Алайда кей ауылдарда тұрғындар судың түсіне, дәміне, иісіне және қысымының төмендігіне әлі де алаңдаулы. Бұл ретте «ауызсумен қамтылды» деген ресми көрсеткіш пен халықтың күнделікті тұрмысы қаншалықты сәйкес келеді деген сауал туындауы заңдылық.
Негізінен, ауызсу сапасы халықтың денсаулығы мен елді мекеннің әлеуметтік жағдайын айқындайтын негізгі мәселенің бірі ретінде қарастырылады. Ертеректе тіршілік нәрінен тапшылық көрген ауылдардың қарасы қалың болатын. Күнделікті тұтынатын суын құдық пен көшелердегі құбырлардан тасып ішетін қиын-қыстау кезең көптің есінен шыға қоймаған болар. Бұл сапасын айтпағанның өзінде бұқараның бір жұтым суға зәру кездері еді.
Кейінгі жылдары ауызсумен қамту мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағытының біріне айналып, соның негізінде бірқатар өміршең жоба жүзеге асырыла бастады. Бұған дейін әрбір облыс аумақтарының белгілі бір бөлігі орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған болса, бүгінде ірілі-ұсақты ауылдарға дейін ауызсу құбыры тартылды. Мұндай игілікті істің нәтижесін Сыр халқы да сезіне бастады.
Атап айтқанда, 2024 жылдың қорытындысымен облыс халқының ауызсумен қамтылу деңгейі 98,6 пайызды құраған екен. Сол жылдары тіпті бірқатар ауылда ішкі су құбыры мүлде болмай, тіршілік нәріне тапшылық сезіліп тұрды. Бұл уақытта облыс аумағындағы 11 елді мекенді ауызсумен қамтуға 2,7 млрд теңге бөлінгені мәлім болды. Оған 82 шақырым су желісі және 18,4 шақырым кәріз желісі жаңғыртылды. Бұл жұмыстар жоғарыда айтып өткендей, ауыл тұрғындарының ауызсумен қамту деңгейін 98,6 пайызға жеткізуге сеп болды.

Мұндай жұмыстар өңірде 2025 жылы да жалғасты. Яғни былтыр жалпы құны 16,5 млрд теңге болатын жобалар аясында бірқатар елді мекеннің су мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар атқарылды. Оның ішінде облыстың Арал ауданына қарасты Ақбасты, Абай, Тоқабай, Ерімбетжаға, Тастүбек ауылдары топтық су құбырына қосылса, Қазалы ауданындағы Шәкен, Шилі, Шитүбек, Сарбұлақ ауылдарына ішкі су жүйелерінің салынуы тұрғылықты халықтың талабынан туындаған маңызды шешім болды. Сонымен бірге Қазалы және Шиелі ауданындарының бірқатар елді мекендеріне су тұщытқыш қондырғылар орнатылды.
Бір сөзбен айтқанда, 2025 жылы ауызсумен қамту саласында 24 жобаға 23,1 млрд теңге қаржы қаралған. Мемлекеттік органдардың дерегінше, бұл жоспарлы жұмыстар халықтың орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізген.
Жалпы, бүгінде облыс аумағында 4 қала және 222 елді мекен бар. Оның ішінде аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылдардың үлесі Арал мен Қазалы аудандарында басым. Осындай алыс ауылдарға ауызсу жеткізу жұмыстары ұзақ жыл бойы өзектілігін жойған емес. Бұған дейін Арал ауданына қарасты Ақбасты ауылындағы ахуал – осы сөзімізге толық дәлел. Нақты айтқанда, аталмыш ауыл тұрғындары ұзақ уақыт ауызсуды шахталық құдықтардан пайдалануға мәжбүр болды. Ақбастылықтардың айтуынша, ауызсу мәселесі көптен бері шешімін таппай келген. Тек 2025 жылы ғана бұл ауыл орталықтандырылған жүйеге қосылып, ахуал тұрақталғандай болды. Мұндай мысал өңірде аз емес.
Осы орайда «ауызсу құбыры тартылды, ал сапа қандай?» деген сауал көптің көкейін көлегейлеп тұрғаны жасырын емес. Яғни жоғарыда айтып өткен, 100 пайыздық көрсеткіш іс жүзінде мәселені түпкілікті шешіп тастады деуге келмейді. Өйткені бұл ретте су құбырының елді мекендерге жетуінен бөлек, тәулік бойы әр үйге сапалы әрі тұрақты су берілуіне қатысты мәселе қылтиып көрініп қалады.

Бұл тұрғыда бірінші кезекте халық тарапынан ауызсудың сапасына қатысты айтылып жүрген сын-ескертпелер аз емес. Соның ішінде облыс орталығындағы Арай шағын ауданына қатысты су сапасы көп жылдан бері өзектілігін жоймай келеді. Арагідік болса да тұрғылықты халық құбырдан лай су ағып тұрғанын айтып, дабыл қағып жатады. Жауапты мекеме тарапынан мұны құбырды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанымен байланыстырады. Алайда көп уақыт өтпестен мұндай жағдай тағы көрініс табады. Бұл бірінші кезекте облыс орталығының өзінде ауызсу сапасына қатысты мәселенің түбегейлі шешімін таппай тұрғанын аңғартса керек.
Бұған қоса, былтыр облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан орталықтандырылған сумен жабдықтау нысандарынан микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша тиісті деңгейде сынамалар алынып, бірқатар сәйкессіздіктер анықталғанын мәлімдеген болатын. Оның ішінде Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарында және Қызылорда қаласында сәйкессіз сынамалар анықталғаны жария болған еді. Мұның өзі ауызсуға қатысты атқарылар жұмыстардың әлі ауқымды екенін байқатады.
Сол сияқты өңірде су қысымына қатысты түйткіл де төбе көрсетіп қалады. Әсіресе жаз айларында су тұтыну көлемінің күрт өсуі елді мекендердегі су жүйесіне түсетін салмақты арттыратыны байқалып жүр. Биыл жаз басталар тұста Қызылордада су қысымының төмендеуіне байланысты тұрғындардың жиі шағымдануы да осыны айғақтайды. Сол уақытта жауапты басқарма мұны жаз мезгілінде ауызсуға сұраныстың артуымен байланыстырғаны көптің жадында болар.

Өз кезегінде Қызылорда облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан ауызсумен қамту бағытында алдағы уақыт еншісінде атқарылар жоспарлы жұмыстары жөнінде сұрадық.
– Өңірде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту және су бұру жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл ретте елді мекендердегі инженерлік инфрақұрылымның жағдайын жақсарту, тозған су және кәріз желілерін жаңғыртуға басымдық беріліп келеді. Бұл бағытта 2026 жылы ауызсумен қамту және су бұру саласында жалпы құны 11,9 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылуда. Аталған жобалар аясында қолданыстағы инженерлік желілерді жаңарту, олардың өткізу қабілетін арттыру және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту көзделіп отыр. Осы жобалар нәтижесінде өңірдегі су желілерінің тозу деңгейін 31 пайызға, ал кәріз желілерінің тозу деңгейін 30 пайызға төмендету жоспарлануда. Бұл өз кезегінде су жүйелеріндегі апатты жағдайлардың алдын алуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да ауызсумен қамту және су бұру саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасатын болады. Осы арқылы тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етіп, су бұру жүйелерінің сенімді жұмысын қалыптастыру және коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету басты мақсат саналады, – деді бұл жөнінде басқарма тарапы.
Жалпы, Қызылорда облысында тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жыл санап ауқымын кеңейтіп келеді. Дегенмен атқарылған жұмыстармен қатар олардың нақты нәтижесін тұрақты бақылау ұстау қажеттігі байқалады.
Сондықтан ауызсумен қамту саласында атқарылған әрбір жұмыс елді мекендерге су желісінің тартылуымен бірге халықтың тәулік бойы сапалы әрі үздіксіз ауызсуға қол жеткізуімен өлшенуге тиіс.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
