Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын біріктіру жоспарланып отыр.
«Қазақфильм» мен Ұлттық киноны қолдау орталығы біріктіріледі – министр
263
оқылды

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Қазақ киносы күніне арналған құттықтауында мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Құрметті достар! Қадірлі әріптестер! Баршаңызды Қазақ киносы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Кино – ұлттық мәдениетіміздің айрықша арнасы, бағыты. Өткеннің тағылымын, құндылықтарымыз бен дәстүрімізді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, бүгінгі болмысымызды тереңірек пайымдауға мүмкіндік беріп, Қазақстанды әлемге танытуға септігі ерекше сала. Сондықтан кино өнерін қолдау – шығармашылық индустрияны өркендетуге ғана емес, ұлттық болмысымызды нығайтып, өскелең ұрпақтың рухани негізін шыңдауға, өрісін кеңейтуге қосылған маңызды үлес.

Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен саланы қолдау тетіктері жетілдіріліп, ұлттық киностудияның әлеуеті нығайтылуда. Отандық фильмдерді өндіруге және ілгерілетуге қажетті жағдай жасалып келеді.

Бұл ретте Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының орны бөлек. Президенттің тапсырмасымен киностудияны тікелей мемлекеттік қолдау қайта қолға алынды. Ендігі маңызды қадам – «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын біріктіру.

Министрліктің міндеті – қолға алынған өзгерістердің нәтижелілігін қамтамасыз ету, саланың өндірістік және шығармашылық негізін нығайту, жеке кинокомпаниялардың мүмкіндігін кеңейту және көркемдік деңгейі жоғары, мазмұны терең фильмдердің жарыққа шығуына жағдай жасау.

Қазақстанда жыл сайын ондаған отандық фильм түсіріліп, олардың саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 2024 жылы 94 фильм түсірілсе, 2025 жылы отандық прокатқа 103 туынды шықты. Ең бастысы, қазақ киносына деген көрермен ықыласы артып, отандық фильмдердің аудиториясы кеңейіп келеді.

Киномұрамызды сақтау да аса маңызды. Қазақ киносының алтын қорындағы фильмдерді цифрландыру және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бұл классикалық туындылардың жаңа буын көрермен үшін қолжетімді болуына жол ашады. Осы жылдың айрықша мән беретін тағы бір айтулы оқиғасы – көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуы. Бұл мерейтой ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен мерейтойлар күнтізбесіне енгізілді.

Бүгінгі қазақ киносына жаңа есімдер, тың авторлық идеялар, еліміздің өткені мен бүгінін, болашақ мұратын, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі  мен жетістіктерін арқау еткен мазмұнды туындылар қажет. Мұндай фильмдер көрермен жүрегінен орын алып,  Қазақстанды әлемге лайықты танытуы тиіс.

Барша киногерлерге жарқын премьералар, батыл шығармашылық ізденістер, көрерменнің ыстық ықыласы мен халықаралық аренадағы жаңа табыстар тілеймін! Қазақ киносы күні құтты болсын!-деп жазды министр.