Коммуналдық қызмет – халық үшін де, мемлекет үшін де маңызы зор сала. Әйтсе де бұл саладан да аз-кем түйткіл шығып жататыны жасырын емес.
Жаңа жүйенің жөнсіз есебі
140
оқылды

Биылдан бастап Қызылордаға келген «АЛСЕКО» компаниясы бір түбіртекке бірнеше коммуналдық қызметтің ақысын біріктіру арқылы халықтың уақытын үнемдеп, төлем жасауды жеңілдетуге тиіс еді. Бірақ Қызылордада жаңа жүйе қолданысқа енгеніне бірнеше ай өтпей жатып, түбіртектің өзінен гөрі ондағы коммуналдық қызметтің есебі көптің көкейінде күмәнді сұрақтар туғыза бастады.

Тұрғындарды толғантқан түбіртек

Алғашында бір түбіртек жүйесі бір қарағанда көпшілікке қолайлы болып көрінді. Ала таңнан қас қа­райғанша күйбең тірліктің со­ңында жүрген қара халық үшін бір төлем жүйесінің тиімділігі жоғары екені айтылды. Бірақ Қызылор­дадағы жаңа жүйе тұрғындардың уақытын үнемдеудің орнына жа­уапсыз сұрақтардың тиегін ағы­тып, есепсіз шығынға батырып жіберді. Оған себеп, төленген ақ­шаның «қарыз» болып қайта ке­луі, үйде ешкім отырмаса да мың­даған теңгелік түбіртектің жі­берілуі тұрғындардың наразы­лығын арт­тырды. Ең қиыны, қа­телік кеткен жағдайда жауапкер­ші­ліктің кімге жүктелетіні бұлыңғыр.

Негізінен төлем жүйесін ци­фрландыру жобасы тұрғындардың уақытын тиімді пайдалануына сеп болуға тиіс еді. Бірақ жаңа техно­логия ел арасында бұрынғыдан да көп түсініксіз жағдай туғыза бастады. 

Тарқатып айтсақ, Қызылорда облысында 2026 жылдың қаңтар айынан бастап электр энергиясы, су, жылу, кәріз, қоқыс шығару және өзге де қызметтер бір төлем құжатына біріктіріліп отыр. Ал «АЛСЕКО» АҚ осы жүйенің операторы ретінде жұмыс істей бастады. Ресми мәлімет бойынша, бес қызмет көрсетуші ұйым ком­паниямен бірыңғай есеп айырысу орталығы қызметтерін көрсетуге келісімшарт жасаған.

Бұл жүйе Сыр халқы үшін әр мекеменің шотын бөлек іздемей, барлық коммуналдық төлемді бір жерден көріп, төлеуге негізделген. Алайда мақсат пен нәтиже ара­сын­дағы алшақтық көп ұзамай халықтың ашу-ызасын туғызды. Әсіресе әлеуметтік желілерде «Үйде ешкім болмаса да жарыққа қыруар төлем келіп тұр. Сонда бұл ақша қайдан шықты?», «Жарыққа төленетін ақы бірнеше есе қым­батқа шығып жүр. Бұрын 3000-5000 шамасында төлесек, соңғы кездері 25-30 мыңға түбір­тек ке­летін болды» деген секілді ша­ғымдар үдеп барады. 

Елдің арыз-шағымына сәйкес, өңірлік коммуникациялар қызме­тінде арнайы брифинг те ұйым­дас­тырылып, сала мамандары мәселенің мән-маңызын кеңінен түсіндіруге тырысты. Әсіресе тұр­ғындар арасында коммуналдық қызметтердің тарифін белгілеу, тү­біртектегі төлемді есептеуге қа­тысты түсініспеушіліктер қалып­тасқан. Бұған облыстық Энерге­тика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин мынадай түсініктеме берді.

«АЛСЕКО» АҚ коммуналдық қызметтердің тарифін белгіле­мейді және тұрғындардың төлем сомасын өз бетінше есептемейді. Әр қызмет бойынша есептеуді сол қызметті көрсететін коммунал­дық кәсіпорын жүргізеді. Ал «АЛСЕКО»-ның міндеті – кәсіп­орындардан келіп түскен есептеу­лерді бір жүйеге біріктіріп, тұр­ғын­дарға бірыңғай төлем құжаты ретінде ұсыну. Егер тұрғынның тү­біртектегі су, жылу немесе электр энергиясына қатысты есептеуге күмәні болса, алдымен сол қыз­метті көрсететін мекемеге жүгіну қажет, – дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, түбіртектегі әр соманың артында нақты қыз­мет көрсетуші кәсіпорын тұр. Ал «АЛСЕКО» бұл есептерді бір құ­жатқа жинақтап, тұрғынға жеткі­зуші тарап. Сондықтан даулы тө­лемнің себебін анықтауда «есепті кім шығарды?» деген сұраққа жауап беру маңызды дегенді алға тартады.

Сонымен қатар кей жағдайда екі жүйенің арасында ақпарат алмасу кешігеді екен. Тұрғын үй иесі ақшасын уақытында төле­генімен, төлем туралы мәлімет жаңа түбіртек қалыптасқанға дейін базаға түспей қалуы мүмкін. Соның салдарынан бұрынғы қа­рыз қайта көрсетілетінін жеткізді. 

Дей тұрғанмен, бұл жерде негізгі мәселенің ескерусіз қалып тұрғаны байқалады. Яғни қарапа­йым тұтынушының жағдайын қаперге алып, халықтың қате есеп­телген төлем бойынша бір­неше мекеменің табалдырығын тоздыруы қаншалықты дұрыс деген сұрақтың туындауы да заңдылық. Өйткені цифрлан­ды­рудың негізгі мәні осындай әурені азайтуға бағытталып отырғанын да ескеру керек сияқты. Егер тұтынушы ай сайын қате төлемді жауапты мекемелерге барып, қайта есептетуге мәжбүр болса, «АЛСЕКО» компаниясының қара халық үшін тиімділігі қандай болмақ деген сауал басы ашық күйінде қалып тұр. 

Қарсы тараптың да айтары бар

Бұл тұрғыда «АЛСЕКО» АҚ өкілі тарапынан да мәселенің мәнін ашып көрсетуге тырысып бақты. 

«Қазір бірыңғай төлем құ­жатын жетілдіру бағытында бір­қатар жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, төлем құжаттарын әр ай ішінде қайта жаңарту, ком­муналдық қызметтер бойынша тікелей төлемдерді бірыңғай төлем құжатына кезең-кезеңімен көшіру және тұтынушылардың мекенжай деректерін біріздендіру мәселелері қаралуда. Бұл бағытта барлық қызмет көрсетуші кәсіп­орынмен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – тұрғындардың бірнеше жерден төлем жасап, әр коммуналдық қызмет бойынша бөлек есеп жүр­гізу қажеттілігін азайту. Тұтынушы барлық коммуналдық қызмет бойынша ақпаратты бір құжаттан көріп, төлемді де сол жерден жа­сай алуы керек. Сондықтан бі­рың­ғай төлем құжатының басты мін­деті – төлем процесін тұр­ғындар үшін барынша түсінікті, ыңғайлы әрі ашық ету», – дейді бұл жөнінде «АЛСЕКО» АҚ ком­мерциялық директоры Алексей Бозжанов.

Оның түсіндіруінше, «АЛСЕКО» коммуналдық тарифті өзі белгілемейді әрі электрдің, судың немесе жылудың бағасын өз бетінше өзгерте алмайды. Осы ретте компанияның негізгі мінде­ті – қызмет көрсетушілерден келіп түскен ақпаратты жинақтап, бір бірыңғай төлем құжатына біріктіру екенін алға тартады.

Сонымен қатар брифинг барысында тұрғындарға «Smart ЖКХ» мобильді және веб-қосым­шасы іске қосылғаны да мәлім болды. Тегін қосымшада бірыңғай төлем құжатын, төлемдер тарихын және коммуналдық қызмет көр­сетушілердің байланыс деректерін көруге болатыны айтылды. 

Халық шағымынан туын­даған мәселе брифингтен кейін облыс әкімдігі деңгейінде де қа­ралды. Аймақ басшысы Мұрат Ергеш­баев­тың төрағалығымен 8 қыр­күйекте өткен жиында сала ма­ман­дарымен бірлесіп, комму­налдық төлемдерді бір жүйеге шоғырландыру, есеп айырысуды орталықтандыру және қызмет көрсету ашықтығын арттыру мә­селелері көтерілді.

Қызылордадағы «АЛСЕКО» компаниясына қатысты түйткіл әлеуметтік желілерде әлі де қызу талқыға түсіп жатыр. Жауапты сала мамандары тарапынан бі­рыңғай төлем құжатын жетілдіру бағытында тиісті шаралар атқа­рылып жатқаны айтылғанымен, әзірге нақты нәтиже болар емес. Мұны жарықпен қамтамасыз етуші КРЭК мекемесінде электр энергиясына қатысты төлем мөл­шерін қайта есептетуге кезекке тұрған халықтың қарасынан аңғаруға болады. 

Жалпы, халық жаңа жүйе бойынша ақы төлеуге қарсы емес. Алайда «АЛСЕКОҒА» «есепсіз» есептің қайдан келетінін түсінбей дал. Егер тариф өспесе, тұтыну көлемі өзгермесе, есептегіш көр­сеткіші бұрынғы деңгейде болса, түбіртектегі соманың неге күрт өскенін, кей жағдайда төленген ақшаның қайтадан қарыз болып жазылу салдарын әр тұтынушы білуге құқылы.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы