Екінші жағынан, қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесіне қарамастан, іс жүзінде экономикада, өндірісте, технологияда онша қолданылмайтын, халықтың бір бөлігі меңгермеген тіл. Осы орайда бүгінгі Қазақстан халқы тілдері күнінде жазушы, филолог, «Ана тіл мен мына тіл» подкастының авторы Арман Әлменбетпен әңгімелесіп едік.
– Сіз тіл туралы Facebook-та көп жазасыз, YouTube-та подкаст түсіресіз, оның сыртында «Сөзтүзер», «Комментатор сөздігі» сияқты арнаулы кітаптарды шығаруға атсалысқансыз. Осындай қыруар шаруаны тындыра жүріп түйген тұжырымдарыңыз бар ма? Қазақ тілінің ең басты проблемасы неде екен?
– Қазақ тілінің өзінде проблема жоқ, мәселе біздің өзімізде дер едім. Кейбір шаруаларды дұрыс ұйымдастыра алмай келеміз.
Мәселен, басқа тілден калька жасап, қалай болса сөйлеуді тілдің дамуы деп ойлайтын кісілер бар. Біздің тіліміз ескірген, осылайша дамиды деп түсінеді екен. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы, Әбдуәлі Қайдарлардан мысал келтіріп отырып ұқтырсаң, жөнге келеді. Біздің өз тіліміз бар, ешкімге жалтақтаудың қажеті жоқ деген ұстаным салтанат құруы керек.
Жалпы алғанда, мына үш мәселені барынша ерте шешу керек деп білемін: іс-қағаз бен ғылыми стильді қазақшалау; Қазақстанда тұратын кез келген баланы балабақшадан бастап қазақша үйретіп шығаратындай болу; тіл білімі ғылымын ұлттық бағытқа бұру.
– Енді осы үш мәселені жеке-жеке тарқатсақ.
– Кейінгі жылдары қазақша кино тәуір касса жинап жүр, қазақша әндер басқа тілдердегі әндерді ығыстырып шығарды, қазақтілді блогерлер көбейді. Осыған қарап бізде қазақ тілі дамып келеді екен деп ойлаймын. Бірақ қазақ тілі тек көркем әдебиеттің, өнердің, ауызекі әңгіменің, публицистиканың тілі ғана ретінде дамып ұзаққа бара алмайды. Қазақ тілі ғылымның барлық саласын қамтитын тілге, сондай-ақ кеңсе тіліне де айналуы керек. Өмір бойы өзге бір тілге масыл болып тіршілік кеше алмаймыз ғой. Заман тез өзгерді де, біз шенеуніктерге ыңғайлы тілмен алға кетіп қалдық, қазақ тілі Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» әңгімесіндегі Аян құсап: «Балалар, тоқтаңдаршы!» – деп ақсаңдап жүгіріп барады.
Жаңа өзің атаған «Комментатор сөздігі» бар ғой. Сол шаруаны істей жүріп, термин мәселесінің қиындықтарын әбден сезіндім. Бұл бір қиын шаруа. Бірақ істемесе болмайды. Өзге тілде ойлайтын адамға қазақша терминді ұсыныс ретінде айтудың өзі оңай емес. Күледі, жоққа шығарады, дауласады. Бірақ түсіндіру керек. Шамына тимей, қазақ тілі үшін дәл сол сөздің қаншалықты маңызы бар екенін дәлелдеп бағу керек. Комментатор қазақша спорт терминіне тосырқап қарайтын болса, кенші, мұнайшы, IT маманы, заңгер, есепші қалай қарсыласатынын есептей беріңіз.
Ал енді балаға үйрету туралы айтып отырғаным былай ғой. Үйінде қазақша сөйлеп жүрген бала балабақшаға барса, тілін былғап келеді. Одан кейін де жыл сайын қазақ тілінен «бес» деген баға алып, мектеп бітіріп жатқан оқушылардың қазақ тілін тиісті деңгейде білмей шығатынын көріп жүрміз. Мұны айқайлатпай, шулатпай, асқан бір шеберлікпен реттеу – мемлекетіміз үшін аса маңызды.
Ғылымды қазақы бағытқа бұруымыз керек дейтінім, Тіл білімі институты, Шаяхметов атындағы институт, Терминологиялық комиссия, университеттегі тіл білімі кафедралары баяғы «шапирографиядан» құлан-таза айығуы керек деп білемін.
– Термин демекші, «Комментатор сөздігінде» футболда пенальти соғатын нүктені «айтабан» деп аудардыңыздар. Қазақ ертеде ошақтың орнын «айтабан» депті. Яғни бұл – жаңа сөз емес, өз алдына мағыналық жүк арқалап тұрған көне сөз. Сонда ертең анау да айтабан, мынау да айтабан бола бере ме?
– Бола береді. Адамның құлағы, домбыраның құлағы, іс мәшиненің құлағы дегенде адамдар «бәрі бір құлақ па?» деп шатаспайды ғой. Тура сол секілді.
Бекжан Әбдуәли қазақтың жер атаулары далада қалып қоймай, бізбен бірге қалаға көшіп келуі керек деген ой айтқан. Тура сол секілді қазақтың сөздері де бізбен бірге қалаға көшіп келуі керек. Енді ошақ көтермейміз, көшпейміз, жұртта қалған ошақтың орны туралы әңгіме айтпаймыз. Айтсақ та, аз айтамыз. Ол сөз енді сол заман туралы көркем шығармаларда ғана белсенді қолданылады. Ал футболды біз күнде көріп отырмыз. Тіпті екеуі де белсенді қолданып жатуы мүмкін, онда тұрған ештеңе жоқ.
Сондай-ақ бірдей айтылып, бірдей жазылатын, әртүрлі, бір-біріне ұқсамайтын мағынада қолданылатын сөздер де бола береді. Мәселен, «сал» деген сөзді алыңыз. Біржан сал да – сал, бөренелерді бір-біріне байлап өзеннен өтсеңіз, ол да – сал. Етістік сал бар. Бірдеңені шелекке сал, ән сал, сурет сал, керек десеңіз, біреуге пародия жасау да оны салу болады.
Ағылшын тіліндегі come деген етістіктің жеті-сегіз мағынасы бар екенін осы таяуда ғана көріп едім. Сөйтсем, ағылшын тілінде ондай сөз өте көп екен. Яғни бұл дегеніңіз тілдің кемшілігі емес.
Ахмет Байтұрсынұлы бір ұғымға сөз іздегенде әуелі қазақ тілінің өзінен, табылмаса, туыстас түркі тілдерден, одан да табылмаса, орыс-еуропа сөздерін бейімдеп алуымыз керек деп термин жасаудың «жол картасын» құрып берген ғой.
«Комментатор сөздігіндегі» терминдердің бәрі көнерген сөздерді жаңарту арқылы ғана жасалмағанын да айта кетуіміз керек шығар. Ол жерде бейімделген сөздер де, жаңа сөздер де бар.
– Шатаспасам, бұл кітапқа енген сөздерді Терминком да мақұлдады-ау деймін. Дұрыс қой. Бірақ біздің терминологияда бір авторитаризм бар сияқты. Терминком бір терминді шегелейді де, жұрттың бәрін солай жазуға міндеттейді. Кейде соның ішінде қисынға сыймайтын сөздер кездеседі. Мысалы, «миграция» сөзі «көші-қон» деп бекітілген. Бірақ қазір әлеуметтанушылар «эмиграция», «иммиграция», «ремиграция» деген сөздерді қазақша қалай жазарын білмейді. Бұларды бұрынғыша халықаралық термин күйінде қалдырсақ, онда жалғыз «миграцияны» аударудан қазақ тіліне не қайыр? Ғылымда «миграция» сөзі аңдарға, құстарға, балықтарға да қатысты айтылады. Олардың өз ареалында жаппай жылжуын «көші-қон» дегеніміз орынсыздау емес пе? Мұндай мысал көп.
– Терминком міндеттемейді, тек ұсынады. «Рекомендательный характер» дейді ғой, сондай.
Халықаралық термин дегенді қолданып отырсың ғой. Осы елес сөз біздің сорымыз болып тұр. Елес сөз дейтінім, мұндай ұғым жоқ. Кез келген сөз ұғым болған жағдайда ғана бар болады. Ал «халықаралық термин» деген сөз қазақ тілінде бар да, бірақ ондай ұғым мына жалғанда жоқ. Әр халық өзінше сөйлейді. Біздің халықаралық термин деп жүргеніміз – орысшасы мен ағылшыншасы ұқсайтын сөздің орысшасы ғана.
Мысал еткен «миграцияңыз» іс-қағаз стилінде «көші-қон» деп, ал ғылыми стильде, зоологияда басқаша атала беруі мүмкін. Оны жақсылап бекіту керек. Бала кезде оқулықтан қалай оқыса, адам әрі қарай дүниені солай танып кете береді. «Селбесе тіршілік ету», «ұлпа», «жасуша» дегендерді оқып өстік, солардың орысшасын сұраса, көбіміз айта алмаймыз да. Дүниені қазақша тану дегеніміздің өзі осы ғой.
Терминологиялық комиссияға қайта оралатын болсақ, ол жердің жұмыс жоспары әу бастан дұрыс жасалмаған деп ойлаймын. Мақсаттарын айқындап, бюджеттерін көбейтіп, жаңаша жолға түсіру керек.
– Жаңаша жол дегеніңіз қандай жол болуы керек?
– Ең әуелі сөздер орысша-қазақша сөздік түрінде бекітілмеуі керек. Орыстың бір сөзіне қазақтың бір сөзін байлау деген принцип тілдің түбіне жетуі мүмкін. Ұғым, сөз, соның жанына анықтама, қолдан келсе, сурет, одан соң барып орысша, ағылшынша, моңғолша, парсыша аудармалары тұруы керек деп білемін.
Одан кейін келген сұраныстарға байланысты жұмыс істеу, яғни мақсатсыз, бағдарсыз, ағысқа ілесіп кете беру дұрыс емес. Қазақша жоқ терминдердің тізімі жасалуы керек. Осы жұмыспен қатар қазақ тілінде бар, бірақ әлі термин боп бекітілмеген сөздердің де тізімі жасалуы керек. Ол үшін қазақша жазылған кітаптарды, қолжазбаларды түгел сүзу керек. Оның бәрі – құр қиял емес, атқаруға әбден болатын жұмыстар.
– Қазір әлеуметтік желіде тілге ревизия жасайтындар көбейді. Ерінбеген екеудің бірі сөзге жармасып, қазақ олай айтпаған, бұлай сөйлемеген деп бәрін түзетіп отыратын жағдайға жеттік. Тіл білімінде бұған қатысты екі ұстаным бар: біреуі – тілді қатып қалған канон ретінде қорғайтын прескриптивизм, екіншісі – халықтың аузындағы тірі қолданысты норма деп танитын дескриптивизм. Жазушы ретінде, филолог ретінде осы екеуінің арасындағы шекараны қай жерге қояр едіңіз?
– Әлеуметтік желідегі ол үрдіс қазір саябырсығандай көрінеді өзіме. Біреу бірдеңені түзеймін деп талпынса, ол да – қозғаушы күш. Сол пікірталастардың төңірегінде ой піседі, ізденіс болады деп ойлаймын.
Тілдің қалыптасқан ұстындары бар ғой, оған тиісуге болмайды. Тиіссек, оның шегі болмайды, бір заманда жүйесі бұзылған, қолданысқа жарамсыз тілге айналдырып тынамыз. Ал енді қазақшада жоқ сөзді, қазақшада жоқ бір қолданыстарды басқа тілден калькалау жолымен де алуға болады, ауызекі тілде әу баста әзіл ретінде пайда болған сөздерді әдеби нормаға қосуға да болады, тіл өзі солай дамиды. Кезінде ағылшындар төлқұжат алу үшін толтыратын қағаздың ата-тек туралы жолында ][ деген таңба болыпты. Ол уақытта француз тілінің үстем боп тұрған уақыты екен. Сол таңбаны ағылшындар французшалап pé de grue деп атапты. Ол «тырнаның сирағы» деген сөз екен. Қазір ағылшын тілінде pedіgree деген сөз бар. Адамның шыққан тегі дегенді білдіреді.
– Тілдегі ауытқуларға калька ғана кінәлі емес қой. Мысалы, бұрын «оқи бастадым» дейтіндер қазір «оқып бастадым» дейді, «баруымыз керек» дегенді дап-дардай кісілердің өзі «бару керекпіз» деп еш қысылмай айта береді. Меніңше, оған орыс тілінің қатысы жоқ. Бір жағынан бұл табиғи құбылыс та сияқты. 15 ғасырдағы Керей, Жәнібектер пен 19 ғасырдағы Кенесарылар айна-қатесіз бірдей сөйлемеген шығар, Асан Қайғылар мен Абайлардың тілінде аздаған (немесе көптеген) айырмашылық болған шығар деп ойлаймын. Ендеше 19 ғасырдағы тілдің эволюциясы неге дұрыс болуы керек те, 21 ғасырдағы эволюция неге бұрыс болуы керек?
– Бекболат Әдетов деген кісі болды. Мықты аудармашы әрі тілдің жанашыры еді. Сол кісіден он шақты жыл бұрын -уда, -уде жұрнақтары туралы сұрадым. «Қазір осы шақты меңзегенде жазуда, сызуда, оқуда, өтуде, күтуде деп жазу сәнге айналды ғой, сол дұрыс па?» – деп сұраған едім. Сонда ол кісі: «Тіл дамиды, өзгеріске түседі, оған қарсы тұра алмайсың, тек кез келген өзгерістің дұрыс болуын қадағалау керек», – деген еді. «Мәселен сол -уда мен у-деңіз, – деді ол кісі, – барлық жағдайда қолдануға келмейді, мәселен, оның болымсыз формасы жоқ. Яғни келмеуде, жүрмеуде, қарамауда деп айта алмайсыз ғой».
Өзің айтып отырған «-п бастаудың» қате болатын бір себебі бар. Мысалы, Тұманбай Молдағалиевтің «Ал адамдар күліп бастап өмірін, кетерінде жылай да алмай қалады» дейтін өлең жолы бар. Осы жерде «-п бастау» дұрыс қолданылып тұр. Яғни өмірді қалай бастайтынын айтып тұр, нені бастайтынын емес. Бұл «-п бастауыңыздың» осындай дұрыс формасы болғандықтан да, бұрынғы қазақтар бірдеңені бастаған кезде «-й бастадым», «кірістім» немесе жай ғана «бастадым» деп айтқан болса керек.
Ал енді о ғасыр мен бұ ғасырдың арасында айырмашылық болса, қазіргі уақыт пен алдағы уақытта да сондай айырмашылық болуы керек деген ой тумауы керек. Қазақ әдеби тілінің тарихы жақсы зерттелген. Оңайлатып айтатын болсақ, бұл дегеніңіз спортшының зар күйіне келуі секілді шаруа. Спортшы жас кезінде әлжуаз болады, уақыт өте келе шымырланады, арасында спорттан қол үзіп қалса, денесі босап, артық ет алады, ауырып қалуы мүмкін, сосын қайта кірісіп, қалпына келеді. Осы аралықта әртүрлі халде болады. Бабына келген кезде бұрын әртүрлі қалыпты болған екенмін деп, бір арып, бір толып, ойына келгенін істеп кетпейді ғой. Біз тәп-тәуір әдеби нормамызды қалыптастырып, әр замандағы тілдік қабаттан қалған сөздерді сақтай отырып, лексикалық қорымызды байытып, осы күнге жап-жақсы жеткен ұлтпыз. Енді жаңа заманға сай дұрыс түрленіп, одан әрі күшейіп кетуіміз керек.
– Басқа тілдердің синтаксистік жүйесін, сөйлем құрылымын тікелей көшіріп алу сөзді ғана емес, ойды да бұзатындай көрінеді. Мәселен, «министрлік осылай шешті» деудің орнына «министрлік тарапынан осындай шешім қабылданды» деу, «жол жөнделіп жатыр» деудің орнына «жолды жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде» деу тілдің ішкі логикасына қалай әсер етеді?
– Иә, Ербол Тілешов: «Өзге тілдің сөзін қолдану қатты қауіпті емес, ол бір бетке шыққан безеу сияқты нәрсе, ал сөйлем құрылымын көшіру жазылмас дерт секілді қауіпті», – деп еді. Мұның бәрі дүниеде бар құбылыстарды өз тілімізде жазбай, өзге тілдегі дайын мәтінді алып келіп аударғаннан болып жатқан кемшіліктер ғой.
Бір жағы бұл жерде тілдің функционалдық міндеті, стиль деген мәселелер де қылтиып тұр. Мәселен, «Министр осылай шешті» дегенді «Пәленше солай депті ғой» десек, ауызекі стиль болады. Сол ақпаратты министрді суреттей келіп, сөзін түрлендіріп, көркем әдебиет стилінде де айтуға болады. Енді ресми, ісқағаз стилінде жазылғаны көрініп тұруы үшін сондай құрғақ, суық сөздер де керек. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, ол өзге бір тілге қосақталып жүргеннен емес, бірнеше тілден үйрене жүріп, бұрынғы өзімізде бар сөздерді қопарып шығара жүріп қалыптасса, дұрыс болар еді.
– Ауызекі сөйлеу мәдениетін айтқанда «орыс болып кетті» деп қала қазағына ренжиміз ғой. Алайда ауыл қазағының да қарық қылғаны шамалы. Қыстырма сөздерді көп қолдану, орфоэпиялық қателер жіберу, кібіртіктеп, тұтығып, ыңқылдап сөйлеу, әр сөзден кейін, әр тіркестен кейін қалай жалғастырарын білмей, «і-і-і», «а-а-а» деп тұрып қалу қалыпты нәрсеге айналған. Қарапайым халық қана емес, радиоға, теледидарға сұхбат беретін әжептәуір сауатты кісілер де сөйтеді. Сөйлемінің бастауышы қайда, баяндауышы қайда, тұрлаулы-тұрлаусыз мүшелері қайда – айырып болмайсың. Бұл не, сөздік қордың жұтаңдығы ма, әлде ойды жүйелей алмаудың салдары ма?
– Бұл – тек қазақтың басындағы емес, адамзаттың басындағы жағдай. Кез келген тілдегі ескі фильмдерді көрсең, бұрынғы қарапайым адамнан алған жедел сұхбаттарды қарасаң, қазіргімен салыстыруға келмейді. Ақпарат тасқыны адам баласын есеңгіретіп тастады.
Бұрын көркем жазу деген сабақ болды ғой, адам баласының жазуға деген құрметі, махаббаты ерекше еді. Қазір жазу оңай терілетін болған соң көркем жазуға ешкім мән бермейді. Тура сол секілді көркем сөйлеудің де қадірі қалған жоқ. Оны өз басым үлкен мәселе көріп, бас қатырып ойланған да емеспін. Әйтеуір солай болып жатқанын білемін.
– Психолингвистикада бір қызық құбылыс бар: егер адам айналасынан күнделікті қате мәтінді көп көріп, қате сөйлемді көп естіп жүрсе, бара-бара ми оны «осылай болуға тиіс» деп қабылдай бастайды екен. Сөйтіп, қоғам қатенің батпағына батқан сайын өзін дұрыс батып бара жатырмыз деп сезінетін секілді. Біз осы батпаққа батудың қай деңгейіндеміз?
– Біз ол батпақтан шығып келе жатқан болармыз. Жеті-сегіз жыл бұрын «болады ма?», «келеді ме?» деп сөйлеп, солай жазу жаппайласа бастады. Газет, телеарналар да солай сөйлеуден арланбайтын болып бара жатқан. Қазір ол тоқтағандай. Оған себеп болған манағы өзің айтқан тілге ревизия жасағысы кеп тұратындар болса керек (ішінде өзім де бармын). Кезінде шыққан «Сөзтүзер» деген қате сөздер сөздігінің де біраз пайдасы тиді. Сол уақытта идея авторы деп өзін көрсетіп жіберген Дәурен Абаевқа ренжіген едім. Мүмкін менімен бір ауыз сөйлесіп, осылай қыламын деп барып солай істесе, ренжімес пе едім. Пендемін ғой енді. Айтайын дегенім, қазір сол жобаны қолдағаны үшін Дәурен мырзаны ризашылықпен еске аламын. «Үңгірден шыққан ұлтшылдар» деп сынға қалып, артынша осындай кітап шығардық деп өзі жұртқа жар салып, біраз абыройын қалпына келтіргендей де болды, сондықтан ол кісі де маған риза шығар деп ойлаймын (мені танымайды да ғой, әрине, дегенмен есіне түсіретін болса дегенім ғой). Айтпақшы, Дәурен мырза мен біздің арамызда арағайындық қылған ол кісінің кеңесшілері Мирас Мұқаш, Ақтілек Тәжі есімді азаматтарға да ризамын.
– «Сөзтүзерді» әзірлеу барысында БАҚ-ты, ресми құжаттарды, әлеуметтік желіні сүзіп, мыңдаған қате жинадыңыздар ғой. Сол кезде қандай қателер көп байқалды? Қазақша сөйлеп, қазақша жазғанда қай жерден қатты сүрінеді екенбіз?
– Дәл сол кезде түсіндім дей алмаймын, бертінде, «Комментатор сөздігін» әзірлеу кезінде түсіндім-ау деймін. Орыс тілі зат есімге негізделген тіл екен, ал қазақ тілі етістікке иек артқыш. Мұның ең қарапайым мысалы мынау: қазақтар допты «тепті» десе, орыстар «сделал удар» дейді. Осыдан кеп қазақтар «соққы жасады» дейтін болған. Біз төтесінен етістікпен айта салатын нәрсені орыстар сөйтеді екен деп етістіктен зат есім жасап, оған қайта етістік жалғап, әуреге түсіп кетіппіз. Қиындықтың бірсыпырасы осылай өз тіліміздің байлығынан бас тартып, өзге тілдің шылауында кетуден болып тұр.
– Байлық дегеннен шығады, әдетте қазақ тілінің бай тіл екенін дәлелдегіміз келгенде «жылқының түр-түсін білдіретін жүз неше сөзіміз бар» дейміз. Сол сияқты эскимостар да батысқа қарай жүзіп бара жатқан моржды «аргугах», солтүстікке қарай жүзіп бара жатқан моржды «каврык», әр бағытқа жүзіп жүрген моржды «акылюграк», қоректенуші моржды «эхъык», ұйқыдағы моржды «кавалыграх» дейді екен. Африканың Химба деген тайпасы жасыл түстің 40-қа жуық реңкін ажыратып айтатын көрінеді. Бірақ осы тілдерде станоктың мағынасын дәл беретін бірде-бір сөз табылмауы мүмкін. Жалпы, белгілі бір өмір салтына байланған сөздердің көптігі тіл байлығына өлшем бола ала ма?
– Эскимос пен қазақтың ұқсас жері бұрынғы тұрмысына сай тілінің бай болуы ғана емес, бірнеше жыл отар болғанының кесірінен ғылыми тіл мен іс-қағаз стиліндегі терминдерді уақытында қалыптастыра алмауында болып тұр ғой. Ал эксимостардан үлкен айырмашылығымыз – отыз бес жыл бұрын тәуелсіз мемлекет құрып алғандығымызда. Бірақ әлі күнге дейін терминдерімізді толық бүтіндей алмай отырмыз.
«Қазақтың тілі мал шаруашылығы, саятшылық, жауынгерлік – осы үш салада ерекше дамыған», – деп еді Ұлағат Ханзада. Мен осыған табиғатты, аспан әлемін және адамның ішкі жан дүниесін қосамын. Қазақ поэзиясының осынша биікке көтерілуіне де тілінің осындай бай болуы себеп болған шығар деймін.
Жақында бір әңгіме жазған едім. Кеңсе ішіндегі оқиға, құжат туралы. Таныстарыма оқытсам, көркем шығарма емес, мақала сияқты дейді. Я мен нашар әңгіме жаздым, я адамдар кеңсеге қатысты әңгіме оқып үйренбеген. Яғни кеңсе ішінде, құжатта кездесетін сөздер тек публицистикалық стильде, іс-қағаздарда қалып қойған, көркем шығармаға кірмеген. Мейлі, мен әңгімені жаза алмаған болайын. Ол маңызды емес. Бірақ өзің министр туралы, әкім туралы, оның жеке өмірі, ішкі көңіл күйі емес – жұмысы туралы әңгіме, повесть, роман оқып көріп пе едің? Біздің әдебиетімізде қала өмірі жоққа тән. Оның бірден-бір себебі қазақша терминдердің қалыптасып, санаға сіңбегенінде. Қазір қала туралы туындыларға байқау жарияланып жатыр. Қазыларға қиын болғалы тұр. Былай қарағанда қала өмірі туралы шығарма, былай қарағанда журналистік зерттеу сияқты көрініп, қиналуы мүмкін. Оқырман көркем шығармадан қаланың тіршілігін оқып үйренбеген.
«Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау» дейді ғой Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ тілі, жайлауда жүрсең, осының бәріне жарайды. Ал қалаға келсең, отырған жеріңді толық суреттеп бере алмайсың. Өйткені қаладағы бұйымдарды, ережелерді, құжат атауларын, әртүрлі әдеттерді орысша атап, әбден жаман үйренгенбіз. Оның бәрі – ғылыми тілмен айтсақ, термин. Терминдерді қазақшалап, оны халықтың санасына сіңіріп, киноңызда да, романыңызда да жүретіндей қылу – бүгінгі күні істелуге тиіс үлкен жұмыстың бірі.
– Бүкіл әлем AI мен ІT төңірегінде дамып жатыр. Үлкен тілдік модельдердің дәуірі туды. Қазақ тілінің цифрлық қоры жаңа үрдістерге дайын ба? Жасанды интеллект интернетте бар сөзді жинап алып, қате болса да, калька болса да тарата береді ғой. Ертең жастар осы жасанды интеллектінің дүбәра тілін дұрыс тіл деп қабылдап кетпеуі үшін қайтпек керек? Тіл мамандары не істей алады?
– Заман әкелген жаңалықтарға қатысты стратегия болуы керек, әрине. Бірақ дүниенің бәрін дабырасы көп технологиялық үдерістерге апарып тірей беру дұрыс емес. Менің байқағаным, әлемдегі бір жаңалықты естісе, қай саланың болсын мамандары мәселенің бәрі енді шешіліп кететіндей көріп, сол жаңалыққа жармаса кетеді. Спортшылар да ғылымды, технологияны пайдаланады. Денсаулықты бақылауға, бұлшық еттерді жақсартуға, тағысын тағыға керек. Бірақ бәрібір спортшы тер төкпей, бір жаттығуды мың қайталап шеберлігін арттырмай ештеңе шешілмейді ғой. Сол секілді бала оқымай, жазбай, жаттамай білім жинай алмайды, ғалым адам бір сұраққа мыңдаған сағатын арнамай жаңалық аша алмайды, тілдің мәселелері де адамның еңбегінсіз шешілмейді. Қазақы ортада өскен бір қазақ ескі кітаптарды оқып отырып қана ашатын жаңалықтар бар, солай ғана қабылданатын шешімдер бар. Тіл деген – миллиондаған адамның санасына орныққан үлкен бір құбылыс, солардың бәрі ұсынған жаңалығыңды «ә, міне!» деп ескі танысын көргендей қабылдап, әрі қарай қолданып кетуі үшін бұрыннан келе жатқан тізбекті танитындай түйсік керек.
2026 жылы өмір сүріп жатқан тіл мамандары 1926 жылы өмір сүрген тіл мамандары не істесе, соны істеуі керек. Қазақ тілін зерттей беруі керек. Тапқанын халыққа таныстыру, жаңа технологиямен астастыру, тағы сол секілді қосымша жұмыстарды басшылар тиісті мамандарды араластыра отырып ұйымдастыруы керек. Егер технология деп, әлемдік тренд деп ғылым мен тілді әрірек ысырып қойсақ, онда арбаны аттың алдына жеккендей боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Еркебұлан НҰРЕКЕШ
