Іс-шара Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен өтуде.
Қазақстанда азаматтарға киберқауіпті анықтауды үйретеді
205
оқылды

Республикалық Киберқауіпсіздік айы аясында 10 қыркүйекте Халықаралық ЖИ орталығы Alem.ai алаңында MSSP Global компаниясы ұйымдастырған екі күндік конференциясы басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шарада мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен цифрлық ортада қауіпсіздік талаптарын сақтау және қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыру мәселелері талқыланады. Іс-шара Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен өтуде.

Конференцияны аша отырып, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев:

«Биыл Цифрлық кодекс пен «Киберқауіпсіздік туралы» заң күшіне енді. Дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама жетілдірілді. Ал Еңбек кодексінде алғаш рет жұмыс берушілер мен қызметкерлердің киберқауіпсіздік пен кибермәдениетке қатысты міндеттері бекітілді. Бұл жұмыстың заңды жалғасы ретінде Киберқауіпсіздік айы жарияланды. Айлық аясында еліміздің барлық өңірінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, киберсабақтар, өңірлік форумдар мен практикалық іс-шаралар өтуде. Айлықты ашып отырған Cyber Steppe конференциясынан бастап, оны қорытындылайтын KazHackStan 2026 іс-шарасына дейін түрлі форматтағы жұмыстар ұйымдастырылуда. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарға интернеттегі алаяқтық пен киберқауіптерді анықтауды, өздерінің дербес деректеріне жауапкершілікпен қарауды және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалануды үйрету», – деді.

Бұл неге әрқайсысымызға қатысты?

Киберқауіптер, фишинг, әлеуметтік инженерия және дипфейктер бүгінде корпоративтік ортадан әлдеқайда асып кетті. Оларға кез келген адам үйде, жұмыста немесе смартфондағы жаңалықтар таспасын қарап отырып тап болуы мүмкін. CYBER STEPPE конференциясына ақпараттық қауіпсіздік мамандарымен қатар мемлекеттік органдардың, бизнестің, банк секторының, стартаптар мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысуда.

Бірінші күн: мемлекет және бизнес

10 қыркүйектегі бағдарлама киберқауіпсіздік талаптарын формалды түрде орындаудан нақты киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға көшу мәселелеріне арналады. Іскерлік бағдарлама аясында мемлекеттік және корпоративтік секторда киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, ұйымдарға Shadow AI технологиясының әсері және онымен байланысты тәуекелдер талқыланады.

Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік саласындағы сервистік модельдің экономикалық тиімділігі, мемлекеттік секторға арналған кешенді шешімдерді сатып алу кезіндегі заңнамалық кедергілер және мемлекеттік органдарға жасалатын кибершабуылдардың өзекті сценарийлері қарастырылады.

Сарапшылар қорғаныс жүйелеріндегі жасанды интеллектінің рөлін, оның қолданылуына байланысты ықтимал қауіптерді, сондай-ақ киберинциденттер кезінде тиімді коммуникация орнату мәселелерін талқылайды.

Техникалық бағыттарда LLM жүйелеріне жасалған шабуылдарды талдау, жасанды интеллект көмегімен фишингті анықтау бойынша воркшоптар және APT шабуылдардың құрылымын талдауға арналған практикалық сессиялар өтеді.

Екінші күн: азаматтарға арналған ашық бағдарлама

11 қыркүйекте конференция өз есігін отбасыларға, студенттер мен педагогтерге ашады. Бағдарлама қарапайым әрі түсінікті тілде, практикалық форматта ұйымдастырылады. Ата-аналар мен балаларға арналған кибербуллинг және онлайн ойындардағы киберқауіптер тақырыбында интерактивті жаттығулар мен викториналар өткізіледі. Қазақ және орыс тілдеріндегі қазақстандық цифрлық тренажер таныстырылады. Сондай-ақ 2011-2026 жылдар аралығындағы хакерлік топтардың текетіресі тарихына арналған дәріс және ата-аналарға арналған сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылады.

Ұйымдастырушылар конференцияға 3 000-нан астам адамның қатысуын күтуде. Оның ішінде Астанада 2 000-нан астам адам офлайн қатысады, ал Алматы, Шымкент және басқа өңірлерден 1 000-нан астам онлайн қосылым жоспарланған.

Екі күн ішінде конференцияда 20-дан астам спикер мен сарапшы сөз сөйлейді.