Атырау індеттен қорғануда
Атырау індеттен қорғануда
122
оқылды
Әлемді шарпыған ін­дет Қазақстанға да жетті. Атырау өңірі де сақтық шараларын күшейтті. Тұр­ғындарды са­бырға шақырып,  жағдайды тұрақты хабарлап отыр. Ін­дет­тен Атырау халқы аман. Де­генмен қамсыз оты­руға да бол­майды. Елімізде індетке қарсы ка­рантин жарияланған күн­нен бас­тап, жер­гілікті тұрғындар теміржол және әуекомпанияларының кассалары арқылы билеттерін же­дел тапсы­рып, ақшаларын қай­тарып алды. Азық-түлік нысан­дарының жабыл­майтыны мәлім болған соң халық сабасына түсіп, сауда орындарында қарба­лас сауда жоқ. Атырау облысы әкімдігі ел­дегі карантинге байланысты жер­гілікті тұрғындарға індеттен сақ­тану жолдарын қатаң қадағалап, үй­ден бей­мезгіл шықпауға кеңес беріп, оны әлеуметтік желілер мен жер­­гілікті бұқаралық ақпарат құрал­дары ар­қылы таратуды бастап кетті. Алдымен халықты мазалаған мәселе азық-түлік сауда нүкте­ле­рінің тұрақты жұмыс істеуі мен қор­ғану үшін бетперденің дәріха­наларда жоқтығы болды. Бұл мәсе­лені жер­гілікті әкімдікпен бірге қоғамдық ұйымдар тез арада шешті. Бетперденің тапшылығын білген Assyl collection брендінің негізін қалаушы Асыл Дюзбаева ерекше челлендж бастады. Ол медициналық бетперде тігіп, әлеуметтік аз қам­тылған от­ба­сыларға таратып, ті­гін ма­­шинасы жоқ жандарды өз ателье­сіне келіп бетперде тігуге үндеді. Ай­тарлығы өткен жылы жер­гілікті әкім­діктің қолдауымен жұ­мыс­сыз қыз-келіншектерді кәсіп­ке үй­рету үшін жүзеге асқан «Іскер ана» жобасымен оқып, серти­фи­кат алған жандар да қалыс қал­мады. Азаматтық орталықтың дирек­торы Әйгерім Досқалиеваның айтуын­ша, бүгінде олар 600-ге жуық ме­дициналық бетперде тігіп, алдымен аз қамтылған отбасыларға тегін та­ратып, сұранысты өтеу үшін тұр­ғындарға сатуда. Бұл бетпердені үш сағаттан соң жуып, үтіктеп, қайта пайдалануға болады. Елде жергілікті әкімдік індеттің алдын алу үшін жедел қимылдап, қала ПИК-теріне түсіндіру жұ­мыстарын жүргізіп, көпқабатты тұр­ғын үйлердің кіреберістерінде залалсыздандыру жұмыстарын және «Арнаулыавтобаза» ЖШС қала аялдамаларын залалсыздандыруды бастады. Мекеме жұмысшылары күн сайын 143 аялдама, сондай-ақ іргелес аумақ пен орындықтар ЖШС-ның екі бригадасы күніне екі рет дезинфекция жұмыстарын жүргізуде.  

Арнайы рейспен келгендер бақылауда

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов арнайы өт­кен брифингте «Қазіргі таңда облыс кө­лемінде коронавирус жұқ­­тыру дерегі жоқ. Десе де, корона­вирус жұқпасы тіркелген жағ­дайда об­лыс­тағы медициналық мекемелер тиісті шаралар қолдануға дайын. Бүгінде дәріханалар мен ауруханалар ме­дициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді», – деді. Аталмыш басқарма баспасөзі берген мәліметке сүйенсек, өңір­де карантинге арналған 1 840, провизорлық 200, инфекциялық 130 кереует дайын. Қазіргі күні 40 адам карантинде жатыр. Олардың көбі облыстық туберкулезге қар­сы диспансерге орналасқан. Құр­манғазы ауданында – 2, Мақат пен Жылыой аудандарында бір адамнан карантинде жатыр. Соңғы күндері атыраулықтар ар­найы рейспен келген жолау­шы­лардан қауіптеніп, бақылауға алуын сұрауда. Алайда денсаулық сақтау басқармасы жағдайды қа­дағалап отырғанын хабарлады. Айталық, 20 наурыз күні Атырауға Біріккен Араб Әмірліктерінен қазақстандық 126 жолаушы келді. Олар індет қаупі өлшемі бойынша 2 категорияға жататын қауіпті емес елден келді. Әуежайда толық тексеруден өт­кізілді. Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Бай­толла Ғазизовтың айтуынша, барлы­ғының жағдайы жақсы. Үйлеріне жіберіліп, тұрғылықты мекенжайы бойынша бақылауға алынған. 24 наурызда Атырауға Біш­кек­тен шыққан әскери ұшақ келіп қонды. Ұшақ бортында 21 жолаушы, Амстердамнан 18 жо­лаушы келді. 26 наурызда Аты­рауға арнайы рейспен Атырау және Маң­ғыстау облыстарының сту­дент­тері ұшып келді. Бұл сту­дент­тер алдымен Варшавадан Қара­ған­дыға жеткізілген. Барлығы коро­навирусқа қатысты арнайы тест тапсырды. «Варшава–Қарағанды» рейсінің жолаушылары карантинге 2 күн жатып шыққан. Тест нәтижесі олардың денінің саулығын көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың айтуынша, Польшадан Қазақстанға барлығы 207 адам оралған. – Басым көпшілігі шетелде оқып жүрген студенттер. Студент­тердің біразы батыс өңірлерінен. Жолаушылардың барлығы коро­навирусқа тест тапсырып, инфек­ция­дан аман екені анықталды,– деді Ержан Әбілханов. – Ма­хамбет Жолдасқалиұлының тап­сырмасымен «Теңізшевройл» компаниясымен жиын өткіздік. Аталған компанияның әуекемесін қолдануға шешім қабылдадық. ТШО компаниясына және кәсіп­орын басшысы Имер Боннерге бас­таманы қолдағаны үшін алғыс білдіремін. Үстемеақы төлеу жө­нінде ешқандай сұрақ туындаған жоқ. Екі рейсті де өз есебінен төледі. Барлық студенттер тегін ұшып келді, – деді Ержан Әбілханов.  

Көшпелі отырыс індетті жолатпауға арналды

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов ден­саулық сақтау басқармасы, поли­ция департаменті мен Атырау об­лысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіз­дігін бақылау департаменті бас­шылығымен көшпелі кеңес өткізді. Аймақ басшысы Атырау қала­сының кіреберісіндегі полиция бекеттерін қарап шықты. Аталған нысандарда санитарлық пункттер орналастырылуда. Мұнда өзге өңірлерден облыс орталығына кө­лікпен өтетін адамдар тексерілетін болады. – Кешеден бері пункттерде по­лиция қызметкерлерімен қатар, Атырау облысы бойынша тауар­лар мен қызметтердің сапа­сы мен қауіпсіздігін бақылау депар­таментінің мамандары кезек­ші­лікті бастады. Олар көлік жолау­шыларын резидент емес нөмірі­мен тексереді. Сонымен қатар жо­лау­шылардың дене қызуы өлше­неді, – деді департамент бас­ты­ғы Мейіржан Есімбаев. Әкім сани­тар­лық нысандарды қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәр­мектермен жабдықтау жөнінде бір­қатар тапсырмалар берді. Өз кезегінде, бөлім басшылығы тәу­лік бойы кезекшілік атқаратын қыз­меткерлердің тізімін дайындауы тиіс. – Біз санитарлық нысандардың жұмысын облыс орталығында ко­ро­навирус инфекциясының алдын алу үшін ұйымдастыруымыз қа­жет. Карантин жарияланған аймақ­тардан қалаға кіретін көлік жолау­шыларын мұқият қадағалау керек,– деді Атырау облысының әкімі. Көшпелі жиын соңында Махамбет Досмұхамбетов об­лыс­тық туберкулезге қарсы дис­пансерде болды. Мұнда аймақ басшысы жеке гигиена заттарымен, қауіпсіздік техникасымен, карантинге жатқы­зылған науқастарға арналған жи­һаздар жеткізілген қойманы қарап шықты. Қажетті жабдықтар «ТШО» компаниясының демеушілік қара­жаты есебінен алынған.  

Өңірде дезинфекциялау жұмыстары басталды

Кешеден бастап облыс орта­лығындағы халық көп жинала­тын қоғамдық орындарды дезинфек­циялау жұмыстары басталды. «Батыс» аймақтық қолбас­шылығының әскери қызметшілері аумақты дезинфекциялауға қа­тысуда. Арнайы жеке қорғаныс киім­дерін киген әскери қыз­мет­шілер дезинфекцияға арналған ерітінділерді пайдаланды. Жұмыс қаладағы төрт учаскеде – халықаралық әуежайда, автово­кзал және теміржол вокзалы, сондай-ақ «Исатай-Махамбет» алаңында жүргізілуде. – Дезинфекциялық аумақтағы ерітіндінің әсері 5 сағатқа дейін со­зылады. Оның тұрғындар үшін еш­қандай қаупі жоқ. Бүгінгі таңда 3,5 тонна ерітінді пайдаланылды,– деді «Батыс» аймақтық қолбас­шылығы Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әс­кери бөлімінің қызметкері Сафар Фазылов.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы