Business Insider материалын зерттеген Aikyn.kz жолдардағы камераларға қарсы наразылықтың неліктен күшейгенін талдайды.
Флорида Көлік департаменті (FDOT) 31 тамызда Engineering and Operations Memorandum No. 26-01 құжатын жариялады. Оған сәйкес, жергілікті құқық қорғау органдарына штаттың автомобиль жолдары аумағында автоматты нөмір тану жүйелерін (ALPR) орналастыруға берілген барлық қолданыстағы рұқсат қайтарылады. Болашақта бұндай құрылғыларға жаңа рұқсаттар берілмейді. Егер полиция органдары камераларды 30 күн ішінде өздері алып тастамаса, оны FDOT жүзеге асырады.
Ведомство бұндай шешімге камералардың жолдарда «экспоненциалды түрде көбеюі», дербес деректердің құпиялылығына қатысты мәселелер және бақылау жүйелерінің күшейгені себеп болғанын мәлімдеді. Бұған дейін Флорида губернаторы Рон Десантис те бұл технологияның қолданылуы «бақылаудан шығып бара жатқанын» айтқан.
Flock Safety камералары өтіп бара жатқан көліктердің нөмірін автоматты түрде тіркеп, алынған ақпаратты дерекқорда сақтайды. Полиция оны ұрланған көліктерді іздеу, күдіктілерді анықтау және жоғалған адамдарды табу үшін пайдаланады. Flock АҚШ-тың 49 штатында шамамен 120 мың ЖИ-камераны басқарады. Компания технология қылмыстарды ашуға көмектесетінін айтса, қарсы тарап бұндай ауқымды желі азаматтардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді деп алаңдайды.
Флоридадағы шешімнен кейін бірқатар полиция мен шериф кеңсесі одан да қатаң шараға барды. Джексонвилл орналасқан Дюваль округінің шерифі Ти-Кей Уотерс камераларды бүкіл округ бойынша пайдалануды тоқтататынын мәлімдеді. Франклин, Либерти, Патнам және Окалуса округтеріндегі құқық қорғау органдары да жүйеден бас тарта бастады.
Құқық қорғау органдары технологияның пайдасын да мойындайды. Окалуса округінің шерифі Эрик Аден камералар «қылмысты ашу мен адамдардың өмірін қорғауда құнды құрал болғанын» айтып, оларды тоқтатуды қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан көңіл көншітпейтін шешім деп атады.Flock жүйесіне қатысты тағы бір маңызды мәселе – қате сәйкестендіру. Калифорнияның Роузвилл қаласында полиция 2023-2024 жылдардағы ұрланған немесе ауыр қылмысқа қатысы бар көліктер туралы 1 427 автоматты ескертуді тексерген. Соның 1 011-інде, яғни 71%-ында нөмір қате оқылған. Алайда жергілікті полиция қызметкерлері ақпаратты қосымша тексеруге міндетті болғандықтан, бұл қателердің ешқайсысы адамды тоқтатуға немесе қамауға алуға әкелмеген.
Flock-қа қарсы қозғалыс Флоридамен шектелмейді. Аризонадағы Темпе қаласы тамызда 33 камераны өшіріп, компаниямен келісімшартты тоқтатты. Қала мэрі Кори Вудс жүйенің полицияға көмектескенін мойындағанымен, «оны теріс пайдалану қаупі тым жоғары» екенін айтқан. Лос-Анджелес полициясы да шілдеде Flock-пен келісімшартының мерзімін ұзартпаған.
Бұл мәселе енді ұлттық саяси пікірталасқа айналып келеді. Reuters/Ipsos сауалнамасында америкалықтардың 47%-ы өз қауымдастығында осындай бақылау технологияларын пайдалануға қарсы болса, 38%-ы қолдаған. Техас губернаторы Грег Эбботт та Flock камераларын мемлекеттік қаржыландыруды тоқтатты. Осылайша, қылмыспен күресуге арналған технологияның тиімділігі мен азаматтардың жеке өмірін қорғау арасындағы тепе-теңдік АҚШ-тағы жаңа саяси мәселелердің біріне айналып отыр.
