіленген.

Премьер-Министр Үкіметтің қызметін ұйымдастырып, оған басшылық етеді және Үкімет жұмысы үшін жауап береді. Сонымен қатар ол Президент пен Құрылтайға Үкімет қызметінің негізгі бағыттары мен маңызды шешімдері туралы баяндайды. Бұл атқарушы биліктің есептілігі мен жауапкершілігін нақтылауға бағытталған.

Жаңа конституциялық модельдегі өкілеттіктерді қайта бөлу билік тармақтарының қызметін бір-бірінен оқшаулау дегенді білдірмейді. Керісінше, Конституция олардың өзара іс-қимылын қарастырады. Президент мемлекеттік билік тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етсе, Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асырады, Үкімет атқарушы билікті басқарады, ал сот билігі сот төрелігін жүзеге асырады.

Осылайша, жаңа Конституция билік өкілеттіктерін нақты институттар арасында бөліп, әр органның конституциялық жауапкершілік аясын айқындайды. Мұндай модельдің негізгі мақсаты – мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде өкілеттік пен жауапкершіліктің ара-жігін нақтылау, мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету және билік жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне құқықтық негіз қалыптастыру.