Алайда цифрлық төлемдердің ыңғайлылығымен бірге қоғамда алаңдаушылық та пайда болды. Мемлекеттік кірістер комитетінің Smart Data Finance аналитикалық платформасы іске қосылғаннан кейін көпшілік салық органдары картаға түскен әрбір аударымды бақылап, кез келген түсім үшін салық талап ете бастайды деп қауіптенді.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер және салық кеңесшісі Раушан Тасшоинованың айтуынша, салықтық бақылаудың техникалық мүмкіндіктері расында кеңейген. Бірақ банк картасына түскен ақшаның барлығы бірдей табыс емес. Тиісінше, әрбір аударым автоматты түрде тексеруге немесе салық есептеуге негіз бола алмайды.
Мәселенің түйіні ақшаның картаға түскенінде емес, оның қандай мақсатпен және қаншалықты жүйелі түрде аударылғанында жатыр. Бір реттік тұрмыстық аударым мен тауар немесе қызмет үшін тұрақты қабылданатын төлемнің экономикалық сипаты екі бөлек.
Азаматтың картасына досы бұрын алған қарызын қайтаруы мүмкін. Ата-анасы баласына немесе баласы ата-анасына материалдық көмек жібере алады. Отбасы мүшелері күнделікті шығындарды өзара бөліседі. Біреу өзіне қажет болмай қалған жиһазын, тұрмыстық техникасын немесе басқа жеке мүлкін сатуы ықтимал. Осындай жағдайларда картаға қаражат түскенімен, оның бәрін кәсіпкерлік қызметтен алынған кіріс деуге болмайды.
– Картаға түскен әрбір аударымды салық салынатын табыс деп қабылдау дұрыс емес. Қаражат қарызды қайтару, сыйлық беру немесе туыстық көмек көрсету мақсатында аударылуы мүмкін. Отбасы мүшелерінің өзара ақша жіберуі де күнделікті өмірде жиі кездеседі. Жеке мүлікті сатудан түскен қаражаттың да өзіндік құқықтық сипаты бар. Сондықтан аударымның жасалу фактісі ғана адамның салық төлеуге міндетті табыс алғанын дәлелдемейді, – дейді Раушан Тасшоинова.
Дегенмен «әр аударымға салық салынбайды» деген қағиданы кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысты жасырудың амалы ретінде қабылдауға болмайды. Егер адам тұрақты түрде тауар сатып немесе қызмет көрсетіп, ақысын жеке картасына қабылдаса, бұл операциялардың сипаты қарапайым тұрмыстық аударымнан өзгеше болады.
Мұнда бір аударымның көлемінен гөрі төлемдердің қайталануы, әртүрлі адамдардан келуі және белгілі бір кезең бойы үздіксіз түсуі маңызды. Шағын сомалардың өзі тұрақты түрде ондаған немесе жүздеген адамнан келіп отырса, оның кәсіпкерлік қызметпен байланысы болуы ықтимал.
Ірі сома назарға ілікпейді
Дегенмен аударымның кәсіпкерлік қызметпен байланысы тек бір төлемнің көлеміне қарап анықталмайды. Қаражаттың қаншалықты жиі және қанша адамнан түскені де ескеріледі. Ал 2026 жылдан бастап осы белгілерді бағалауға аударымдардың жиынтық сомасы да қосылды.
Бір адамның екінші адамға ірі көлемде бір рет ақша жіберуі заңды әрі түсінікті мәміленің нәтижесі болуы мүмкін. Керісінше, шағын сомалардың күн сайын түрлі адамдардан келуі жүйелі сауданың немесе қызмет көрсетудің белгісіне ұқсауы ықтимал.
– Мәселе тек аударым сомасының ірі немесе шағын болуында емес. Қаражаттың қаншалықты жиі түсетіні де ескеріледі. Ақша көптеген түрлі адамнан тұрақты түрде келсе, операциялардың жалпы сипаты талдануы мүмкін. Мұндай төлемдер тауар сату немесе қызмет көрсету белгілеріне ұқсаса, салық органдарының назарын аударуы ықтимал. Бұл тәсіл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға да қатысты. Адам табыс әкелетін қызметпен тұрақты айналысса, одан түскен кіріс заңнамада белгіленген тәртіппен көрсетілуге тиіс. Декларацияланбаған тұрақты табыс қосымша талдаудың нысанына айналуы мүмкін, – дейді сарапшы.
Бұл талап үйінен тағам дайындап сататын, киім тігетін, жөндеу жүргізетін, оқыту немесе кеңес беру қызметтерін көрсететін адамдарға да қатысты болуы мүмкін. Қызметтің әлеуметтік желіде немесе тек таныстар арасында жарнамалануы оның кәсіпкерлік сипатын өзгертпейді. Егер жұмыс жүйелі түрде табыс табуға бағытталса, азамат оның салықтық және құқықтық жағын да ескеруге тиіс.
Түптеп келгенде, жаңа талап бойынша жеке картаға үш ай қатарынан әр айда 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан ақша түсіп, осы үш айдағы жалпы сома 1 миллион 20 мың теңгеден асса, мұндай операциялар кәсіпкерлік табыстың белгісі ретінде қарастырылуы мүмкін. Мысалы, қаңтар, ақпан және наурыз айларының әрқайсысында кемінде 100 түрлі адамнан ақша келіп, үш айда жиналған сома белгіленген шектен асса, банк бұл туралы салық органдарына мәлімет береді.
Алайда бұл талапқа сәйкес келген адамға бірден салық немесе айыппұл салынбайды. Ол тек операцияларды қосымша зерделеуге негіз болады. Салық органдары ақшаның тауар немесе қызмет үшін төлем болғанын әлде қарызды қайтару, туыстардың көмегі, сыйлық немесе жеке мүлікті сатудан түскен қаражат екенін анықтауы керек.
Сондықтан бірреттік ірі аударымнан немесе туыстар арасындағы күнделікті ақша алмасудан қауіптенудің қажеті жоқ. Жаңа тәртіп, ең алдымен, жеке картасын тауар немесе қызмет ақысын тұрақты қабылдау үшін пайдаланатын, бірақ табысын ресми көрсетпейтін адамдарды анықтауға бағытталған.
Smart Data Finance осы операцияларды жеке-жеке бақылаудан гөрі әртүрлі деректерді бір ортада салыстыруға арналған. Мемлекеттік кірістер комитетінің платформасы салықтық қатерді анықтап, әкімшілендірудің тиімділігін арттыруды көздейді.
Оның негізінде 74 дереккөзді біріктірген бірыңғай Big Data қоймасы жұмыс істейді. Платформа 12 сервис арқылы мемлекеттік органдардың, екінші деңгейлі банктердің және басқа ұйымдардың 36 ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылған.
Жүйеде жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, жер учаскелері, бағалы қағаздар, үлестік қатысу, лицензиялар, жеңілдіктер, еңбек шарттары мен нотариаттық әрекеттер туралы ақпарат жинақталады. Сондай-ақ валюталық бақылау аясындағы халықаралық мәмілелер, мобильді аударымдар және өзге қаржылық-экономикалық операциялар жөніндегі деректер қамтылады. Осы мәліметтер негізінде жеке және заңды тұлғаларға қатысты кешенді цифрлық досье жасалады.
Платформа Big Data, жасанды интеллект, машиналық оқыту және болжамды талдау технологияларын пайдаланады. Ай сайын нақты уақыт режиміне барынша жақын форматта шамамен 500 аналитикалық есеп қалыптастырады. Бірақ бұл жүйе азаматтың салығын өздігінен есептеп, оны автоматты түрде жауапкершілікке тартады дегенді білдірмейді. Оның қызметі – ауқымды ақпаратты салыстырып, қосымша зерделеуді қажет етуі мүмкін жағдайларды анықтау.
Табысы жоқ, мүлкі бар…
Салықтық тәуекелді көрсететін тағы бір белгі – адамның ресми табысы мен нақты шығынының сәйкес келмеуі. Мысалы, азаматтың ресми кірісі мүлде көрсетілмеген немесе аз болғанымен, ол қымбат жылжымайтын мүлік, көлік немесе басқа активтер сатып алуы мүмкін.
Мұндай сәйкессіздік бірден заңбұзушылықты білдірмейді. Ақша жинақтан, мұрадан, сыйлықтан, қарыздан немесе мүлікті сатудан алынуы ықтимал. Дегенмен қаражаттың қайдан келгені түсініксіз болса, заңнамада табысты жанама әдістер арқылы айқындау мүмкіндігі қарастырылған.
– Ресми табыс пен нақты шығын арасында елеулі айырмашылық болса, оның себебі зерделенуі мүмкін. Мұндай жағдайда банктік шоттар, мүлік туралы ақпарат және ірі сатып алулар жөніндегі мәліметтер талданады. Жасалған мәмілелер мен мемлекеттік органдарға қолжетімді басқа деректер де салыстырылады. Сондықтан азамат қаражатының заңды көзден алынғанын растай алуы керек, – дейді қаржыгер.
Бұл жерде цифрлық бақылау азаматтың жеке өміріне араласудың құралы ғана емес, көлеңкелі экономиканы анықтау тетігі ретінде көрінеді. Алайда бақылау күшейген сайын мемлекеттік органдардың деректерді дұрыс түсіндіру жауапкершілігі де артады. Өйткені ақпараттық жүйе операцияны көргенімен, адамдар арасындағы қарым-қатынастың мән-жайын өздігінен толық анықтай алмайды.
Бұрын азаматтар туысына ақша жібергенде немесе танысына қарыз бергенде оны құжатпен рәсімдеуге аса мән бермейтін. Қазір қаржылық операциялар цифрлық із қалдыратындықтан, қаражаттың шығу тегін дәлелдейтін қарапайым құжаттардың маңызы артып отыр.
Қарыз берілсе, қолхат немесе шарт жасаған жөн. Мүлік сатылса, сатып алу-сату құжатын сақтау керек. Банк үзінді көшірмелері мен төлем мақсаты көрсетілген түбіртектер де қаражаттың сипатын түсіндіруге көмектеседі. Мұндай құжаттарды бірнеше жылдан кейін іздеп, қайта қалпына келтіру қиын болуы мүмкін.
– Қаражаттың шығу көзін растайтын құжаттарды алдын ала сақтап қойған дұрыс. Олардың қатарына шарттар, қолхаттар және банктік үзінді көшірмелер кіруі мүмкін. Жеке мүлікті сату туралы құжаттар да операцияның мәнін түсіндіруге көмектеседі. Азамат салық органынан хабарлама алса, ең алдымен қандай операция сұрақ туғызғанын анықтауы қажет. Одан кейін тиісті түсініктеме мен қолда бар растайтын құжаттарды ұсынған жөн. Хабарлама алу автоматты түрде салық немесе айыппұл есептелгенін білдірмейді. Ол жауапкершілікке тарту жөніндегі түпкілікті шешім болып саналмайды. Бұл – азаматқа белгілі бір операцияның мән-жайын түсіндіруге мүмкіндік беретін рәсім, – деп түсіндірді Раушан Тасшоинова.
Цифрлық экономикада ақша аударудың өзі бұрынғыдан оңай болғанымен, қаржылық тәртіпке қойылатын талап та күшейіп келеді. Сондықтан бүгінгі басты қағида қарапайым: картаға ақша түскенінен емес, оның шығу тегін түсіндіре алмаудан қауіптенген дұрыс.
Кәмила ДҮЙСЕН
