Құжаттың ережелерін Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі, депутат Снежанна Имашева таныстырды.
– Регламент жобасы Құрылтай қызметінің толыққанды рәсімдік негізін қалайды. Оның маңызы тек ішкі жұмыс тәртібін белгілеумен шектелмейді. Регламент, ең алдымен, заң жобаларын кәсіби, дәйекті әрі мазмұнды түрде қарауға қажетті жағдай жасайды. Дәл осы тәсіл Құрылтайға заң шығарушы билікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы ретінде өзінің конституциялық рөлін толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді, – деді депутат.
Заң шығару процесінің жаңа қағидаларына сәйкес заң жобалары үш оқылымда қаралады. Халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы заңдар бұған жатпайды, бұл жобалар екі оқылымда қаралады.
Бірінші оқылымда заң жобасының мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері, сондай-ақ оны қабылдаудың ықтимал әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдары талқыланады. Бірінші оқылымнан кейін түзетулер егжей-тегжейлі пысықталады. Екінші оқылымда жұмыс тобына немесе бас комитетке енгізілген заң жобасына түзетулер қаралады. Үшінші оқылым Құрылтайдағы заң шығару рәсімін аяқтайды. Бұл кезеңде заң жобасын Қазақстан Республикасының Конституциясына және өзге де заңнамасына сәйкестендіруге бағытталған түзетулер ғана қаралады.
Құрылтай Регламентіне сәйкес заң жобаларына түзетулерді депутаттар, комитеттер және фракциялар енгізе алады. Сонымен қатар қаралып жатқан заң жобаларына Үкіметтің ұсыныстарын қараудың арнайы тәртібі көзделген. Комитет ұсыныстарды қарап, оның қорытындысы бойынша оларды салыстырма кестеге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдауға тиіс. Бұл ретте заң жобасын заңнамалық бастама субъектісі оны қараудың кез келген кезеңінде қайтарып ала алады.
Депутаттың айтуынша, Регламенттің тағы бір маңызды бөлігі Құрылтайдың Конституциялық Сотпен, Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимылына, соның ішінде Конституция мен заңдарда көзделген мәселелерді қарау рәсімдеріне арналған. Парламенттік бақылаудың маңызды құралы ретінде Үкімет сағаты сақталады. Ал депутаттың талабы бойынша депутаттық сауалға жауап тікелей Құрылтай отырысында жарияланып, сұрақтар қоюға және талқылау өткізуге мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар Регламентте Құрылтайдағы көпшілік пен оппозицияның мәртебесі айқындалады. Оппозиция әр сессияда кемінде бір рет тыңдау өткізуге бастамашылық жасауға және кемінде екі рет Үкімет сағатының күн тәртібін айқындауға құқылы. Сондай-ақ тұрақты комитеттердің басшылығында оппозиция өкілдерінің болуы көзделген.
Снежанна Имашева депутаттардың құқықтарымен қатар жауапкершілігі де бекітілетінін атап өтті. Регламентте отырысқа дәлелді себепсіз жүйелі түрде қатыспау, өз дауысын басқа депутатқа беру, сондай-ақ депутаттық әдеп қағидаларын бұзу жағдайларында қолданылатын шаралар көзделген. Осылайша, депутаттық мандат тек құқықтар жиынтығы ретінде ғана емес, сондай-ақ Құрылтай қызметіне жеке әрі адал қатысу міндеті ретінде қаралады.
Ашықтықты қамтамасыз ету үшін Регламентте отырыстардың, тыңдаулардың және Үкімет сағаттарының стенографиясын түсіру және бейнежазбасын жасау, тиісті материалдарды Құрылтайдың интернет-ресурсында орналастыру көзделген. Халықаралық ынтымақтастық, парламенттік делегациялардың қызметі, шет мемлекеттердің парламенттерімен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жеке реттеледі.
Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар Қазақстан Республикасы Құрылтайының Регламентін қабылдауды қолдап дауыс берді.
Іс-шара соңында Құрылтай депутаттары өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша мемлекеттік органдарға 10 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Құрылтайдың ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.
