Тауарларды таңбалау жүйесі жаңа кезеңге аяқ басты. Бұған дейін 148 тауар позициясын қамтыған міндетті цифрлық таңбалау тізімі енді 292-ге жетті. Шай мен кофеден кәмпитке, косметикадан тұрмыстық химияға, ойыншықтан консервіге дейінгі күнделікті тұтыну тауарлары кезең-кезеңімен цифрлық бақылауға өтеді.
Таңбалау – жаңа цифрлық шежіре
коллаж: Елдар ҚАБА
135
оқылды

Бұл – бір қарағанда қаптамаға түскен елеусіз ғана Data Matrix-код. Алайда оның ар жағында көлеңкелі бизнеспен күрес, салық тәртібі, тұтынушы қауіпсіздігі, бизнестің жаңа шығыны мен қатаң жауапкершілігі тұр. Саудадағы әр код экономиканың тамыр соғысын, бизнестің беталысын көрсететін шарайнаға айналмақ.

Цифрлық кодтың өрісі кеңейді

Бұл тақырыптың сөз болуы бе­кер емес. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев был­тырғы Жолдауында: «Қа­зақ­стан үш жыл ішінде міндетті түрде жап­пай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жа­санды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қа­жет», – деп міндет жүктеген бо­ла­тын. 

Енді Қазақстандағы міндетті таң­балау жүйесінің ауқымы екі есе­ге жуық кеңейіп отыр. Сауда жә­не интеграция министрі Арман Шақ­қалиев 2026 жылғы 4 қыр­күйек­те тауарларды міндетті таң­балауға жатқызу тізімін толықтай жаңартқан бұйрыққа қол қойды. Бұрын 148 тауар атылымы қам­тыл­са, жаңа құжат 292 позицияға т­аралады. Жаңа тізбеде өсімдік майы, кондитерлік өнімдер, шай, ко­фе, дәмдеуіштер, балалар ойын­шықтары, косметика, тұрмыстық хи­мия, консервілер және басқасы цифрлық бақылау аясына кірмек. Тізімнің күрт ұлғаюы – цифрлан­ды­рудың ендігі жерде тек пилот­тық режимдегі бірлі-жарым сала­ның емес, бүкіл сауданың өзегіне еніп бара жатқанын паш етті.

Таңбалау дегеніміз – тауарға не­месе оның қаптамасына бірегей Data Matrix кодын түсіру. Сол код мемлекетке өнімнің отандық өн­дірушіден немесе шетелден им­порт­таушыдан кассаға дейінгі жо­лын қадағалауға мүмкіндік бере­ді. Яғни әр қаптама өзіндік «циф­рлық төлқұжатқа» ие болады. Тұтынушы да Naqty Onim сервисі мен «Электронды Үкімет» арқылы тауардың «тарихын» тексере алады. Жуырда онда тауарларды цифр­лық коды арқылы тексеру фун­кциясы пайда болды. Тұ­тыну­шы eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық кодты (Data Matrix-ко­дын) сканерлесе, тауардың түп­нұс­қалығы, өндірушісі, негізгі си­паттамалары, шығарылған күні ту­ралы ақпарат көрсетілуге тиіс.

Қызметті пайдалану үшін азамат eGov Mobile қосымшасында «Сер­вистер» бөлімін ашуы керек. Содан кейін Naqty Onim сервисін таң­дап, дербес деректеріне келісім беруі­не тура келеді. Ары қарай «Бас­тау» батырмасын басып, смарт­фон камерасын Data Matrix ко­дына бағыттайды. Сонда пай­да­ланушыға тексеру нәтижесі көр­сетіледі. 

Маркалау адал кәсіпкерге арам­за бақталасының контрафактілік, жалған өнімімен күресінде жаңа қорғаныс тетігін ұсынады. Ең бастысы, Үкімет ол ар­қылы тауарлардың қозғалысын, одан түскен түсімнің айналымын, салықтардың төленуін бақылап отырмақ.

Қазақстан әу баста Ресей бас­та­машы болған бұл жүйені 2020 жыл­дан бері кезең-кезеңімен ен­гізіп келеді. Оның негізінде Еура­зиялық одақтың нормалары жатыр. Сондықтан әрбір санат ЕАЭО-ның «Сыртқы экономи­ка­лық қызметтің тауар номенклатурасы» (СЭҚ ТН) коды бойынша ай­қындалып, енгізу мерзімі алдын ала белгіленеді. 

Бұған дейін, 2020-2021 жыл­дар­дан – темекі өнімдері, 2021 жыл-дан – аяқкиім, 2024 жылдан – дәрі-дәрмек, 2025 жылдан – киік еті, мүйіз­дері және басқа бөліктері таң­баланып келеді. Енді оған сы­ра, майлар мен автомобиль сұйық­тық­тары, жеңіл өнеркәсіп тауар­ла­ры, биологиялық белсенді қос­палар, зергерлік бұйымдар қосы­лып жатыр. 

Алдағы өзгерістер бірнеше жыл­ға есептелген. 2027 жылғы 1 нау­­рыздан парфюмерлік-косме­ти­калық өнімдер, жеке гигиена тауарлары мен тұрмыстық хи­мия­ның бір бөлігі таңбалана бастайды. Ұстара мен жүздер кейінірек ілі­геді. Жуғыш, тазалағыш, дезин­фек­циялық құралдар, сәндік кос­ме­тика, сабын, дезодорант, қыры­ну құралдары мен ауа сергіткіштер де өз кезеңімен қамтылады. 

Өсімдік майлары 2027 жылғы сәуір­ден бастап таңбаланады. Ті­зімде соя, жержаңғақ, зәйтүн, паль­ма, күнбағыс, мақсары, мақ­та, рапс, кокос, зығыр, жүгері май­лары, маргарин, какао майы мен оның алмастырғыштары бар. Кондитерлік өнімдерге кезек 2027 жылғы қыркүйекте келеді. Шоколад, печенье, вафли, пряник, мар­мелад, джем секілді өнімдер қап­тамасындағы цифрлық кодпен шы­ғуға тиіс. Барлық ойыншық – 2028 жылғы ақпаннан, шай, кофе, какао және еритін сусындар маусымнан қамтылады. Консервілер 2029 жылғы сәуірден, макарон, жар­ма өнімдері мамырдан бастап таң­баланбақ. 

Мемлекет үшін мұндай жүйе­нің артықшылығы түсінікті: кө­лең­келі айналымды қысқарту, са­­лық түсімін бақылау, конт­ра­фак­­т­іге тосқауыл қою. Тұтынушы үшін де пайдасы бар – тауардың заң­дылығын тексеруге мүмкіндік туады. Бірақ бұл жүйе бизнестің ба­сын қатырып тұр. Жеке кә­сіп­керлер мен компаниялар әрбір код­ты, арнайы жабдықты сатып алу, бағдарламалық қамтылымға уа­қытылы ақы төлеу, жаңаша есеп жүргізу, оны сауатты жүргізетін ма­манды жалдау сияқты қосымша шы­ғынға батып жатыр. 

Дұрыс дәрі кодпен дос

Сауда министрлігінің тұжы­рым­дауынша, цифрлық таңбалау­дың тиімділігін көрсеткен сала­ның бірі – фармацевтика. 2024 жыл­ғы 1 шілдеден бастап Қа­зақ­станда дәрі-дәрмекті таңбалау ен­гізілді. Содан 2026 жылдың бі­рін­ші жартысына дейінгі аралықта 1 миллиард дәрі қаптамасы «маркаланыпты». Дәріхана сөрелерін­дегі таңбаланған препараттардың үлесі шамамен 70%-ға жеткен. 

Ведомство таңбалаудың табысы ретінде әшкере­лен­ген заң­бұзу­шылықтарды атады. 2025 жыл қорытындысында жүйе 21 мыңнан астам дәрі бірлігінің са­лығын төлемей, заңсыз сатыл­ға­нын анықтады. Мұның сыртында екі жыл ішінде дәріханаларда те­гін берілуге тиіс препараттарды сау­даға шығарудың 25 мыңнан ас­там жағдайы тіркелген. Бұрын мұн­дай әрекеттерді анықтау кө­біне жоспарлы немесе жедел тек­се­ріске тәуелді болатын. Енді жүйе күмәнді операцияларды автоматты түрде байқайды екен. 

«Data Matrix коды дәрінің қоз­ғалысын өндіріс орнынан бастап соңғы тұтынушыға дейін бақы­лау­ға мүмкіндік береді. Импорт пен отандық өндірістің нақты көлемі көрінеді. Әрбір қаптаманың қоз­ғалысы тіркеледі. Контрафактілік не­месе тіркелмеген дәріні айна­лым­ға енгізу қиындайды. Бұл жер­де цифрландырудың мәні ерек­ше: азамат шағымданғаннан кейін ғана әрекет ету емес, күмәнді операцияны бірден байқап қалу мүм­кіндігі пайда болды. Дәрі-дәр­мек секілді өмірлік маңызды та-уарды бақылау – технологиялық же­тістік қана емес, қоғамдық қауіп­сіздік тетігі», – деп түсіндірді ми­нистрлік мамандары.

Фармнарықтағы цифрландыру тіркеу рәсіміне де жетті. 2025 жыл­ғы қыркүйектен бастап дәрі-дәр­мек пен медициналық бұйым­дар­ды тіркеу «бір терезе» қағи­да­тына көшті. Бұрын екі жылға дейін созылатын стандартты рәсім 100 жұмыс күніне дейін қысқа­рып­ты. Жедел тіркеу 15 жұмыс кү­нінде жүргізілуі мүмкін. Дәріні ел­де тіркеу жолы қысқарған са-йын ол мұқтаж пациентке де те­зірек же­теді.

Мұның сыртында «маркалау» зат­таңбасына әдейі «дәрі-дәрмек бо­лып есептелмейді» деп баттитып жазылатын өнімдерге де жет­ті. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бас­тап биологиялық белсенді қос­­­­паларды (ББҚ-ны) цифрлық таңбалау талабы күшіне енді. Осы күннен кейін өндірілген немесе импорт­талған өнім Data Matrix кодымен таңбалануға тиіс. Ал 2027 жылғы 1 наурыздан бұл тауардың қозға­лы­сын толық электронды сүйе­мел­деу басталады. Нарық қаты­су­шылары таңбалау жүйесінде тір­ке­ліп, тауар карточкаларын алдын ала енгізуі керек. Бұрын өндіріл­ген, таңбаланбаған ББҚ-ны жа­рам­дылық мерзімі аяқталғанға дейін сатуға рұқсат етілді.

Халық денсаулығына тікелей қа­тысы бар гигиена, косметика мен тұрмыстық химия бойынша пи­л­оттық жоба да осы дайын­дық­тың бір бөлігі саналады. Қанат­қақ­ты жобаға 20 ұйым қатысып, 12 технологиялық сынақ өткізілді. Сабын, жуғыш-тазалағыш құрал­дар, макияжға арналған косметика, шаш пен ауыз қуысына күтім жа­сау өнімдері секілді 7 тауар то­бы сынақтан өтті. Кодтарды шы­ғару, тауарды агрегациялау, касса арқылы айналымнан шығару се­кілді операциялардың барлығы нақты өндіріс пен қойма жағ­дайын­­да тексерілді. Этикеткалау мен тікелей басып шығару тәсіл­дері де сыналды. Пилоттың құн­ды­­лығы – цифрлық талаптың қа­­ға­з­­дағы нұсқа емес, цехтағы шы­­найы жұмыс жағдайында тек­серілуінде.

– Өндірушілер үшін жаңа цифр­лық шешімдердің салалық ерек­шелік пен нақты өндірістік процестерді ескере отырып енгі­зілуі өте маңызды. Пилоттық фор­мат осыған қызмет етеді. Ол түрлі тех­нологиялық шешімдерді сы­нақ­тан өткізуге, таңбалау құрал­да­рын түсірудің ең тиімді тәсілде­рін анықтауға, реттеуші шешімдер қабылданғанға дейін туындайтын проблемаларды алдын ала пысық­тауға мүмкіндік береді. Мұндай тә­сіл мемлекеттің мақсаттары мен биз­нестің мүддесін қатар ескеретін тең­герімді тетіктерді қалыптас­тыру­ға ықпал етеді, – деді «МедиДез» ЖШС-ның өндірістік цех ше­бері Әмір Өтенов.

Тауарлардың жолы цифрланды

Бұл тегеурінді тетік өзге сек­торларда да сыналып жатыр. Мәселен, кондитерлік өнім­дер­ді таңбалау пилоты 2026 жылғы 1 маусымда басталып, 2027 жылғы 1 маусымға дейін созылады. Оған на­рықтың алпауыттары қосылды. Отан­дық өндірушілерден – «Баян Сұлу» мен «Лотте Рахат», ал им­порт­­таушылардан «Марс», «Ферреро», «Мон'дэлис», «Нестле Фуд» қа­тысып отыр. «Атамекен» ҰҚП мә­ліметінше, «Баян Сұлу» мен «Ра­хат» отандық кондитер өндірі­сі­нің шамамен 50%-ын қамтиды. Кә­сіпорындардың ақпараттық жүйе­мен интеграциясы, код түсіру тә­сіл­дері, есеп жүргізу тәртібі сы­на­­лады. 

Сыра нарығындағы реформа да кезең-кезеңімен жүріп жатыр. 2026 жылғы 1 ақпанда бөшке-кег­те­гі сыраны таңбалау енгізілді. Қыр­күйекте шыны бөтелкедегі, 2027 жылғы қаңтарда банкідегі сыра қамтылады. Ақпаннан бері жүйе­де 10 миллионға жуық кега мар­каланған. Жүйеге 10,8 мыңнан ас­там сыра айналымының қатысу­шысы тіркелген.

– Бизнес жаңа талаптарға дайын­далып үлгеруі үшін таңбалау кезең-кезеңімен енгізіліп отыр. Әр кезеңде цифрлық кодпен таң­ба­лануға тиіс өнімдер тізімі кеңейе береді. Ал 2027 жылдан бастап жүйе елдегі барлық тауар қозғалы­сын толық қадағалауды қамтама­сыз етуі керек, – деп түсіндірді ШҚО бойынша Мемлекеттік кі­ріс­тер департаментінің акциздерді әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Роза Ұлықпанова.

Оның айтуынша, өндірушілер мен импорттаушылар жүйеге тір­келіп, әрқайсысы өз өнімі туралы мәліметті енгізеді, ақылы Data Matrix кодтарына тапсырыс бере­ді, олар­ды қаптамасына түсіреді. Ал бөлшек сауда үшін басты талап – сату кезінде қаптамадағы кодты ска­нерлеу, осы арқылы өнімнің ай­налымнан шыққанын растау. 

Р.Ұлықпанова бизнестің бір бөлігі бұл жүйемен бұрыннан таныс екеніне назар аудартты: «Таң­балау жүйесі бизнес үшін, дүкен­дер үшін мүлде таңсық, жаңа дү­ние емес. Ол қазірдің өзінде жұ­мыс істеп тұрған темекі өнімдерін таңбалау жүйесіне ұқсас. Темекі өнімдерімен бұрыннан жұмыс іс­теп жүрген кәсіпкерлер негізгі қа­ғи­даларды жақсы біледі. Аса күр­делі немесе белгісіз рәсімдер туындамаса керек».

Сөйтіп, Қазақстандағы таңба­лау науқандық сипатынан арылып, біртіндеп экономиканың күн­делікті тынысына, нарық үшін тұрақты жаңа талапқа айналып ке­леді. Кеше кодтың нысанасы те­мекі, аяқ киім мен дәрі ғана бол­са, бүгінде сыра, мотор майы мен киік дериваттарына белгі басылып жатыр. Ертең оның шеңберіне тәт­­­тілер, шай, кофе, косметика, ойын­шық, консерві және басқасы енеді. Бір қарағанда, бар болғаны қап­тамаға шағын ғана шаршы бел­гі түсірілмек. Бірақ сол таңба­ның ішінде әр тауардың шыққан жері, жүрген жолы, сатылған сәті, нарықтағы заңдылығы туралы ақ­парат тұнып жатыр.

Айхан ШӘРІП