«Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалында тұрғындар­ды жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті.
Тұрғындар мәселесі қаралды
123
оқылды

Қабылдауға Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Марат Архаров және облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева қатысты.

Қабылдауға келген азаматтар денсау­лық сақтау және әлеуметтік қорғау сала­сына қатысты өзекті мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, «Ақзере» емханасы дәрігерлерінің жұмысына қатысты ша­ғымдар, Сайрам аудандық орталық ауру­ханасы қызметкерлерінің дөрекі қарым-қатынасы мен жұмысындағы салғырттық, сондай-ақ мүгедектік тобын белгілеуге байланысты мәселелер көтерілді. Олар­дың қатарында, эпилепсия диагнозы қо­йылған баласына мүгедектік тобын рә­сімдеуге және белгіленген ІІ топтағы мү­гедектікті І топқа ауыстыру мәселесі бойынша өтініштер айтылды.

Түлкібас ауданына қатысты да бір­қатар маңызды мәселе көтерілді. Атап айт­қанда, Түлкібас аудандық орталық ауру­ханасына қарасты Састөбе бөлім­шесін жөндеу немесе жаңа аурухана салу қажеттілігі жайы қаралды. Бұдан бөлек, Састөбе ауылындағы емханада офталь­молог, невропатолог, рентгенолог, оку­лист, гинеколог және басқа да бейінді мамандардың тапшылығы сөз болып, тиісті штаттық бірліктер қарастыру мә­селесі көтерілді.

Қабылдау барысында медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты мәсе­ле де жедел қаралды. Облыстық клиника­лық аурухананың гинекология бөліміне шұғыл консультация мен УДЗ-ге жолдама қажет екенін айтқан тұрғынның мәселесін шешу үшін Сарыағаш ауданының бас дәрігерімен онлайн байланыс орнатылып, тиісті шара қабылдау жөнінде нақтылау жүргізілді.

Қабылдау барысында азаматтардың әрбір өтініші жеке қаралып, мәселелерді қағаз жүзінде ғана тіркеп қоюмен шек­­телмей, сол сәтте зерделеуге басымдық берілді. Қажет болған жағдайда аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерімен онлайн байланысқа шығып, жағдайды нақтылау және мәселенің оңтайлы шешімін табу бойынша жұмыс жүргізілді.

«Әділет» партиясы үшін халықтың мұң-мұқтажын тыңдау ғана емес, кө­терілген мәселелердің шешілуіне ықпал ету – негізгі міндеттің бірі.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы