Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданына қарасты Құлынжон ауылында Qulynzhon Mektebi-нің 60 жылдық мерейтойына орай жаңа интернат пен заманауи спорт кешені пайдалануға берілді.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Айдын Рахымбаев Құлынжон ауылында жаңа интернат пен спорт кешенін ашты
194
оқылды

Жоба ШҚО әкімдігі мен меценат Айдын Рахымбаевтың Rahimbaev Endowment Foundation (REF) қорының серіктестігі аясында жүзеге асты. Мектепті дамытуға бағытталған бірлескен инвестиция көлемі 4,2 млрд теңгені құрайды.

«Мен бұл мектепті 1989 жылы бітірдім. Осы жерде алғаш білім алып, үлкен өмірге жолдама алдым, осы күнге дейін ұмытылмас ұстаздарымды жолықтырдым. Біздің бала кезімізде болмаған мүмкіндіктер бүгінгі ауыл өрендерінде болса деймін. Біздің мақсат – тек инфрақұрылым салу емес, жерлестерімізге: оқушыларға, мұғалімдерге, барша тұрғындарға жан-жақты дамуға жағдай жасау. Туған өлкеге қолдау білдіру – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік», – деді Айдын Рахымбаев.

Жаңа нысандардың салтанатты ашылуында ұрпақтар сабақтастығының символы ретінде ардагер-ұстаздар мектеп кілтін бүгінгі оқушыларға аманаттады. Интернаттың іске қосылуы арқасында Qulynzhon Mektebi төңіректегі елді мекендер үшін тірек мектебіне айналды. Енді Самар мен көршілес аудандардың балалары апта бойы мектеп жанында жатып оқи алады. Бұл шалғай өңірдегі жол қашықтығынан туындайтын кедергіні толығымен жояды. Сонымен қатар балаларды қауіпсіз тасымалдау үшін аудандық білім бөліміне жаңа мектеп автобусы табысталды.

 Qulynzhon мektebi

Заманауи спорт кешені тек оқушыларға ғана емес, ауылдың барша тұрғындары үшін де қолжетімді. Мұнда дене шынықтыру сабақтары, спорт секциялары және аудандық жарыстар өтеді. Бағдарламаның бөлек бір бағыты – педагогтердің біліктілігін арттыру мен оқушылардың сабақтан тыс дамуына арналған.

Бастама қор тарапынан Самар ауданын кешенді қолдау бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Келесі кезеңде 2026-2028 жылдар аралығында ауданның білім беру жүйесін жаңғырту жоспарланған. Сонымен бірге жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын аудандық аурухананы реконструкциялау және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жобасы 2028 жылға қарай аяқталады. Бұл медициналық инфрақұрылымның игілігін көршілес бес шекаралық ауданның тұрғындары да көрмек.

 Самар аудандық ауруханасы

2026 жылы Айдын және Анар Рахымбаевтар  The Giving Pledge  халықаралық бастамасына қосылып, өз қаражатының жартысынан астамын Қазақстандағы қайырымдылық жобаларына жұмсауға ашық міндеттеме алды. Самар ауданы – осы кешенді стратегия ойдағыдай жүзеге асырылып жатқан негізгі аймақтардың бірі.