Әнші, актриса Айгүл Иманбаева зорлық-зомбылық тақырыбында сөз қозғады, – деп жазды Aikyn.kz.
Өнер иесі бұл тақырып өзі үшін ауыр екенін айтты. Сонымен қатар ата-аналарды балалардың көзінше жанжал шығармауға, бір-біріне қол көтермеуге шақырды..
Айгүл Иманбаева осыдан төрт жыл бұрын продюсер Баян Мақсатқызының зорлық-зомбылық туралы «Бақыт» фильміне басты рөлге шақырту алған. Алайда сценариймен танысқанда өзін жайсыз сезініп, бірден бас тартқан. Оның себебін өзі айтып берді.
«Баяннан сценарийді сұрадым. Сценарийді оқып отырып, бұрынғы сырқаттарым оянды ма, білмеймін, аяқ-қолым дірілдеп, қатты жылап қалдым. Бүкіл өмірім көз алдыма келді. Баянға хабарласып, бұл рөлден бас тарттым. Кейін режиссер Асқар Ұзабаев та қоңырау шалып, көндіруге тырысты. Көзімнен жас тоқтамай, бұл тақырыптың мен үшін ауыр екенін айттым. "Мен бұған оралғым келмейді, қазір психологпен жұмыс істеп жүрмін" дедім. Ақырында ол мені жұбатып кетті. Әркімнің балалық шағы әртұрлі өтеді. Біреу бақытты болады. Біреу түрлі жағдайды көреді. Ата-ананың жанжалдасқанын, қол көтергенін, аузына келгенін айтып жатқанын көретін жағдай болады. Сондықтан қазір де біреу дауыс көтерсе, айдалада отырып қорқамын. Ішімдік ішкен адамды көрсем, аяқ-қолым дірілдейді. Психологпен жұмыс істеп, бәрін санамнан шығардым деп ойласам да, ол әлі "отыр" екен. Кейін сол жағдайлар өміріңде айна-қатесіз қайталануы мүмкін. Менің жеке өмірімде де сондай жағдайлар болды. Қазақ "Баланың көзінше ұрыспа, аузыңа келгенді айтпа" деп бекер айтпаған. Ол миы таза, бәрін жазып отырады. Баланы өмірге әкелгеннен кейін оның тәрбиесіне жауапкершілік алу керек. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтылмаған. Сондықтан балаға барынша білім, тәрбие беріңіздер», – дейді актриса.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
