1 қыркүйек – Білім күні. Ал қазақ даласында мектеп атаулы санаулы ғана болған XIX ғасырда білім беру жүйесін қалыптастыру оңай болған жоқ. Осы істің басында тұрған тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Қазақтың ұлы ағартушысы тұтас ғұмырын білім беру мен ағартушылыққа арнады. Ол қазақ балаларына арнап мектеп ашып, ана тіліндегі алғашқы оқу құралдарын жазып, ұстаз даярлау ісіне де ден қойды.
Қазақ даласында тұңғыш мектеп ашқан Ұлы ағартушы
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасы Балғожа Жаңбыршыұлының тәрбиесінде өсті. 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясы жанынан қазақ балаларына арналған мектеп ашылғанда, Ыбырай сол мектепке қабылданған алғашқы оқушылардың бірі болды.
Жас Ыбырайдың білімге деген қызығушылығы мектеп қабырғасымен шектелген жоқ. Ол Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В. Григорьевпен танысып, оның кітапханасын пайдалануға мүмкіндік алады. Осылайша, ол орыс және әлем әдебиетімен танысып, білімін өз бетінше толықтыруға ұмтылады.
Мектепті аяқтағаннан кейін Ыбырай біраз уақыт атасының хатшысы болып қызмет атқарып, кейін Орынбор облыстық басқармасында тілмаш болды. Бірақ оның негізгі мақсаты әкімшілік қызметте қалу емес, қазақ балаларына білім беру еді.
1860 жылы Ыбырайға Торғайда қазақ балаларына арналған мектеп ашу тапсырылды. Алайда ол үшін дайын ғимарат та, жеткілікті оқу құралдары да болған жоқ. Сондықтан Ыбырай ауылдарды аралап, мектепке қаржы жинады.
Ақыры 1864 жылғы 8 қаңтарда Торғай даласында алғаш рет мектеп ашылды. Оған алғашқы кезде 14–16 бала қабылданғаны жөнінде деректер бар. Ыбырайдың өзінің бір хатында 14 баланың оқуға кіріскенін жазған. Тіпті, мектеп жанынан балаларға арналған интернат та салынды.
Осылайша, Торғайдағы алғашқы мектеп қазақ даласында жаңа үлгідегі зайырлы білім беру жүйесін қалыптастырудың маңызды қадамдарының біріне айналды.
Кел, балалар, оқылық!
Ыбырай Алтынсарин балаға тек хат танытып, есеп үйретумен шектелген жоқ. Ол үшін мектепте білім берумен қатар, адамды еңбекке, адалдыққа, ізгілікке тәрбиелеуі маңызды болды.
Сондықтан ұлы ағартушының шығармаларында білім мен еңбектің, адамгершілік пен жауапкершіліктің маңызы қатар айтылады. «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» сияқты өлеңдері бірнеше ұрпақтың білімге деген көзқарасына әсер етті.
Ал балаларға арналған әңгімелерінде ол күрделі моральдық мәселелерді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуге тырысты.
Мектеп көбейген сайын қазақ тіліндегі оқу құралдарына қажеттілік те артты. Ыбырай осы мәселені жақсы түсінді. Осылайша, 1876 жылдан бастап қазақ балаларына арналған «Қазақ хрестоматиясын» дайындауға кірісті. Кітапты 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. Хрестоматияға қазақ ауыз әдебиеті, ағартушылық мазмұндағы туындылар, Ыбырайдың өлеңдері мен әңгімелері, сондай-ақ орыс авторларынан аударған шығармалар енді.
Ыбырай жазған тағы бір оқу құралы – «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастапқы нұсқаулығы». Бұл еңбектер қазақ балаларына жүйелі білім беруге арналған алғашқы оқу құралдарының бірі еді.
1879 жылы Ыбырай Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Осы қызметтен кейін оның ағартушылық жұмысының аясы бұрынғыдан да кеңейе түсті. Ол 1879–1883 жылдары Торғай облысының бірнеше уезінде жаңа мектеп ашу жұмысына жетекшілік етті.
Ыбырай Алтынсарин мектеп ашумен қатар, мұғалім даярлау, оқу құралдарымен қамтамасыз ету және білім беру сапасына да ерекше көңіл бөлді.
Сондай-ақ Ыбырайдың педагогикадағы ұстанымына сәйкес, мектеп үшін ең маңыздысы – білікті ұстаз.
Ырғыздағы алғашқы қыздар училищесі
XIX ғасырдағы қазақ қоғамында қыздардың білім алуы сирек құбылыс еді. Соған қарамастан Ыбырай Алтынсарин қыз балаларды оқыту мәселесіне де ерекше назар аударды.
1887 жылғы 15 қыркүйекте Ырғызда қыздарға арналған бір сыныптық училище ашып, 17 қыз оқуға қабылданды. Бір жылдан кейін мектеп жанынан 18 орындық интернат ашылды.
Бұл қадам қазақ даласындағы әйелдердің білім алуына жол ашқан маңызды бастамалардың бірі болды.
Білім жолындағы өшпес із
Ыбырай Алтынсарин қазақ қоғамы үшін тек жалпы білім беретін мектептер аздық ететінін түсінді. Ол жастарды еңбекке баулып, белгілі бір кәсіп меңгеруіне мүмкіндік беруді де маңызды деп білді.
1883 жылы Торғайда қолөнер мектебі ашылды. Бұл қазақ даласындағы техникалық білім берудің алғашқы қадамдарының бірі болды. Сонымен қатар мұғалім даярлау мәселесіне де көңіл бөлінді.
Осылайша, Ыбырайдың ағартушылық идеясы бір ғана мектеппен шектелмей, бастауыш білімнен кәсіптік оқуға дейінгі біртұтас жүйені қалыптастыруға ұласты.
Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы дүниеден өтті. Ол небәрі 48 жыл өмір сүрді. Бірақ осы қысқа ғұмырында қазақ қоғамының білім беру тарихында өшпес із қалдырды.
Бүгінде 1 қыркүйекте мыңдаған бала мектеп табалдырығын аттайды. Ал олардың қолындағы алғашқы кітап, алғашқы әріп, алғашқы сабақтың ар жағында бір жарым ғасыр бұрын қазақ даласында білімнің негізін қалауға күш салған ағартушылардың еңбегі жатыр. Солардың ішінде Ыбырай Алтынсариннің орны бөлек. Оның «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеуі – өз дәуірінде ғана емес, одан кейін де бірнеше ұрпақты білімге шақырған ұранға айналды.
