Бүгінде әлеуметтік желі баланың бос уақытын ғана емес, ойлау жүйесі мен мінез-құлқын да қалыптастыратын қуатты ортаға айналды.
Желіге  жеті жерден тыйым
коллаж: Елдар ҚАБА
119
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң жүзінде шектеу қою жөніндегі бастаманы қолдайтынын айтқан еді. Президент цифрлық платформалардың өскелең ұрпаққа ықпалы отбасы мен мектептің әсерінен кем түспейтінін атап өтті. Ендігі мәселе – баланы интернеттен оқшаулау емес, оны зиянды контенттен қалай тиімді қорғау. 

Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракция­сының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан осы мәселеге орай Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады. Ол депутаттық сауалында: «Бүгінде әлеуметтік желі баланың бос уақытын өткізетін орта ғана емес, оның психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және білім алуына ықпал ететін факторға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында және Құрылтайдың алғашқы сессия­сының ашылуында әлеуметтік желілер мен цифрлық платфор­малардың балалардың дүние­танымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін айрықша атап өтіп, 16 жасқа толмаған балалар­дың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу бастамасын қолдады. Сайлаушылармен кездесу барысында да жиі кө­терілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы жүр­гізген (HBSC) зерттеуі 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қам­тыды. Нәтиже­сінде, әлеу­меттік желіні проблема­лық дең­гейде пайдаланушының үлесі 2018 жылғы 7 пайыздан 2022 жылы 11 пайызға өскені анық­талған. Бұл – мәселенің ауқымы жыл сайын артып бара жатқанын көрсетеді. Мұндай тәуелділік ұйқының бұзылуы мен психо­логия­лық әл-ауқаттың төмен­деуімен байланысты», – деді. Сондай-ақ депутат басты мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында екенін айтып отыр. 

Қауіпсіз әрекет етуге үйрету қажет

16 жасқа дейін әлеуметтік желіге шектеу енгізу арқылы балаларды зиянды контенттен қорғай аламыз ма? Балалардың қауіпсіздігін қайтсек күшейте аламыз? Мұндай бастамаға ата-ана тарапынан да, бақылау тетігіне қатысты да сауал туындайтыны белгілі. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фрак­циясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлының пікірінше, 16 жасқа дейін әлеу­меттік желіге шектеу енгізу балаларды зиянды ақпараттан белгілі бір деңгейде қорғай алады. Алайда заңның нәтижелі болуы тек шектеудің өзіне емес, оның отбасында және қоғамда қанша­лықты орындалатынына байланысты. Депутат бұл мәселеде ата-ананың жауапкер­шілігі мен қоғамның құқықтық және цифрлық сауаттылығына ерекше мән береді. Оның ай-туынша, цифрлық гигиенаны қалыптас­тыру, балаларды теріс әрі зиянды ақпараттан қорғау бағытында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Ал бұл талаптар заңмен нақты бекітілсе, мектеп пен өзге де ортада оның орындалуын талап етуге құқықтық негіз пайда болады.

«Заңмен реттелмеген дүниеде, құқықтық тұрғыдан аражігі ашылмаған дүниеде, түсініксіз дау-дамайлар, келіспеушіліктер әрқашан болып тұрады. Тіпті 16 жасқа дейін балаларға шектеу енгізілгеннен кейін, оны оқу орындарында, басқа орталарда оған бір белгілі бір азаматтар заңның орындалуын талап ете алуы мүмкін. Бұндай жағдайда ата-ана да сол заңдылық, заң талаптарын орындауға мүдделі болады. Сондықтан әрине, оның толыққанды жүзеге асуы үшін жан-жақты тәртібін ойластыру қажет, жауапкершіліктің түрі де айқындалуы керек деген ойдамын», – дейді депутат. 

Ал Білім беру саласын тұ­рақты дамыту қорының жобаларды дамыту жөніндегі жетекшісі Жазира Асанованың айтуынша, мұндай шектеу балаларды қорғау­дың бір құралы бола алады, бірақ оны барлық мәселені шешетін жалғыз тетік деп қарауға болмайды. 

«Мысалы, Аустралия 2025 жылғы 10 желтоқсаннан бастап 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде жеке аккаунт ашуына және бұрынғы аккаунттарын сақтап қалуына шектеу енгізді. Бұл талап Facebook, Instagram, TikTok, Snapchat, X, YouTube, Reddit секілді ірі плат­формаларға қатысты. Алғашқы бірнеше айдың нәтижесі белгілі бір әсер бар екенін көрсетті: әлеуметтік желіде жеке аккаунты бар 16 жасқа толмаған балалардың үлесі 52,4 пайыздан 42,1 пайызға дейін төмендеген. Бірақ бұл балалар әлеуметтік желіні мүлде пайдаланбай қалды деген сөз емес. Олар ашық контентті аккаунтсыз көре алады, басқа сервистер мен мессенджерлерді пайдалана алады. Сондықтан шектеу қолжетім­ділікті азайтады, бірақ мәселені толық шешпейді», – дейді сарапшы. 

Жазира Асанова сол себепті де бізге тыйыммен қатар бірнеше тетік қарастыру керек екенін айтып отыр. Ол зиянды контентті сүзгілеу, баланың жасына сәйкес қауіпсіз режимдер, ата-ана бақы­лауы, платформалардың жауап­кершілігі және ең бастысы – баланың цифрлық сауаттылығы. «Бұл бағыт Қазақстанда да біртіндеп жүйеленіп келеді. 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақ­стан балалары» тұжырымдама­сында 1-сыныптан бастап кибер­қауіпсіздік, цифрлық гигие­на, сыни ойлау және медиа­сауат­тылық дағдыларын қалып­тастыру қарастырылған. Интер­неттегі қауіпсіз мінез-құлық тақырып­тары мектептегі «Жеке қауіпсіз­дік» сабақтарына да енгізілген. Сонымен қатар ата-аналарға цифрлық тәуекелдерді тану және бақылау құралдарын пайдалану бойынша жұмыс жүргізу көздел­ген. Өйткені бала 16 жасқа толған күні интернет автоматты түрде қауіпсіз болып қалмайды. Сон­дық­тан біздің міндет – баланы белгілі бір жасқа дейін цифрлық ортадан жай ғана шектеу емес, сол ортада қауіпсіз әрекет етуге үйрету», – дейді ол. 

Платформалар да жауапкершіліктен тыс қалмауы керек

Бұл орайда «Жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруін шектеу үшін платформалардың да жауап­кершілігін күшейту керек деп ойламайсыз ба?» деген сауал туындайтыны белгілі. Бұған Құ­рыл­­тай депутаты Жарқынбек Аман­тай­ұлы Қазақстанның ірі халық­аралық платформалармен тікелей байланыс орнатуы маңызды еке­нін айтады. Оның сөзінше, Instagram, TikTok, Telegram се­кілді платформалар­дың өкілдік­терімен цифрлық қауіпсіздік мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте депутат мәселені тек платформаларды жауапкершілікке тартумен шешуге болмайды деп есептейді. Керісінше, олармен келіссөз жүргізіп, Қазақстанда енгізілетін талаптарды орындау­дың тиімді жолдарын бірлесіп қарастырған жөн. «Біз өзіміз де осы­ған мүдделі болуымыз керек»,  – дейді Құрыл­тай депутаты.

Жазира Асанова болса, плат­формалардың жауапкер­шілігін нақты күшейту керек деген пікір­де. Себебі баланың алдынан қан­дай видео шығатынын, қандай контент ұсынылатынын және оның желіде қанша уақыт өткі­зетінін анықтайтын алгоритмдер платформалардың қолында.

«Сондықтан платформалардан тек «16 жасқа толдыңыз ба?» деген формалды сұрақпен шек­телмеуді талап ету керек. Олар жасты сенімді растауға, кәмелетке толмаған пайдаланушылар үшін қауіпсіз параметрлерді автоматты түрде қосуға, зиянды контенттің таралуын және тәуелділікті кү­шей­тетін тетіктерді шектеуге мін­детті болуға тиіс. Қазір халық­аралық тәжірибе де осы бағытқа көшіп жатыр. Мысалы, Meta-ның АҚШ-та енгізетін жаңа талаптарында жасөспірімдер үшін Facebook пен Instagram-ға күніне екі сағаттық лимит, түнде автоматты шектеу және сабақ уақытында push-хабарламаларды өшіру қарастырылған. Бала бұл лимитті ата-анасының рұқсатын­сыз алып тастай алмайды. Яғни баланың қауіпсіздігі тек ата-ананың жауапкершілігі болмауы керек. Баланың назарынан табыс тауып отырған платформаның да нақты жауапкершілігі болуға тиіс», – дейді сарапшы. 

Тыйымды айналып өтудің жолы табылса ше?

«Желіге тыйым салу» дұрыс-ақ делік. Алайда балалар мұны айналып өтудің жолын табуы мүмкін бе? Мұндай жағдайда не істемек керек? 

Жарқынбек Амантайұлы мұндай тәуекелдің бар екенін айтып отыр. Дегенмен қазіргі технологиялардың пайда­лану­шы­ның жасын анықтау мен ве­рификациялауға мүмкіндігі жеткілікті деп есептейді. Оның пікірінше, шектеуді айналып өтудің жекелеген жолдары та­был­ғанымен, оны жаппай құбылыс деп қабылдауға болмайды. Ал бақылаудың нақты техно­логиялық тетіктерін цифрландыру және IT саласының мамандары айқындауға тиіс.

Ал Жазира Асанова да мұны жоққа шығармайды. «Бала туған жылын өзгертіп көрсетуі, басқа адамның аккаунтын пайдалануы немесе шектеуге кірмейтін басқа сервиске ауысуы мүмкін. Аустралия тәжірибесінде де алғашқы үш айда көптеген баланың аккаунттарын сақтап қалғаны немесе жаңасын ашып алғаны анық­талған. Негізгі проблеманың бірі – платформалардың жасты тексеру жүйесінің әлі де жеткі­лікті деңгейде жұмыс істемеуі. Сондықтан мемлекеттің негізгі тетігі баланы жеке-жеке бақылау емес, платформаларды талапты орындауға міндеттеу болуы керек. Яғни платформада сенімді жас верификациясы болуы, кү­мән туған жағдайда жасты қайта тексеру тетігі жұмыс істеуі, ал та­лапты жүйелі орындамаған ком­пания немесе қолданушылар үшін нақты жауапкершілік қарастырылуы қажет. Бұл ретте баланың жеке деректерін қорғау да өте маңызды. Жасты растау деген баланың құжатын әр әлеуметтік желіге беру деген сөз болмауға тиіс. Қазір Еуропада да адамның нақты жеке деректерін ашпай-ақ белгілі бір жас шегінен асқанын растауға мүмкіндік беретін тәсілдер әзірленіп жатыр. Меніңше, ең дұрыс модель бір ғана тыйымға сүйену емес. Жас верификациясы, платформа­лардың жауапкершілігі, қауіпсіз цифрлық орта және баланың медиасауаттылығы қатар жұмыс істегенде ғана нәтиже болады», – дейді сарапшы.

P.S. 

Бұрын желіге құлынды байлайтын еді, қазір бала-шағаның жұлыны байланып қалды. Сол себепті де, желіге жеті жерден тыйым қажет. Мемлекет, мектеп, ата-ана, әулет, мұғалім, полиция, тіпті керек десеңіз, баланың жеке жауапкершілігі болғаны жөн. Осының бәрін жұмылдырғанда ғана шектеу жасай аламыз. Қазақ «сақтансаң, сақтайды» дейді. Сақтасақ, баланы желіден сақтайық!

Гүлзина БЕКТАС