Қарағанды облысы Балқаш қаласы Шет және Ақтоғай аудандарынан келген жеткіншектердің басын бір жерге тоғыстурыға себепкер болған - ALGA! жобасы.
Бір алаң, 500-ден астам оқушы: футбол фестивалі балаларды біріктірді
161
оқылды

Бүгін Балқаш қаласындағы “Металург” стадионында Қарағанды облысының футбол қауымдастығы (QOFA) 500-ден астам баланың, онда да бастауыш сынып оқушылардың басын қосып, спорттық-ойын-сауық фестивалін өткізді, -деп хабарлайды Aikyn.kz

Солар үшін арнайы 20 футбол станциясы мен үлкен ойын-сауық аймағы дайындалып, мектепаралық сайыс ұйымдастырылды. 

Фестивальдің ашылу салтанатында Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Руслан Сыздықов құттықтау сөз сөйлеп, осындай шаралардың жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, олардың салауатты өмір салтын қалыптастыра түсетінін атап өтті. 

 - Осы жобаға атсалысқан барлық мұғалімдер мен жаттықтырушы футболдың жанашырына айналып, өз тәрбиеленушелеріне спортқа деген сүйіспеншілігін оятып, жанкүйеріне айналдырады деп сенемін. Өйткені, футболды бір көргеннен ұнатқан адам, мәңгі оның сүйіп өтеді, - деді QOFA бас хатшысы Талғат Қыржаубаев.  

Оның айтуынша, былтыр бұл шараға 10 мектептің қатысуымен басталса, биылға оның саны 40-қа жеткен. 

Іс-шараның басты мақсаты — Қарағанды облысының оқушыларын футбол арқылы біріктіру, балаларды белсенді демалысқа тарту және оларды түрлі ойын форматтарымен таныстыру.

Қарағанды облысы футбол ассоциясының әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы мұндай форматтағы шараға бірте-бірте облыс аумағанда барлық аудан мен ауыл мектептерін енгізу жоспарда барын тілге тиек етті. 

- FQ Liga жобасының мамандары, әсіресе жоғары дәрежелі  жаттықтырушылары әр сыныптың жас ерекшелігіне қарай футболдың не екенін, қалай айналысу керегін, оның оған одан әрі қызығына кіретіндей методикасы ойластырылған. Мысалы бір жыл бойы жасалатын жаттығулар “Alga” бағдарламасына енгізілген. Яғни, дене шынықтыру пәнінің аясында 1-4 сынып аралығындағы балаларға футбол ойнау үйретіледі.  Соның аясында ұлдардың ғана емес, кішкентай қыздарымыз да футболға қатты қызыға бастады. Тіпті, әуелде бұл жаңалықты тіксіне қарсы алған ата-аналарымыз бүгінде бос уақытын отбасылық ойынмен өткізетін дәстүрге айналдырды.  Біздегі мақсат - балаларды футбол әлемімен таныстыру. Ал онымен кәсіби тұрғыда айналысу-айналыспау ертеңгі күннің шешімі, -деді Данияр Карибаев.

Екі топқа бөлінген балалар кезекпен футбол станциялары мен ойын-сауық аймақтарынан өтіп, командылық сыннан өткерді. Оның ішінде сабсоккер, Wind Ball, «Нысанаға дәл тигіз», футбол дартсы және басқа да ойындар болды. 

- Бүгінгі шара өте қызықты өтті, түрлі жаттығуға толы болды. Кейбірін тіпті аулада біз ойнап көрмегенбіз. Өзім сүйікті футболшым Роналду секілді бүгінгі ойында гол соғып, мәзбін, -дейді  Ы. Алтынсарин мектебінің 3 сынып оқушысы Мұрат Айқынбекұлы.

Фестиваль көрермендері облыс  көлемінде өтіп жатқан шараның балаларға ғана емес, тұрғындардың көңілін көтеріп, сергітіп салғанын жасырмады. 

Мұндай шаралар оқушыларға мотивация беріп, олардың бос уақытын ойынға, дене шынықтыруға тартып, көңілін аулауына өте жақсы дүние. Сондықтан балалардың талантын арттырып, жігерін талпындыра түсетін фестиваль көп болсын!, - дейді Ержан Смахан.

Оның айтуынша, баласы Шет ауданы С.Сейфуллин мектебінде білім алады. Бүгінгі шараға соның қалауымен келген екен. 

Ғалымжан Зәдешұлы, QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің маманы:

«Біздің басты мақсатымыз — балалардың футболға деген қызығушылығын арттырып, футболмен айналысуға деген ынтасын ояту. Сондықтан мұнда біреу жеңді, біреу жеңілді деген жоқ: барлық бала тең дәрежеде тапсырмаларды орындайды, доппен жұмыс істейді және ойнайды. Кейбір жаттығулар арнайы ойын форматында жасалған. Балаларға түсінікті формат арқылы біз оларды біртіндеп доппен жұмыс істеуге үйретеміз. Сонымен қатар мұғалімдерге UEFA стандарттарына сәйкес алты жастан он жасқа дейінгі балаларға арналған тапсырмалар базасы қолжетімді.»

Артынан барлық қатысушыларға сыйлық табысталып, жеңімпаздар марапатталды. 

Айта кетейік, бұған дейін Саран қаласында өткен “Alga!” фестивалі 400 баланың басын қосқан болатын.