Гуманоид роботтардың дүниежүзілік ойындары технологиялық жетістіктермен қатар күлкілі сәттермен де әлем назарын аударды. Бейжің бұл жарысты өзінің робототехникадағы басымдығын көрсетуге пайдаланды.
Роботтар Олимпиадасы: Германия-Қытай – 10:0
Қытай осы ойындар арқылы «келесі технологиялық дәуірді айқындайтын елдердің бірі болатынын» дәлелдегісі келеді. Фото theguardian.com сайтынан алынды
178
оқылды

Британдық The Telegraph басылымының талдауына сүйенген Aikyn.kz гуманоид роботтарды стратегиялық индустрияға айналдырғысы келетін Қытайдың түпкі мақсатын түсіндіреді.

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасы Қытайдың өзін заманауи әрі қуатты мемлекет ретінде әлемге танытуына мүмкіндік берді. Арада 18 жыл өткенде Си Цзиньпин билігі осыған ұқсас міндетті робототехника арқылы жүзеге асыруға ұмтылып отыр.

Өткен аптада ұйымдастырылған Дүниежүзілік гуманоид роботтар ойындарында машиналар жүгіру, ауыр атлетика, брейк-данс және футбол секілді сайыстарда бақ сынады. Кейбір роботтар қоршауларға соғылып, енді бірі салмақты көтере алмай немесе би кезінде құлап жатқан бейнелер әлеуметтік желілерде тарады.

Сонымен бірге технологиялық жетістіктер де байқалды. Бейжіңдегі гуманоид роботтар инновациялық орталығы әзірлеген Tiangong Ultra 100 метрді 8,86 секундта жүгіріп өтті. Роботтардың бұл қашықтықтағы көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 2 еседен астам жақсарған.

«Бұрынғы әлем чемпионаттары ғылыми конференцияға ұқсайтын, ал мынау нағыз Олимпиада секілді. Мыңдаған адам тамашалап отыр, сен стадионда жарысасың», – дейді Лейпциг университетінің робототехника зерттеушісі Феликс Лоос.

Бұндай шоулар Қытайдың робототехниканы стратегиялық индустрияға айналдыру саясатының бір бөлігі. Биыл Көктем мерекесіне арналған елдегі ең танымал телешоуда Unitree роботтары жекпе-жек өнері мен паркур элементтерін орындаған болатын.

Робототехника жөніндегі кеңесші Георг Штилер бұны 2008 жылғы Олимпиадамен салыстырады. Оның пікірінше, Қытай сол кезде заманауи державаға айналғанын көрсетсе, қазір «келесі технологиялық дәуірді айқындайтын елдердің бірі болатынын» дәлелдегісі келеді.

Инвесторлардың қызығушылығы да күрт артқан. Unitree акциялары компания Шанхайда IPO өткізгеннен кейін бір аптаның ішінде 630%-ға қымбаттады. Ал Xpeng өзінің робототехника бөлімшесінің құны 6,3 млрд долларға бағаланғанын мәлімдеді.Қазір Қытай әлемдегі гуманоид роботтар сатылымының 90%-дан астамын бақылайды. Бірақ бұл көрсеткіш олардың зауыттарда немесе басқа жұмыс орындарында кеңінен пайдаланылып жатқанын білдірмейді. Штилердің есебінше, Unitree сатқан гуманоидтардың 70%-ы өндірістік кәсіпорындарға емес, роботтар мен ЖИ жүйелерін оқытатын зертханаларға жіберіледі.

«Гуманоидтар зерттеу платформалары, демонстрациялық үлгілер мен пилоттық жобалар түрінде кең таралып келеді. Бірақ әзірге өнімді жұмыс күшіне айналған жоқ. Бұл салада мемлекеттік қаржыландыру шешуші рөл атқарады», – дейді ол.

Ойындардың өзі де технологияның шектеулерін көрсетті. Жүгіру жарыстары тек ішінара автономды болды. Роботтарды адамдар батырма арқылы іске қосты, ал кейбірі мәреге жеткенде жұмсақ қоршауларға соғылды. Жарыстардың жартысынан азы ғана толық автономды жұмысты талап еткен.

Бейжің ұзақмерзімді нәтижеге үміт артып отыр. Сарапшы Кайл Чан Қытайдың электромобиль индустриясын мысалға келтіреді. Бір кездері мемлекеттік қолдауға тәуелді болған бұл сектор бүгінде әлемдік нарықтағы жетекші күшке айналды.

Қытайдың ілгерілеуі Батысты қатты алаңдатуда. АҚШ президенті Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздікке төнетін «қолайсыз қауіпке» сілтеме жасап, қытайлық роботтардың импортына тыйым салды. Бұл Tesla-ның Optimus сияқты америкалық жобаларының жолын ашады деп болжануда.

Ал жарыстың символдық қорытындысы Қытайдың қазіргі артықшылығын жақсы байқатты. Робот-футбол финалында неміс командасы қытайлық қарсыласын 10:0 есебімен жеңді. Бірақ алаңдағы роботтардың барлығы Қытайда шығарылған еді.