10 қыркүйекте Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-техникалық саясат саласындағы мамандары кәсіби мерекесін атап өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
2009 жылы дәл осы күні Қорғаныс министрлігінде Әскери-техникалық саясат департаменті құрылған болатын. Бұл бағыттағы мамандар әскердің техникалық әлеуетін дамытуға байланысты кешенді міндеттерді атқарады. Мамандар қару-жарақ пен әскери техника саласындағы жаһандық үрдістерді зерделеп, заманауи әскери технологияларды талдайды және оларды Қарулы Күштердің қажеттіліктері мен мемлекеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, қолдану әлеуетін бағалайды.
Осындай жұмыстардың негізінде армияны әрі қарай техникалық дамыту бағыттары айқындалып, әскерлерді қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен жабдықтау, оларды жеткізу көздерін әртараптандыру жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Басым бағыттардың бірі – отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту.
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру кезінде қазақстандық кәсіпорындардың мүмкіндіктері, өндірісті жергіліктендіру және жаңа технологияларды игеру перспективалары да ескеріледі. Қазіргі кезде отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындары қару-жарақ пен әскери техниканың жекелеген түрлерін, радиобайланыс жүйелері мен автоматтандырылған кешендерді шығарады. Әскерлерге отандық өндірістегі дөңгелекті сауытты машиналар, ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар мен заманауи байланыс құралдары жеткізіліп жатыр. Жаңа үлгілерді сатып алумен қатар, қолданыстағы әскери техниканы жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде.
Бұл саладағы жұмыстың бір маңызды бағыты – халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастық. Қазақстан бұл салада 40-тан астам мемлекетпен және бейінді халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынасты дамытып келеді. 18 елмен екіжақты шарттар мен келісімдер жасалған. Халықаралық комиссиялар мен жұмыс топтары тәжірибе алмасуға, заманауи шешімдерді зерделеуге және бірлескен жобаларды пысықтауға арналған маңызды алаңға айналып отыр.
Әскери-техникалық саясат қазіргі таңда әскердің техникалық әлеуетін арттыруды, қорғаныс өнеркәсібін дамытуды, жаңа технологияларды енгізуді және халықаралық әскери-техникалық байланыстарды нығайтуды көздейді.
Бұл жұмыстардың артында кәсібилігі мен біліктілігі Қазақстан Қарулы Күштерінің техникалық әлеуетін жүйелі түрде дамытуға және еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген мамандар тұр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
