Елімізде 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні ретінде атап өтіледі. Бұл датаның шығуы тегін емес, дәл осы күн Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай белгіленген.
Халық тұтастығының темiрқазығы
103
оқылды

Осылайша, 2017 жылғы 31 қазандағы Үкімет қаулысымен ұлт ұстазының есімі ерекше күнге телінді. Осыған орай біз еліміздің тіл саясатының маңызына бір шолу жасап, біртұтас жұрт болуға қалай оң әсерін тигізіп жатқанын бағамдап көрдік.

ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ТАМЫРЫ БЕРІК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдары тіл тақырыбына аз тоқталған жоқ. Тіпті халықаралық аренада да еліміздің өзге этностар тіліне құрметпен қарап қана қоймай, қазақ тілінің мәрбесін арттыруға күш салатынын ашық жеткізді. Мәселен, 2023 жылы 13 қазанда Бішкек қаласында өткен ТМД-ға мүше елдер басшылары кеңесінің отырысында ел Президенті «Қа­зақстан қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береді», – деп мәлім­деді. Яғни қазақ тілінің мәселесі халықаралық деңгейде айтылға­нын, еліміздегі тіл саясатын тұ­рақты әрі саты сатысымен жүргі­зі­ліп отырғанын байқауға болады.

Кейін бұл мәселе билік наза­рынан тыс қалған жоқ. 2024 жы­лы ұлтымыздың рухани мінбері саналған Ұлттық құрылтай жиы­нында Мемлекет басшысы тіл та­қырыбын тағы көтеріп, тіліміз­дің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін баяндады. 

– Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі биз­нес­тің, ғылым мен техниканың тілі­не айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ ті­лін­дегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды ауда­рып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кі­таптардың ішінде көркем әде­биет қана емес, іскерлік бағыт­та­ғы туындылар да көп. Мемле­кеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделік­ті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын ны­ғайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шық­пайды. Ең бастысы, нақты іс бо­луы керек – деді Президент. 

Сол жылы Қасым-Жомарт Тоқаев тіл туралы тағы бір ма­ңыз­ды жиында сөз етті. Ол – Қа­зақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөй­леген сөзі еді. 

– Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көр­сетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге кел­генде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұс­тамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біз­дің мемлекеттік тілді жан-жақ­ты дамытуға баса назар ауда­ратынымызды жоққа шығар­майды. Сонымен қатар мем­ле­кет­тік тілдің дамуына айрықша назар аударуға ықпал етеді. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этнос­аралық қатынас тіліне айнала­тынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Қазақ­стан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көп тілді ел, бола­шақ­та да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ал биыл 12 наурызда Мем­лекет басшысы барлық деңгей­дегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйлеп, тілдерге, соның ішін­де қазақ тілінің мәртебесіне ерекше тоқталды. Бұған қоса, Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік тілдің орны нақты көрсетілгенін тілге тиек етті. 

– Жаңа Конституция жоба­сында «Қазақстан Республика­сының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты жазылған. Бұл ретте ана тіліміз тек көркем әде­биетте ғана емес, еліміздің қо­ғам­дық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылады. Ең маңыздысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын», – деді Президент. 

Әйтсе де, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жастары бірне­ше тілді меңгеруге толық мүмкін­дік алғанын жеткізді. Сонымен қатар еліміздің аумақтық тұтас­тығын сөз еткен Мемлекет бас­шысы жаңа Конституцияның қа­зақ және орыс тілдеріндегі мә­тіндерінің заңдық күші бірдей екенін мәлімдеді. Бұл мәселе қо­сымша түсіндірмені қажет ет­пейтінін қоса айтты. Осыны ес­керсек, тіл саясаты мемлекет құ­рылымында маңызды рөл ат­қара беретінін, қоғамдық келі­сімді қамтамасыз ететін бір сала екенін байқаймыз. 

ЖИ МЕҢГЕРГЕН МЕЖЕ

Жалпы, қай саланың да өр­леуі тілмен қатар жүретіні анық. Кейінгі жылдары еліміз жасанды интеллект жайына ден қойды. 2026 жылды Қазақстан Прези­ден­ті «Цифрландыру және жа­санды интеллект жылы» деп жа­риялаға­ны тағы бар. Осы тұста қазақ тілі жасанды интеллект саласында қарқынды дамып, цифрлық кеңістікте толыққанды іске қосу бағыты стратегиялық нәтижелерге жеткенін мақтанып айта аламыз. 

Қазір қазақ тілімен байла­нысты отандық төл тілдік мо­дель­дер бар. Назарбаев универ­ситеті жанындағы ISSAI (Smart Systems and Artificial Intelligence Institute) институты отандық KAZ-LLM (Large Language Model) үлкен тілдік моделін жа­сап шығарғанын көбі білмес. Ол жүз миллиардтан астам мәтін бір­лігінен құралған үлкен кор­пус­та оқытылған. Модель қазақ, орыс, ағылшын және түркі тіл­дерін жетік меңгерген. Сол се­кіл­ді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалым­дары мен А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институты ака­демиялық, ғылыми және әде­би мәтіндерге негізделген маман­дандырылған KazLLM моделін әзірлеген, қазақ тілінің грамма­тикалық сапасын арттыруда. 

IT-коммуникация саласында да жетістік мол. Елімізде іске қо­сылған Alemcloud суперком­пьютері үлкен деректерді өңдеуге және қазақ тіліндегі ЖИ мо­дельдерін ішкі серверлерде қа­уіпсіз оқытуға мүмкіндік берді. Деректер мен цифрлық қорлар бағытында да жемісті еңбек бар. «Тіл қазына» орталығы мен Тіл білімі институты қазақ тілінің миллиондаған сөзден тұратын Ұлттық корпусын дайындаған. ЖИ модельдерін сапалы дата­сетпен қамтамасыз ету жұмыс­тары әлі де жүзеге асып жатыр. Бұған қоса, мемлекеттік тілдегі аудиоларды, дыбыстарды мәтін­ге айналдыру ісі жетілдірілді. 

Ғаламдық жүйелермен интег­рация да жақсарды. Қазір OpenAI-дың (ChatGPT), Google (Gemini) және Meta (Llama) сияқ­ты әлемдік гиганттардың мо­дельдерінде қазақ тілін түсіну және жауап беру сапасы айтар­лықтай өсті. Көптеген отандық стартап осы ашық модельдерді қазақша деректермен қайта оқы­тып, қолданысқа енгізіп жатыр. Бұл бағыттарды сөз етуіміз бекер емес. Себебі жаңа техноло­гия­лармен қатар дамыған тілдің келешегі жарқын болары хақ. 

БІРЕГЕЙЛІК БАҒДАРЫ

Осы тұста біз елімізде өмір сү­ріп жатқан этнос өкілдерін де назардан тыс қалдырмадық. Соның бірі – Қызылорда өңірлік Журналистер клубының төра­йымы Елена Рыбина. Қазақ тілін өз ана тіліндей білетін оның сө­зінше, Қазақстандағы әрбір аза­мат мемлекеттік тілге, рәміздер мен мәдениеттерге құрметпен қарап, заң мен тәртіпті сақтап, қо­ғамдық келісім мен бірлікті қол­дауға тиіс. Егер осыны өмір­лік ұстанымына айналдырып, ел игілігі үшін адал еңбек ете алса – шынайы мемлекетшілдіктің көрінісі саналмақ. 

– Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ұлттық болмысымыздың, мәдениетіміз бен рухани са­бақтастығымыздың негізі. Мем­лекеттік тілді құрметтеу, оны мең­геруге ұмтылуды әрбір аза­маттың парызы санаймын. Де­генмен «неше тіл білсең, сонша адамсың» деген тағылымды сөз бар. Әрбір жаңа тіл адамға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Тіл білу – тек қарым-қатынастың құралы емес, ой-өрісті кеңей­те­тін, білім мен тәжірибені молай­татын үлкен артықшылық. Мем­лекеттік тілді жетік меңгерумен қатар, өзге тілдерді үйрену ар­қылы біз бәсекеге қабілетті­л­і­гімізді арттырып, әлеммен еркін байланыс орната аламыз, – дейді Елена Рыбина. 

Түйіндей келгенде, Қазақстан халқы тілдері күні – жай атаулы күн емес, өзара түсіністік арқылы біртұтас ел болуға үндейтін дата. Еліміздің кез келген азаматы мемлекеттік тілге құрметпен қа­рай отырып, өзге тілдерді де мең­геріп, мемлекеттің бірегей ұстанымына өз үлесін қоса ала­ды. Осындайда Қадыр Мырза Әлидің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөзінен асырып ештеңе айта алмасы­мызды ұғамыз.

Мадияр ТӨЛЕУ