Елордада бес күн бойы өткен «Coupe Mondiale 79» халықаралық музыка додасы мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды.
Жандос Сауыт, аккордеонист: Баян мектебінің болашағы зор
127
оқылды

Әлемнің әр түкпірінен келген баяншылар мен аккордеоншылар бақ сынаған байқауда қазақстандық музыкант Жандос Сауыттың мерейі үстем болып, үздік орындаушылардың арасынан суырылып шықты. Осы жеңісінен кейін біз жас аккордеонистке қоңырау шалып марапатымен құттықтап, аз-кем әңгімеге тарттық. Айтпақшы, Жандос Coupe Mondiale-ға бұған дейін де қатысып, бақ сынаған. Оның орындауындағы әр шығармада өзіндік мінез бен тереңдік бар.

– Жандос мырза, сізді «Coupe Mondiale 79» сынды ауқымды байқауда топ жарып, жеңімпаз атануыңызбен құттықтаймыз! Бұл жеңістің артында қандай дайындық, қандай еңбек тұр? Жеңімпаз ретінде есіміңіз аталған сәтте ең алдымен ойыңызға не келді?

– Бұл жеңістің артында біраз жылдық еңбек пен үлкен дайындық тұр. Күнделікті дайындықтан бөлек, әр шығарманың мазмұнын терең түсініп, оны сахнада тыңдарманға жеткізуге көп көңіл бөлдім. Әрине, мұндай деңгейдегі байқауға дайындық  техникалық шеберлікті ғана емес, психологиялық тұрғыдан да мықты болуды талап етеді. Ең соңына дейін бірінші орын алғанымды білмедім. Бәрімізді сахнаның бір шетіне жинап, жүлделі орын иелерін бір-бірден шақырып жатты. Мысалы, үшінші орын иесін атаған кезде жүрегім қатты соқты. Себебі екінші және бірінші орын ғана қалды. Соңында орыс пен қазақ музыканты қалдық. Нәтиже белгілі болғанша қатты қобалжыдым. Ал жеңімпаз екенімді білген сәтте ерекше қуандым. Сол кезде ең бірінші ұстазыма, ата-анама және осы жолда маған қолдау көрсеткен барлық жанға алғыс білдіргім келді.

– Әлемнің мықты баяншылары жиналған додада өзіңізге ең үлкен бәсекелес деп кімді санадыңыз? Қай кезең  қиын болды? Финалға қандай шығармалар дайындадыңыз? 

– Байқауда әр қатысушы жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сондықтан нақты бір адамды басты қарсыласым деп айта алмаймын. Өйткені жарысқа өз елінде мықты деп танылған, кәсіби деңгейі жоғары өнерпаздар қатысты. Сол себепті олардың арасынан бір есімді ерекше бөліп айту қиын. Ал ең күрделі кезең – екінші кезең болды. Себебі үшінші кезеңге өтіп, финалға дейін жету әрдайым оңай емес. Дегенмен бәрі ойдағыдай өтіп, сәтті аяқталды.

Финалдық кезеңді Бахтың шығармасымен бастадым. Бұл – классикалық туынды әрі байқаудың негізгі талаптарының бірі. Конкурс шарты бойынша әр өнерпаз полифониялық шығарма орындауға тиіс, сондықтан бағдар­ламамды ең алдымен Бахтан бастадым. Одан кейін байқаудың тағы бір талабына сәйкес баян аспабына арнайы жазылған шығарманы орындадым. Яғни бұл өңделген нұсқа емес, баянға әуел бастан арнайы жазылған туынды болуы керек. Осы талапқа сай баян өнерінің классикалық мектебінің қалыптасуына зор үлес қосқан музыкант әрі композитор Владислав Золотаревтің төрт бөлімді парти­тасын орындадым. Үшінші шығарма – «Каприс» туындысы. Оның авторы Вячеслав Семенов – Мәскеудегі Гнесиндер атындағы музыка академиясының профессоры, халық әртісі. Ал финалдық бағдарламамның соңын­да қазақ композиторы Нағым Меңдіғалиев­тің «Домбыра туралы аңыз» шығармасын орындадым.

– Сахнаға шығар алдындағы соңғы бірнеше минутта орындаушының ішінде қандай күрес жүреді? Сіз толқуды қалай жеңесіз?

– Сахнаға шығар алдындағы соңғы бірнеше минутта қобалжу ерекше күшейеді. Ондай сәтте көбіне жалғыз қалып, толқынысымды өзім жеңуге тырысамын. Өзімді іштей қамшылап, орындайтын әр шығармамды ой елегінен өткіземін. Әр туындыны қалай орындауым керек, қай тұсында нені ерекше көрсету қажет – соның бәрін ойша бір рет саралап шыққаннан кейін ғана сахнаға кө­терілемін. Сондай-ақ сахнаға шығар алдында ешкімге қол беріп амандаспаймын, сөйлес­пеймін. Өйткені дәл сол сәтте ойымды жан-жаққа бөлмей, бар назарымды алдағы өнер көрсетуге аударуға тырысамын.

– Бұл жолы байқау өз еліңізде, Астана­да өтті. Қазақстандық көрерменнің алдында әлем кубогы үшін күресу жауапкершілікті арттырды ма?

– Бұл байқаудың Орталық Азияда, соның ішінде Астанада алғаш рет өтуі мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Жарыстың бастапқы кезеңінде төрт қазақстандық қаты­сушы едік. Ал финалға жеткен кезде жалғыз өзім қалғанымды түсінген сәтте жауапкершілік одан әрі артты. Мемлекетімнің абыройын лайықты қорғап шығуым керек деген ойдың жетегінде кетіп, ақыры нәтижеге қол жеткіздік.

– Баянды кейде көпшілік тек халық әндері мен той музыкасына жақын аспап ретінде қа­былдайды. Ал оның мүмкіндігі қаншалықты кең? 

– Шын мәнінде, олай емес. Баян – скрип­ка, виолончель, фортепиано секілді класси­калық аспаптармен бір деңгейде тұра алатын мүмкіндігі мол аспап. Мысалы, фортепианоға немесе скрипкаға жазылған шығармаларды баянға өңдеп орындауға болады. Яғни баян тек бір аспаптың мүмкіндігімен шектелмейді. Тіпті оркестрге арналған шығармалардың өзін жалғыз баянмен орындауға мүмкіндік бар. Баян аспабының ерекшелігі де, мүмкіндігі де осындай кең.

– Бүгінде жастар арасында фортепиано, гитара, заманауи электронды музыкаға қы­зығушылық жоғары. Ал баянға жастарды қалай қайта қызықтыруға болады деп ойлайсыз?

– Қазір баянды жастарға заманауи қырынан көрсету керек деп ойлаймын. Өйткені баянмен тек классикалық шығармаларды  емес, за­манауи музыканы, танымал әуендерді, түрлі стильдегі туындыларды да еркін орындауға болады. Жастарға аспаптың осындай кең мүмкіндігін таныта білу маңызды. Қазір әлеуметтік желілерде түрлі әнге кавер түсіру кең таралған. Баянистер де осы бағытты кәсі­би деңгейде дамытып, сапалы каверлер мен қызықты музыкалық жобалар ұсынса, баянға деген қызығушылық арта түсер еді. Әсіресе жастар жиі қолданатын платформалар­да баянның жаңа қырын көрсету оның тек дәстүрлі немесе классикалық аспап емес, бүгінгі музыкаға да еркін бейімделе алатын аспап екенін аңғартады. Меніңше, осындай жұмыстар арқылы баянның аудиториясын кеңейтіп, жас буынның бұл аспапқа деген көзқарасын өзгертуге болады.

– Қазақстанның баян мектебі әлемдік деңгейде қай орында тұр? Бізде таланттар бар ғой, халықаралық сахнаға шығуға кедергілер бар ма?

– Қазақстанның баян мектебінің әлемдік деңгейде өзіндік орны бар деп ойлаймын. Өйткені еліміздегі педагогтар мен профессорлар баян өнерін өте жоғары деңгейде дамытып келеді және бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді. Сондықтан Қазақстандағы баян мектебінің болашағы зор. Біз секілді жас таланттардың қатары да көбейе түседі деп сенемін. Ал дарынды жас­тардың халықаралық сахнаға шығуына кедергі келтіретін негізгі мәселенің бірі – қаржы. Шетелдік байқаулар мен фестивальдарға қа­тысу оңай емес, оған қоса сапалы баян аспабын сатып алудың өзі үлкен шығынды талап етеді. Баянның бағасы қымбат болған­дықтан, бұл да жас музыканттар үшін белгілі бір қиындық тудырады. Басқа жағынан ай­тар­лықтай кедергі жоқ деп ойлаймын. Өйткені бізде мықты педагогтар да, талантты балалар да жеткілікті. Ең бастысы, сол жастарға мүмкіндік беріп, халықаралық деңгейде өздерін көрсетуіне жағдай жасау.

– Келесі асу қандай? 

– Алдағы мақсатым – тағы да халықаралық сахналарда жиі өнер көрсету, концерт беру. Сол арқылы Қазақстанның атын, оның бай мәдениеті мен өнерін шетелдік көрерменге кеңінен танытқым келеді. Өнер арқылы еліміздің мәдени әлеуетін көрсету – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі маңызды мақсат.

– Рақмет, жетістіктеріңіз көп болсын! 

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ