Бұл орайда білім ордаларының есігін айқара ашуы бір бөлек те, балалардың қауіпсіз, таза әрі талапқа сай ортада қарсы алу мүлде басқа әңгіме. Ал Ақмола облысында мектептердің дайындығын тексергендердің қолында 300 нұсқама, бес уақытша тоқтатылған асхана, аяқталмаған жөндеу және әлі басталмаған құрылыс жұмыстары бар.
Бірінші қыркүйек жақындаған сайын мектеп дәліздерінде балалардың тәтті дауысы емес, балғаның тарсылы естіліп кетпесін деген ақжарма тілек бар. Өйткені мектепті оқу жылына дайындау қабырғаны сырлап, терезені жуып қою ғана емес. Бірінші кезекте жүздеген, тіпті мыңдаған баланың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілуі қажет. Асхананың санитариялық талапқа сай болуы, электр желілерінің ақаусыздығы, жылыту жүйесінің жұмыс істеуі, өрт қауіпсіздігі сияқты басқа да қажеттіліктердің бәрі сақадай сай болуға тиіс. Дегенмен Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің деректері жаға ұстатарлық.
Алдымен статистиканы сөйлетейік. Бүгінде өңірде 523 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның 517-сі мемлекеттік болса, алтауы жекеменшік. Мектептерде шамамен 139 мың оқушы білім алады. Биыл облыстың 10 мектебі күрделі жөндеумен қамтылған. Оған жергілікті бюджеттен 5,6 млрд теңге қаралған. Бір қарағанда, аса ауқымды қаржы. Бірақ маусымдағы ресми мониторингте жөндеу жүріп жатқан нысандар бойынша жұмыстардың орташа орындалуы небәрі 10 пайыз болған.
Содан бері жағдайдың бірқатар мектепте ілгерілегені рас. Департаменттің кейінгі, екінші кезеңдегі мониторингі Степногорскідегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №1 мектеп пен Аршалы ауданындағы Ижевское ауылындағы мектепте жұмыстардың жоспарға сай жоғары қарқынмен жүріп жатқанын атап көрсетеді. Көкшетау, Макинск және басқа аудандардағы мектептерде де жөндеу жалғасып келеді. Бірақ «бірқатар мектепте жұмыс жақсы жүріп жатыр» деген сөз барлық мектеп дайын дегенді білдірмейтіні тағы рас. Керісінше, сол соңғы мониторингтің өзі проблемалы нүктелердің әлі де бар екенін ашық көрсетті.
Зеренді ауданына қарасты Алексеевка кентіндегі №1 мектепте жөндеу жұмыстары әлі де басталмаған. Құзырлы органның ресми түсіндірмесі әзір. Қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өзгеруіне байланысты жобалық-сметалық құжаттаманы түзету қажет болған. Сол себепті қайта конкурс өткізуге тура келіпті-мыс. Қағаз жүзінде себеп түсінікті. Бірақ күнтізбе түсіндірмені тыңдамайды. 1 қыркүйек жақындағанда «конкурс қайта өткізіледі» деген жауап балаларын мектепке жетектеген ата-анаға қаншалықты жұбаныш болмақ?
Одан да өткір мысал – Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылындағы мектеп. Департаменттің соңғы мониторингі бойынша онда құрылыс-монтаж жұмыстары әлі дайындық кезеңінде. Қазір рұқсат беру құжаттары рәсімделіп жатыр. Құжаттар алынғаннан кейін ғана мердігер жөндеу жұмыстарына кіріспек.
Жөндеуден тыс қалған мектеп көп
Өңірдегі білім саласындағы өткір жайт күрделі жөндеумен біткен жоқ. Облыстың 62 мектебін биыл жөндеу жоспарланған. Бұл бағытқа бюджет қоржынынан 1,3 млрд теңге қарастырылыпты. Маусымдағы ресми мәлімет бойынша, 62 мектептің 47-сінде жұмыс басталған. Яғни 15 мектепте ол кезде жөндеу әлі басталмаған. Департамент негізгі қатер ретінде конкурстық рәсімдердің созылуын және кейбір нысандардағы жұмыстардың кеш басталуымен түсіндіреді. Содан кейін жұмыстардың бір бөлігі басталған болуы мүмкін. Бірақ қоғамға дәл қазір керек нәрсе – 24 тамыздағы нақты нәтиже. Қай мектепте жөндеу толық аяқталды? Қайсысында әлі жүріп жатыр? Қай мектепте құрылыс жұмысы оқу процесіне кедергі келтірмейді?
Өкініштісі сол, білім ордаларындағы санитариялық жағдай да мүшкіл халде екені байқалды. Бұл туралы өңірдің құзырлы СЭС департаментінің БАҚ өкілдері алдында жақында жария еткен брифинг барысында мәлім болды. Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жаңа оқу жылына дайындық кезінде 503 мектеп пен 462 ас блогына мониторинг жүргізген. Нәтижесінде, 300 нұсқама берілген. Нұсқамалар жөндеуді уақытында аяқтау, жарықтандыру құралдарын ауыстыру, қоқыс контейнерлерін орнату, асханаларға тартпа қолшатырлар қою және басқа да мәселелерге қатысты.
Санитариялық ведомствоның 21 тамыздағы мәліметінде берілген барлық нұсқаманың орындалуын тексеру және ұсынылған ақпаратты талдау әлі жүргізіліп жатқаны айтылған. Міне, мәселенің түйіні де осында. 1 қыркүйекке санаулы күн қалғанда, мектептердегі анықталған кемшіліктердің жойылған-жойылмағанын тексеру әлі жүріп жатыр.

Мектеп қабырғасындағы жарықшақ бір басқа болса, ал бала ішетін ас – мүлде басқа мәселе. Аймақтың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, мониторинг қорытындысымен Целиноград ауданында рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген бес бірдей мектеп асханасының қызметін тоқтату жөнінде шешім қабылданған. Ойлап көріңіз. Мемлекет бақылауындағы мектептің ішіндегі балалар тамақтанатын нысандағы мұндай жағдай аса алаңдатарлық ахуалды айғақтайды.
Олар тексерілгенге дейін қалай жұмыс істеді? Оларға кім рұқсат берді?
Балаларға тамақ беруге дейін қандай бақылау болған? Бұл сұрақтардың жауабы жай ғана «асхана жұмысы тоқтатылды» деген ақпаратпен бітпеуге тиіс.
Асхана тамағын балалар неге жемейді?
Жаңа тамақтану стандарты енгізілгеннен кейін кейбір тағамдардың желінбеу индексі 50-70 пайызға дейін жеткен. Яғни ресми құзырлы органның дерегінше, балаға ұсынылған тағамның едәуір бөлігі желінбей қалған. Қырыққабат пен сәбіз таяқшалары, арпа жармасы, жасыл бұршақ сияқты өнімдер мәзірде болған.
Мәселені мәзірді өзгерту арқылы шешуге болатыны кейін дәлелденді. Ет пен ақуыз өнімдерінің үлесін арттыру жөніндегі ұсыныстардан кейін модельдік мектептерде желінбеу индексі 5-10 пайызға дейін төмендеген.
Ал Көкшетауда жаңа тамақтану үлгісін бақылау үшін үш модельдік мектеп – IT мектеп-лицейі, №3 және №19 мектептер белгіленген. 18 тамыздағы «Көкше» телеарнасының материалында соңғы талдаулар бойынша желінбеу индексінің 5 пайызға дейін төмендегені айтылыпты. Әрине, бұл – жақсы нәтиже. Бірақ жақсы нәтиже шыққан үш мектеп бүкіл облыстың мәселесі шешілді деген сөз емес.
Санитариялық қызмет биыл бақылау тәсілдерін де өзгерткенін хабарлады. 2025 жылғы 4 желтоқсаннан бастап мемлекеттік бақылаудың жаңа нысандары енгізіліп, мектептерге алдын ала ескертусіз мониторинг жүргізу мүмкіндігі пайда болыпты. Яғни бақылаудың «күтпеген жерден келу» қағидаты енгізілген.
Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті өзінің соңғы мониторингінде облыс мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы жоспарлы түрде жүзеге асып жатқанын хабарлады. Мердігерлер анықталып, шарттар жасалған. Техникалық және авторлық қадағалау бар. Нысандардың басым бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр. Мұның бәрін жоққа шығаруға болмайды.
Бірақ ресми есептің келесі жолдарында Алексеевкадағы №1 мектепте жөндеудің басталмағаны, Еркіншіліктегі мектепте құрылыс-монтаж жұмыстарының дайындық кезеңінде тұрғаны жазылған. Сондықтан «жоспарлы түрде» деген сөздің қасына бір ғана сұрақ мазалайды. Жоспар бойынша ма, әлде нақты нәтиже бойынша ма?
Құзырлы орган дерегінше, Ақмола облысында биыл мектеп жөндеуіне 6,9 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталған. Оның 5,6 млрд теңгесі күрделі жөндеуге, 1,3 млрд теңгесі ағымдағы жөндеуге бөлініпті. Сондықтан ата-ананың «Менің балам баратын мектеп дайын ба?» деп сұрауға толық құқығы бар. Ол үшін ата-анаға жүздеген бет есептің керегі жоқ.
Мектеп – құрылыс алаңы емес, баланың білім алатын орны. Сондықтан 31 тамыз күні түнде соңғы бояуды жағып, таңертең парталарды орналастырып, «бәрі дайын» деп есік ашу дайындықтың үлгісі болмауға тиіс. Бала құрылыс қарқынының құрбаны болмауы керек. Ата-ана мемлекеттік сатып алудың кешігуіне жауап бермеуі керек. Оқушы мердігердің ұйымдастыруындағы олқылықтың салдарын сезінбеуі керек. Ал асханадағы рұқсат құжатының жоқтығын бала анықтамауы керек. Мұны ересектер алдын ала анықтауға тиіс.
Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті өз кезегінде мониторингті жалғастыратынын мәлімдеді.
Қысқасы, 1 қыркүйек – есеп тапсыратын күн емес. Бұл – мемлекеттің бала алдындағы жауапкершілігі сыналатын күн. Қоңырау соғылғанда, қабырғада балғаның үні емес, мектеп дәлізінде баланың күлкісі естілуі керек.
Асханада рұқсат қағазы ізделмей, балаға қауіпсіз тамақ берілуге тиіс. Сыныпта құрылыс шаңы емес, білімнің ауасы сезілуі қажет. Ал мектеп есігін ашқан ата-ана: «Баламды бүгін осында қауіпсіз қалдыра аламын ба?» деп күмәнданбауға тиіс. 1 қыркүйекке бір апта ғана қалды. Ал білім ордаларындағы жағдай осы үдерістен шыға ала ма? Бұл көптің көкейінде күдікті күшейтіп тұр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
