Қазақтың сайын даласында тазы саятшылық өнердің серігі, аңшылық мәдениеттің ажырамас бөлігі саналады. Ата-бабамыздан жеткен ұғымда оны жеті қазынаның біріне балап, халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан ұлттық мұра ретінде қастерлейді. Ежелден желмен жарысып, түз тағысымен тайталасқан тазының жүйріктігі талай ұрпақтың жадында сақталып, атадан балаға мұра болып, жалғасып келеді.
Тазы – тұқым емес,  тағылым
113
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде қазақы тазы тұқымын сақтау, оның санын көбейту және ұлттық мұ­ра­мызды халықаралық деңгейде кеңінен таныту мәселесіне ай­рық­ша мән береді. Бұл бағыттағы жұ­мыстар халқымыздың ға­сыр­лар бойы қалыптасқан саят­шы­лық дәстүрін жаңғыртып қана қой­май, қазақы тазының тарихи-мә­дени құндылығын жаңа дең­гей­де дәріптеуге мүмкіндік беріп отыр.

Әулеттің әуестігі

Таң сібірлеп, Сыр бойының самалы есіп тұрған шақта Мейрамбек Ұлтанбекұлы жеті та­зысын кезек-кезек қарап шы­ға­ды. Әрқайсының бабын, жү­рісін, мінезін жақсы білетін ол жүй­ріктерінің күтіміне ерекше мән береді. Біріне жемін беріп, бі­рін жүгіртіп, енді бірінің бабын бай­қап, әдеттегі тіршілігін жал­ғас­тырады. Бұл көрініс Қызыл­ор­да облысына қарасты Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кен­тінің тұрғыны үшін күнделікті өмір­дің бір бөлшегіне айналған.

Мейрамбектің тазы баптап, асы­рап жүргеніне 30 жылдан ас­там уақыт болған. Осы уақыт ішін­де ол қазақы тазының таби­ға­тын танып, күтімін жасап, бабын келтіріп, жүйрігін жарата бі­ле­тін тәжірибелі бапкерге ай­нал­ды.

Мейрамбек Ұлтанбекұлы үшін тазы өсіру жай ғана әуестік емес, бала күнінен бойына сіңген ата дәстүрі ретінде қалыптасқан. Әкесі өмір бойы жылқы бағыпты. Ал ағасы Берік мектеп қабыр­ға­сында жүрген кезінен құмай тазы ұс­тап, аңшылыққа қызығу­шы­лы­ғын байқатады. Сол кезеңде бала Мейрамбек осы ағасының қасы­нан жиі табылып, тазының бабын жасауды, аңға салуды ерте кезден үй­реніпті. Бүгінде ол Сыр бойын­дағы саятшының бірі ретінде ұлт­­тық құндылықты кейінгі ұр­пақ­қа жеткізуді мақсат етіп ке­ле­ді.

«Әкеміз марқұм өмір бойы мал бақты, жылқышы болды. Со­ның бір жағында жүрдік. Менің алдымда Берік деген тетелес ағам бар. Сол ағамның мектеп кезінен тазы ұстап, оны баптауға зор қы­зы­ғушылығы болды. Мен де сол кі­сінің қасында жүріп, екеулеп құ­май тазыны баптадық.  Әр­дайым жайлауға итімізді ертіп ба­ра­мыз. Сол жерде әрі малымыз­ды түгендейміз, әрі аңшылыққа шы­ғамыз. Яғни  бір оқпен екі қоян атамыз.  Балалық шақтың мұн­дай талай қызықты сәті әлі күн­ге дейін көз алдымда тұр», – дей­ді Мейрамбек Ұлтанбекұлы.

Осылайша, табиғатпен етене өс­кен бала үшін бұл тіршілік бір­те-бірте өмір салтына айналыпты.

Танудың да сыры бар

Мейрамбек әскерден келген соң білім алып, көп жыл ішкі істер органдарында қа­­­­жырлы еңбек етіп, 2009 жылы құрметті зейнетке шығады. Бірақ осы уақыт аралығында бала күнгі қызығушылығы оны тазыдан бір сәтке алыстатқан жоқ. Керісінше, 2016 жылдан бастап тазы өсіруді бі­рың­ғай қолға алыпты. Бұл ше­шім­нің астарында жеке қызы­ғу­шылықтан гөрі ұлттық құнды­лы­ғымызды жаңғыртуға деген үлкен ар­ман-мақсат жатқанын іштей түйсінеді.

Алғашқы жылдары ол 10-12 шақ­ты тазы ұстап, оларды баптап, аңға салып жүреді. Ең бастысы, бұл өнерді өзінен кейінгі ұр­паққа үйретуге баса мән берді. Қа­зір  оның Марат және Мейір­ман есімді екі ұлы да әкесінің қа­сынан табылып, тазы өсірудің қыр-сырын меңгеріп жүр. Әсіресе кіші ұлы Мейірманның қызы­ғу­шылығы жоғары екенін айтады.

Оның айтуынша,  тазының қ­асиеті оның жүйріктігімен ғана өл­шенбейді. Ол тазының адамға жа­қындығын, иесіне деген ерекше сезімталдығын осы тұқымның бас­ты қасиеті деп санайды. 

Сонымен қатар тазыларды  танудың да өзіндік бел­гі­лері бар. Бұл тұрғыда таза тұқым­ды тазыны тірсегінен тануға бо­ла­тынын айтады. Яғни  оның өзін­дік бітімі, жүріс-тұрысы мен ерекшелігі болады. Сондай-ақ тазы тұқымы жабағы тазы мен шашақ тазы деп екі түрге бөлінеді екен.

«Алдыма атадан балаға мирас бо­лып жеткен құндылықтары­мыз­ды жоймай, өскелең ұрпақ­тың жадында аз да болса жаңғыр­ту­ға үлес қоссақ деген мақсат қой­дым. Негізі, қазақта «Иттің бә­рі тазы емес, еттің бәрі қазы емес» деген нақыл бар. Осы тұр­ғы­дан алғанда тазы тұқымы өте та­залығымен ерекшеленеді. Адам­ға да  жақын ке­леді. Тіпті қа­сың­да адам жоқ кез­де олармен әң­гімелесіп оты­ру­ға да болады», – дейді ол.

Бұл сөз сырт көзге әсірелеу бо­лып көрінуі мүмкін. Бірақ тазыны жылдар бойы бағып, бабын жа­саған адам үшін оның әрбір қы­­лығы таныс. Қайсысының мі­не­­зі қандай, қайсысы аңға қа­лай тү­седі,  қандай күтімді қажет ете-ді – мұның бәрі күнделікті тә­жі­ри­бемен қалыптасқан ұғым деп түсіндірді. 

Баптау да еңбек

Оның айтуынша, тазыны жүй­­рік ету үшін тек аңға салу жет­кіліксіз деп есептейді. Яғни оған күнделікті үлкен күтім қажет. Бұл ретте Мейрамбек пен ұлдары кешкілік тазыларына екі-үш сағат уақыт бөледі. Иттерін шо­мыл­­дырады, жүгіртеді, әркез жағ­­дайын бақылайды.

Ең бастысы, шілде айында  ерекше күтім қажет еке­нін алға тартады. Әсіресе  бұл ке­зеңде   қатты жүгіртпей, ден­саулығына ба­са мән беру керек екенін жет­кізді. Оның ай­туын­­ша, жаздың аптап ысты­ғын­да ұзақ жүгіртуге бол­­­­­майды.  Бұл иттің өкпесіне үл­кен салмақ салады. Сондықтан не­гізгі жат­ты­ғу мен аңшылық мау­сымы қыр­күйек­тен кейін басталады.

Бір қарағанда, бұл қара­пайым ғана күтім тәртібі секілді. Алайда саятшының тәжірибесінде әр маусымның, әр кезеңнің өз есебі бар. Иттің бабын бұзбау, ден­саулығын сақтау, күшін дұрыс пай­далану  тазы өсіру мәдение­ті­нің құрамдас бөлігі деп түсіндірді.

Қазір Қызылорда облысында Аралдан Жаңақорған ауданына дейін тазы өсіруге ден қойған аза­маттар қарасы аз емес. Олар әрдайым бір-бірімен тә­жіри­бе ал­масып, иттерін сынап, аңшы­лық­қа бірге шығатын орта қалып­тастырыпты.

«2024 жылы Жезқазған трас­са­сы бойында 16-17 тазы өсіруші бас қосып, тазыларымызды сыннан өткіздік. Мұндай кезде­су­лер­дің негізгі мәні  бәсекеден бұрын тә­жірибе алмасу деп есептеймін. Осы сәттен бастап Сыр бойында құ­май тазыға қызығушылық та­ны­ту­шылардың қарасы аз емес еке­нін байқадым. Әлі күнге дейін ара-тұра бас қосып, бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, ақыл-кеңе­сі­мізді беріп тұрамыз. Негізі, аң­шы­­­лыққа аттанудың өзі қазақ үшін ежелден қалыптасқан салт-дәс­түрдің бір бөлігі ғой.  Сон­дық­тан тазыны ертіп түзге шыққан аза­маттар «Қанжығамыз майлансын, қазан аузы жоғары» деп ырым­­даймыз. Бұл – аңшылықтың өзінен бұрын оған деген құр­мет­тің, та­би­ғатпен үн­дес­тік­тің бел­гі­сі деп есеп­теймін», – дейді Мейрамбек.

Бүгінде Мей­рамбек Ұл­тан­бек­ұлы тазы өсірумен қа­тар атадан балаға мирас болып жет­кен осы құнды­лықты келешек ұр­п­ақтың жадында жаңғыртуды басты парызы санайды. Сон­дық­тан ол қос ұлын да бала күнінен та­зының бабын жасауға, оны күтіп-бап­тауға, аң­шылық мәде­ниет­тің қыр-сырын тануға баулып келеді. Яғни бір кездері өзі аға­сы Берікке еріп, тазы баптау­дың алғашқы әліп­песін үйренсе, бү­гінде сол тә­жіри­бесімен бала­ла­рын баулып  отыр. Осылайша, бір әулеттегі қызығушылық ұр­пақтар сабақ­тастығына ұласып келеді. Мей­рамбектің пайымынша, ұлттық мұраның өміршеңдігі де осындай сабақтастыққа байланысты болса керек.

Президент тарапынан қазақы та­зы тұқымын сақтау, көбейту жә­не ұлттық мұра ретінде дәріп­теуге көрсетіліп отырған қолдау тазы өсірушілерге жаңа серпін бе­ріп отырғанын жеткізді. Әсіре­се мұны атакәсіпті жаңғыртып, оның аясын кеңейтуге берілген зор мүмкіндік ретінде қарастыра­ды. 

Дегенмен ұлттық тұқымды сақ­таумен қатар, оны күнделікті тір­шілігіне айналдырған азамат­тардың нақты мәселелері де назардан тыс қалмауы қажет деген пікірін жеткізді. Оның ішінде  тазы өсірушілердің құжаттандыру мәселесін жеңілдету, тұқым та­залығын сақтау, ветери­на­риялық қызметтің қолжетімділігін арттыру маңызды деп санайды. Сонымен қатар тазы баптаудың ғасыр­лар бойы жинақталған тәжіри­бесін жүйелеп, оны жас ұрпаққа кеңінен насихаттаудың да маңы­зы зор екенін алға тартады. 

Биыл елімізде тұңғыш рет Қазақ тазысы мен төбеті күнінің аталып өтуін де ол ұлттық мұраға деген  құрметтің арта түс­кенінің бел­гісі деп бағалайды. Осы арқы­лы дала мәдениетін дә­ріптеп, саят­шылық дәстүрді жаң­ғыртуға және атадан балаға жал­ғасқан тәр­биені қайта қалып­тас­тыруға жол ашады деген пі­кірде. Кейіп­кері­міздің басты арманы – әуле­тінің тазыға деген қы­зығушы­лы­ғын ғана сақтап қа­на қоймай, бұл дәстүрдің Сыр бойында кеңінен қанат жайып, ұлттық мәдениеттің ажырамас бө­лігіне айналуын мақ­сат тұтады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы