Жақында «Астана Опера» шымылдығын түріп, XIV театр маусымын ашады, ал 13 қыркүйекте Бейбітшілік және Келісім Сарайы сахнасында концертін ұсынады, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты
Кинофильмдерден танымал әуендерді экраннан есту бір бөлек те, оны оркестр мен солистердің жанды орындауында тыңдау мүлде басқаша. Мұны дарынды музыкант әрі осынау жобаның авторы Әлихан Ыдырысовтың арқасында «Астана Опера» көрермендері жақсы біледі. «Экран әуендері» топтамасы 2014 жылы бастау алған, содан бері концерттер театрдың Үлкен залы мен К.Байсейітова атындағы Камералық залының сахналарында өткізіліп келеді. Әрбір өнер көрсетуден кейін музыка сүйер қауым Ә.Ыдырысовқа жылы лебіздерін арнап, бағдарламаны тағы қайталауды сұрайды. Қазір музыкант өзінің авторлық жобасын алғаш рет Бейбітшілік және Келісім Сарайы сахнасында ұсынуға дайындалуда және бағдарлама жаңа көрермендердің жүрегінен ерекше орын алып, балалық шақтан немесе жастық шақтан сыр шертетін сүйікті кинофильмдердің жылы атмосферасын сыйлайды деген үмітте. Бұдан бөлек, шоу-бағдарлама осы сахнада жаңаша әрленетін таныс әуендер арқылы адамдардың талайлы тағдыры мен ғибратты өмір жолын көрерменге паш етеді.

Музыкалық кеш өткен ғасырдағы «Гауһартас», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», «Ән аға», «Біздің сүйікті дәрігер» сынды танымал кинотаспалардан шлягерлерді қамтиды. Бұдан бөлек, «Ағам немесе неке», «Тоқта, түн», «Рэкетир», «Жаным», «Астана – менің махаббатым» сынды басқа да заманауи фильмдер мен телесериалдардан танымал әуендер бағдарламаға көрік береді. Театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен опера труппасының солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Расул Жармағамбетов, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, Мәдина Исламова, Назым Сағынтай, Талғат Аллабиринов, Сұлтан Бақытжан, Ардақ Сабыр, сондай-ақ El Voice тобы және тағы басқа әртістер жарқын өнер көрсетеді. Ал Руслан Баймурзин «Адамдар арасындағы бөлтірік» кинофильмінен Төлеген Мұхамеджановтың «Балалық шақ» туындысын және «Қыз Жібек» кинофильмінен Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін домбырада тамылжыта орындайды. Шақырылған әртіс Евгений Ботников саксофонда ойнау шеберлігін паш етеді. Осынау кеште көпшілік Әлихан Ыдырысовтың шығармашылығына жоба авторы ретінде ғана баға беріп қоймайды, сондай-ақ оның фортепианодағы ойынына тәнті болады. Кинофильмдердегі музыка жас тыңдармандар үшін де тартымды болатынын атап өтуіміз керек, өйткені жоба авторы оларды заманауи кавер нұсқада өңдейді.
– Бұл – сырт көзге оңай көрінгенімен, қыруар еңбекті қажет ететін процесс. Бір жобаға арналған материалды дайындау кейде жарты жыл, кейде тіпті бір жыл уақыт алады. Ал айлар бойы төгілген тер мен дайындықтың нәтижесі сахнада небәрі бір сағаттан астам уақыт ішінде өте шығады. Десек те еңбек пен ізденістің арқасында туған жобаларымның жылдар бойы театр репертуарынан түспей, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлап келе жатқаны – мен үшін зор мәртебе әрі қуаныш, – деп атап өтті Әлихан Ыдырысов. – Кинофильм музыкасының оркестрлік өңдеуін жасайтын кезде мен әрбір нотаның қалай дыбысталуы керектігін егжей-тегжейлі жазып шығамын. Себебі дыбыстың компьютердегі естілуі бір басқа да, оның оркестрдің жанды орындауындағы үні мүлде бөлек, бұлай музыка таңғаларлықтай қуатты шығады. Алайда мен музыканы өңдеумен ғана шектелмеймін, жоба авторы ретінде концерттің басынан аяғына дейінгі әрбір детальді жіті ойластырамын: кештің режиссері кім болатынын, солистердің құрамын, жарықтың қойылуын, оркестрдің сахнада қалай орналасатынын, тіпті музыка ойналып жатқан сәтте экранда қандай бейне көрсетілетініне дейін алдын ала толық жоспарлаймын, - деп пікірін қосты Әлихан Ыдырысов.
XIV театр маусымы бойы «Астана Опера» әртістері Бейбітшілік және Келісім Сарайы сахнасында белсенді өнер көрсетеді. Көрермендерді қызықты гала-опералар мен гала-балеттер және балаларға арналған жобалар күтеді.
