«Балапанды күзде санайды» деген қағидамен осы кезеңде шаруа қожалықтары да төрт түлігін түгендей бастайды. Алайда елімізде мал санының статистикасы болғанымен, оның қамын жасайтын шопандардың санағы жүргізілмейді.
Бұлай деуімізге тамыз айында әлеуметтік желіде тараған видео себеп болып тұр. Бейнежазбада өзін Жетісу өңірінің тұрғыны ретінде таныстырған жігіт Жамбыл облысында құлдықта мал бағып жүргенін баяндайды. Ол қазір Қордай ауданы Отар ауылында екенін айтып, көпшіліктен көмек сұрайды. Оның сөзіне сенсек, шаруа қожалығының иесі оны құлша жұмсап, тіпті өлген малды соның мойнына іліп қоятын көрінеді.
Аталған шулы видео тарағаннан кейін тәртіп сақшылары шопанды Шу ауданы Шоқпар ауылынан тапты. Анықталғаны, малшы Самат Әжібаев 2026 жылдың 10 сәуірінен бастап «Кирилл» шаруа қожалығына малшы болып жұмысқа тұрған екен. Алайда оны күштеп ешкім жұмысқа жекпеген. Шопан жалақысын ала алмағаннан кейін видео таратыпты. Құлдықта ұстау фактісі дәлелін таппағанымен, шопанға шын мәнінде жалақысы уақытылы төленбепті. Облыстық прокуратураның дерегіне сүйенсек, жалақысы берілмегіні былай тұрсын, қожалық иесі шопанға жұдырық алып жүгірген кездері де болған. Бірақ малшы құқық қорғау органдарына ешқандай шағым түсірмеген. Ұрып-соғу дерегі бойынша ешқандай қылмыстық іс қозғалмағанымен, прокуратура қызметкерлері араласқаннан кейін шопанға толық жалақысы төленіп, ол жақындарының қасынан табылды. Міне, осы бір оқиғаның өзі терең ойға қалдырады. Егер шопан бейнежазба арқылы көмек сұрамағанда оның жалақысы төленер ме еді? өңірде Саматтай қысастық көріп жүрген қанша малшы бар? Бұны зерделеп, көмек қолын созайын деп жүрген ешкім жоқ. Бір сөзбен айтқанда, шопандар шырылдамаса, олардың жағдайына ешкім көңіл бөлейін демейді.
Жамбыл облысында шопандардың жоғалып кету фактілері де жиі болады. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылында наурыз айында шопан ен далада жоғалып кетіп, оны іздеген құтқарушылар үш күн сабылды.
Ал мамыр айында Тәтті ауылында малшыны бес күн іздеп, ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен әрең тапты. Көп жағдайда шопандар сайын далада адасып кетіп, үйге кері жол таппай қалып жатады. Немесе қожайыннан қысым көргеннен кейін бет алған бағытқа қашады. Жоғарыда айтылған екі деректе де шопандармен байланысқа шығу үшін олардың қалтасында қарапайым телефон болмаған. Малшылардың сөзіне сүйенсек, қожалық иелері олардың телефондары мен құжаттарын алып қоятын көрінеді. Бұл енді құлдық болмағанда немене?!
Жамбыл облысында бүгінде 19 мың шаруа қожалығы тіркелсе, соның 5 мыңы мал шаруашылығымен айналысады. Алайда осы қожалықтарда қанша малшы жұмыс істеп жатқаны туралы ақпар жоқ. Облыс әкімдігі өңір бойынша 159 мал шаруашылығы саласының маманы жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы ғана дерек берген. Алайда бұл жұмыссыздық бойынша тіркелген статистика ғана, ал шын мәнінде қанша шопан қожалықтарда еңбек етіп жатқаны туралы ешқандай мәлімет таппадық. Осы таңға дейін жаз жайлауда, қыс қыстауда қанша малшы тұрып жатқаны туралы бірде-бір санақ жүргізілмегені таңғалдырады. Яғни олар қандай жағдайда жұмыс істеп жатыр, ұрып-соғуға ұшырып жатқан жоқ па, ол жағына ешкім бас қатырып жатқан жоқ деген сөз. Ал сол жайлау мен қыстауда шопандардың бала-шағасымен бірге тұрып жатқандары да аз емес. Сонда олардың ең болмаса балалары қайда және қандай білім алып жатыр деген мәселеге жауапты мекеменің ешқайсысы мән беріп жатпағаны ғой?..
Жамбыл облысы әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, биыл прокуратура, еңбек инспекциясы және «Жандану» қоғамдық бірлестігі бірігіп, 10 аудандағы 30 шаруа қожалықтағы малшылардың жағдайын зерделеп шыққан екен. Әрине бұл құп көретін бастама. Алайда облыста 5000 қожалық мал шаруашылығымен айналысып отырғанын ескерсек, 30 шаруашылықты тексеру теңізге тамған тамшыдай ғана дүние.
Облыстық прокуратура берген тағы бір мәліметте 2023 жылы екі өзбек азаматын күштеп жұмысқа шегу дерегі болған екен. Алайда сот қожалық иесіне 80 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы жеңіл жаза шығарған. Демек, облыста күштеп ұстау, құлдыққа салу сынды деректер шаруа қожалықтарында болып жатыр деген сөз ғой. Ал мұндай жағдайдың алдын алу үшін төрт түлікті түгендегендей малшылардың да санағын жүргізіп, оларды ортақ бір базаға тіркеу керек. Сондай-ақ шопандарға еңбек инспекциясы мамандары құқықтарын түсіндіріп, қиын жағдайға тап болған кезде қайда жүгіну қажеттігі туралы жол сілтегендері абзал. Әйтпесе, күні ертең малшыларға қатысты бір қайғылы оқиға болып, бармақ тістеп, күллі елге масқара болуымыз әбден мүмкін. Осыны жауапты сала мамандары санаға салады деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
