Махаббат дастаны адам өлімімен аяқталды. Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованы өлтірді деген күдікке бұрынғы жігіті ілінді. Марқұмының әкесі қызының денесі 12 жерден пышақталғанын айтады. Ал сараптамада басынан да ауыр жарақат алғаны анықталған. Енді қара жамылған отбасы құзырлы органдардан қылмысты ауыр баппен саралауды талап етуде, - деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
20 жастағы Дильназ Жұмағұлова әулеттің жалғыз перзенті. Марқұм Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің II курсын бітірген. Ал оқиға 13 шілде күні болған. Қыз өзінің құрдастарымен кешке жиналып, жастар ауыл ішінде серуен құруға келіскен. Алайда оның замандастары сол күні үйінен шықпай қалған. Ал таңертең марқұмның денесі көшеден табылды.
Марқұмының әкесі қызының денесіне 12 рет пышақ сұғылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мойын тұсын орып түскен сәтте қыз қарсылық көрсетуге тырысқан. Алайда күдікті оны көшенің қақ ортасында сүйреп, пышақ сұққылай берген көрінеді. Ақыры шаршаған сәтте оқиға орынынан қашып кеткен.
– Содан кейін тастаған. Үстіндегі курткасын шешіп алған. Соның бәрін алып, мына жақтағы орманға апарып, телефоны мен курткасын тығып тастаған, - дейді марқұмның әкесі Сабыржан Темірхан.
Қазір қаршадай қызды жер жастандырды деген күдікке бұрынғы жігіті ілінді. 20 жастағы азамат Бородулиха ауылындағы мектептердің бірінде, Дильназ екеуі қатарлас сыныпта оқыған.
– Қызым ол жігітпен қарым-қатынасын тоқтатқанын айтқан еді. Алайда замандастары олар биыл жаздан бастап қайта сөйлесіп жүргенін жеткізді. Негізі екеуі жасты, бір мектепте, қатарлас сыныпта оқыды. Екеуінің арасында қандай жанжал шыққанын білмеймін, – дейді марқұмның анасы Динара Атаева.
Қанды қылмыс болған жер. Қара жамылған отбасының айтуынша, күдікті бірнеше жерден пышақ жарақатын салып, денесін жасырмақ ниетпен 32 метр жерге дейін сүйреп барған көрінеді.
Сараптамада Дильназдың басынан ауыр жарақат алғаны анықталғанын айтуда. Ал ата-анасы бұл қылмысты аса қатыгездікпен жасалды деп санайды. Сондықтан олар істі ауыр баппен қайта саралауды және кінәлінің ең ауыр жаза алуын талап етуде.
– Біз кінәлі адамның барынша ауыр жаза алғанын талап етеміз. Ол заң талабына сай, толық жазалану керек. Қазір іс ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл асқан қатыгездікпен жасалған қылмыс. Сондықтан 99-баптың 2-тармағымен саралануы тиіс, – дейді Динара Атаева.
Сонымен қатар ата-анасы қолға түскен күдіктінің қылмыс жасаған пышағы мен киімі даладағы әжетханадан табылғанын айтты. Қазір отбасының заңгері 5-6 томнан тұратын қылмыстық істі бүге-шүгесіне дейін зерделеп жатыр. Ал полиция қызметкерлері адам өліміне қатысты тергеу аяқталғанын жеткізді.
– Күдікті ұсталып уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Процеске қатысушылар қылмыстық материалдармен тансуда. Танысу аяқталғанан кейін қылмыстық іс заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа жолданады, – деді Абай облысы ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Ержан Телжанов.
Дильназ жоғарғы оқу орнында тарих, география мамандығы бойынша білім алған. Марқұм кәріс және ағылшын тілін жетік меңгерген. Енді зар жылаған отбасы қылмыскер ауыр жаза арқалауын талап етіп отыр.
