«Әділет» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қарияларымызға құрмет көрсетіп, ұлықтауды жалғастырып жатыр. Осы жолы жастарымыз Ақмола мен Қарағанды облыстарындағы қариялармен жүздесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Ардагерлерді ардақтайық!»: жылы сөз жанды да, тәнді де емдейді
фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметінен алынды
145
оқылды

Ақмолалық «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы аясында 88 жастағы Зинаида әжеймен кездесіп, қолғабыс етті.

Әжейдің айтуынша, Ленинградта дүниеге келген.

– Ленинград блокадасын бастан өткердім. Қазақстан менің екінші Отаным. Осында мектепті, кейін техникумды бітірдім. 40 жыл бойы әлеуметтік қамсыздандыру саласында еңбек еттім. Олардың әр келгені мен үшін үлкен қуаныш. Әрине, үй шаруасына көмектескені жақсы, бірақ ең маңыздысы – көңіл бөліп, жағдайымды сұрап, әңгіме-дүкен құрғанымыз. Шынын айтсақ, өткен-кеткенді еске алып, сергіп қаламыз. Балаларға алғысым шексіз, деді Зинаида әже.

Зинаида әжеймен байланыс үзбей, жас волонтерлердің барып жүргеніне 5 жылдан асқан. Олардың сөзінше, қолдан келгенше көмегін көрсетіп отырады. Осы жолы волонтерлер үй шаруасына көмектесіп, картоп қазып, қоршауды қалпына келтіріп, ауладағы тазалық жұмысын жүргізді.

Кейде адамға көп нәрсе қажет емес. Жанында көмектесетін біреудің болғаны, жылы сөз айтып, әңгімесін тыңдағаны жеткілікті. Зинаида әженің бізге жиі келіп, тіпті жай ғана әңгімелесіп, хал бөліскеннің өзі үлкен қуаныш.

Біздің көмегіміз материалдық қолдаумен ғана шектелмей, адамға рухани жылу мен көңіл бөлу. «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясының басты мақсаты аға буынға құрмет көрсетіп, оларға қамқорлық таныту.  Ал үлкендердің батасын алып, олардың әңгімесін тыңдау біз үшін де үлкен тәрбие,  деді «Жастар Рухы» жастар қанатының үйлестірушісі Маржан Мускина.

Жалғыз өзі тұратын Зинаида әжейге аптасына екі рет әлеуметтік қызметкер, сондай-ақ келіні Раиса көмектесіп тұрады.

Кездесу соңында Зинаида әже жастарға алғысын айтып, батасын берді. Оларды жиі көргісі келетінін жеткізді.

Аға буын өкілдеріне құрмет көрсету мен қолдау білдіруге бағытталған «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы Қарағанды облысында жалғасын тауып,  «Әділет» партиясының облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қарияның үйіне барып, тұрмыстық жұмысқа қолғабыс көрсетті.

Жастар қарттардың үй шаруасына көмектесіп, аға буын өкіліне ерекше көңіл бөліп, ізгі тілектерін жеткізді. Бастаманың негізгі мақсаты – ардагерлер мен аға буын өкілдеріне қамқорлық көрсету, олардың еңбегін құрметтеу.

Жастар арасында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Осындай игі бастамалар жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.