Кездесу Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың төрағалығымен өтті.
Қазақстан ТМҰ елдерінің сұрауы бойынша іздеуде жүрген 344 адамды тапты
167
оқылды

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлерінің үшінші кездесуі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұған дейінгі отырыстар 2024 жылы Шолпан-Атада және 2025 жылы Бакуде өткен болатын.

Бұл жолы құқық қорғау ведомстволарының басшылары бірнеше елге ортақ мәселелерді талқылау үшін қайта бас қосты. Күн тәртібінде қылмыскерлерді іздестіру, киберқылмыс пен трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл, экстремизм мен терроризмге, адам саудасы мен заңсыз көші-қонға қарсы күрес мәселелері қаралды.

Кездесу Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың төрағалығымен өтті.

Тараптар қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген адамдарды іздестіру мәселесіне басымдық берді. Өткен жылдан бері ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің сұрауы бойынша ҚР ІІМ 344 адамды іздеп тапты. Өз кезегінде шетелдік әріптестердің көмегімен Қазақстан халықаралық іздеу жариялаған 82 адам табылды.

Мұндай көрсеткіштер құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін көрсетеді. Мәселен, түркиялық әріптестердің көмегімен Ыстамбұлда Қазақстан азаматын өлтіру қылмысы ашылды. Бұл бағытта бейінді бөлімшелер арасындағы тікелей байланыс пен жедел ақпарат алмасуға басымдық берілді. Бұл іздеуде жүрген адамдарды жедел анықтап, қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Министрлер трансұлттық сипат алып келе жатқан киберқылмыс мәселесін де талқылады. Қырғызстанмен бірлескен жұмыс нәтижесінде Қазақстанға SIM-бокстарды жеткізу арнасының жолы кесілді. Ал Өзбекстанның құзырлы органдарымен жүргізілген жұмыс барысында дропперлік желіні ұйымдастырушы ұсталды.   

Ташкентте өзбекстандық әріптестер бірден екі колл-орталықтың қызметін тоқтатты. Операция нәтижесінде 19 адам ұсталып, 136 компьютер мен 320 ұялы телефон тәркіленді.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша Әзербайжанмен ынтымақтастық жалғасуда, ал Түркияның бейінді бөлімшелерімен тәжірибе алмасу жолға қойылған.

Технологиялардың дамуы құқық қорғау органдарының алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Соның бірі – жасанды интеллектіні қылмыстық мақсатта пайдалану. Қазақстан бұл мәселені және осындай қауіп-қатерге қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін қараша айында Астанада өтетін халықаралық конференцияда жан-жақты талқылауды ұсынды.

Келіссөз барысында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері де жіті қаралды. Жыл басынан бері ҚР ІІМ радикалды идеяларды ұстанған 145 шетел азаматын ұстап, елден шығарды.

Бұл бағыттағы халықаралық ынтымақтастық нақты нәтижесін беруде. Қазақстан тарапының сұрауы бойынша Бакуде бірқатар қылмысқа қатысы бар діни радикал ұсталды. Өзбекстанда терроризмді насихаттағаны және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін іздеуде жүрген адам қолға түсті. Сондай-ақ Қазақстан іздеу жариялаған тағы бір адам Қырғызстанда әлеуметтік алауыздықты қоздырды деген күдікпен ұсталды.

Мұндай жағдайларда құқық қорғау органдары үшін жедел өзара іс-қимылдың маңызы зор. Ақпаратты уақтылы алып, іздеудегі адамды дер кезінде анықтау және оның басқа елге өтіп, бой тасалауына жол бермеу қажет.   

Адам саудасы мен заңсыз көші-қонға қарсы күрес мәселесі де күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері Қазақстанда адам саудасына қатысты 85 фактінің жолы кесіліп, заңсыз көші-қонның 9 арнасы анықталды.   

Бұл бағыттағы жұмыс қылмыстарды ашумен ғана шектелмейді. Олардың алдын алуға және ықтимал құрбандарды дер кезінде анықтауға баса мән беріледі. БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп адам саудасы құрбандарын анықтау бойынша іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, бекітілді.

Қылмыстық топтар мигранттардың елде болуын заңдастыру үшін жалған жұмысқа орналастыру, уақытша болатын жері бойынша тіркеу және жалған шақырулар сияқты түрлі тәсілдерді қолданады. Осыған байланысты Қазақстан ТМҰ елдерін заңсыз көші-қон арналары, оларды ұйымдастырушылар мен тасымалдаушылар, сондай-ақ анықталған адам саудасы құрбандары туралы жедел ақпаратпен тұрақты алмасуға шақырды.

Сонымен бірге еңбек мигранттары арасында қанау белгілерін анықтауға басымдық беріп, осы бағытта бірлескен профилактикалық және жедел іс-шаралар өткізу ұсынылды.

Кездесу қорытындысы бойынша делегация басшылары Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі уағдаластықтар бекітілген бірлескен коммюникеге қол қойды.

Қатысушылар уағдаластықтарды нақты іске асыруға басымдық берді.

Кездесу аясында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Түркия Республикасының Ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи екіжақты келіссөз өткізді. Нәтижесінде тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы реадмиссия туралы келісімге қол қойды.

Құжат екі елдің көші-қон саласындағы өзара іс-қимылының құқықтық негізін нығайтып, олардың аумағында заңсыз жүрген адамдарды қайтару тәртібін айқындайды.