Отбасы күніне орай «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының басшысы Айдар Ибраев пен партияның Әйелдер қанатының өңірлік кеңесшісі Әйгерім Смағұлова Семей қаласындағы Әубәкіровтер шаңырағына арнайы барып, отбасы мүшелерін мерекемен құттықтады. Әділет, жауапкершілік, еңбекқорлық пен прогресс – қоғам дамуының маңызды қағидаттары. Алайда бұл ұғымдар тек ресми құжаттар мен ұрандарда ғана көрініс таппауы керек. Олар ең алдымен адамның күнделікті өмірінен, отбасындағы қарым-қатынастан, бала тәрбиесінен байқалғанда ғана шынайы мәнге ие болады.
Тұрсын мен Айым Әубәкіровтер үш бала тәрбиелеп отыр. Бұл отбасы үшін бала тәрбиесі – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Мұнда білімге ұмтылу, еңбек ету, спортпен және өнермен айналысу қалыпты өмір салтына айналған. Отағасы Тұрсын Әубәкіровтің айтуынша, ата-ана үшін басты міндет – баланың бойына дұрыс құндылықтарды ерте жастан қалыптастыру.
«Жұбайым екеуіміздің басты мақсатымыз – балаларымызды кішкентай кезінен дұрыс тәрбиеге баулу. Өзіміз ата-анамыздан алған тәрбиені олардың бойына сіңіріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретуге тырысамыз. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрімізді біліп, оны құрметтеп өсуіне мән береміз. Балаларымыз білімді, еңбекқор, отаншыл болып өссе, біз үшін одан асқан бақыт жоқ. Өйткені балаға берілген тәрбие оның ғана емес, тұтас елдің болашағына әсер етеді», – дейді ол.
Бұл сөздердің астарында ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі ғана емес, ел болашағына деген азаматтық көзқарасы да жатыр. Он жастағы Мансұр – отбасының мақтанышы. Ол – оқу озаты. Таэквондодан қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Математика олимпиадаларында да жүлделі орындарға ие болып жүр. Бос уақытында домбыра тартып, футбол және тоғызқұмалақпен айналысады.
Мансұрдың жетістіктерінен баланың жан-жақты дамуына жағдай жасаудың маңызы анық көрінеді. Спорттағы табандылық, білімдегі ізденіс, өнерге деген қызығушылық – оның бойындағы еңбекқорлық пен мақсаткерлікті қалыптастырып келеді.

Сегіз жастағы Аяла да оқу озаты. Ол би билеуге, ән айтуға және сурет салуға қызығады. Өнерге деген талпынысы оны облыстық және халықаралық би байқауларында жүлдегер атандырған. Ал үш жастағы Аруна – шаңырақтың кенжесі. Оның балалық шағы аға-әпкесінің жетістіктері мен ата-анасының қамқорлығы аясында өтіп жатыр.
Әубәкіровтер үшін отбасылық белсенділік те маңызды. Олар үш жыл қатарынан қалалық «Парад колясок» байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Мектептегі отбасылық спартакиадаларға да белсенді қатысып, бірнеше рет жүлдегер атанған.
Мұның бәрі бір қарағанда қарапайым отбасылық жетістіктер болып көрінуі мүмкін. Бірақ олардың ар жағында маңызды бір ұстаным бар. Ол – баланың жетістігін жеке дара қарастырмай, бүкіл отбасының ортақ еңбегінің нәтижесі деп қабылдау.
Шын мәнінде, балаға берілетін ең үлкен тәрбие – ата-ананың үлгі болуы. Бала үлкеннің сөзіне ғана емес, оның ісіне де қарайды. Еңбекке құрмет, білімге қызығушылық, спортпен шұғылдану, ұлттық мәдениетті дәріптеу, қоғамдық ортада белсенді болу – мұның бәрі отбасындағы күнделікті әдет арқылы қалыптасады.
Бұл ретте Әубәкіровтер отбасының өмір салты «Әділет» партиясының негізгі құндылықтарымен сабақтасып жатыр. Еңбекқорлық – нәтижеге жеткізетін қасиет болса, жауапкершілік – тұрақты дамудың негізі. Ал прогресс үнемі ізденіп, білім алып, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуды білдіреді.

Білім мен ғылымды дамыту, ұлттық мәдениетті сақтау, жасампаз патриотизмді қалыптастыру – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуы үшін аса маңызды бағыттар. Мұндай құндылықтар қоғамның жоғары деңгейінде ғана емес, әрбір отбасының тәрбиесінен бастау алғанда ғана берік негіз қалыптасады.
Әділетті қоғамды заңдар мен институттар ғана жасамайды. Оның негізінде адам капиталы, азаматтық жауапкершілік және отбасылық тәрбие тұр. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, өз еңбегінің нәтижесіне жауап беру, білімге ұмтылу, туған елін құрметтеу секілді қасиеттер бала кезден бойға сіңеді. Сондықтан әділетті қоғам құрудың ең алғашқы қадамы – отбасындағы дұрыс тәрбие.
Әубәкіровтер шаңырағының өнегесі де осы қарапайым ақиқатты көрсетеді. Баланың жетістігі – ата-ананың қолдауы мен баланың еңбегінің нәтижесі. Ал отбасының берекесі ортақ мақсат пен өзара жауапкершіліктен құралады.
Қоғамдағы үлкен өзгерістер де осындай шағын, бірақ маңызды қадамдардан басталады. Бір отбасында қалыптасқан жақсы құндылық екінші отбасына үлгі болады. Сөйтіп, жеке шаңырақтағы тәрбие қоғамдық мәдениеттің бір бөлігіне айналады.
Әділетті қоғамның іргесі жоғарыдан емес, әр отбасының төрінен қаланады. Білімді ұрпақ, еңбекқор азамат, отаншыл жас тәрбиелеген әр шаңырақ – ел болашағына қосылған үлес. Демек, әділеттің бастауы да, елдің ертеңіне деген жауапкершіліктің бастауы да – отбасында.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы
