Қазақстанда ҰҚШҰ-ның «Шеп-2026» оқу-жаттығуының белсенді кезеңі басталды.
Жетісуда «Шеп-2026» халықаралық оқу-жаттығуы басталды
Фото: gov.kz
184
оқылды

Жетісу облысындағы «Көктал» оқу-жаттығу полигонында Орталық Азия өңірінің Ұжымдық жедел өрістету күштерімен бірлескен «Шеп-2026» оқу-жаттығуы басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оқу-жаттығу барысында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан әскери қызметшілері бірлескен даярлық, басқару органдары мен ұлттық контингенттердің өзара іс-қимылы мәселелерін пысықтауда.

Оқу-жаттығу жыл сайын өткізіледі және Ұжымдық жедел өрістету күштерінің өзара іс-қимыл деңгейі мен бірлескен міндеттерді орындауға әзірлігін арттыруға бағытталған.

Салтанатты ашылу рәсіміне Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Бас хатшысының орынбасары Мирлан Тұрғынбеков, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Асқар Жоламанов, ҰҚШҰ Біріккен штабы бастығының орынбасары, генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев және шақырылған лауазымды тұлғалар қатысты.

Оқу-жаттығу 13-18 қыркүйек аралығында ҚР Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, полковник Мақсұт Гусейновтің басшылығымен өтуде. Оған 1 500-ге жуық әскери қызметші және 300-ден астам қару-жарақ, әскери және арнайы техника, оның ішінде 115 ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған.

Практикалық іс-қимылдар таулы-шөлейт жерлердің ерекшеліктерін ескере отырып жүргізіледі. Сондай-ақ Қазақстанның Шекара қызметі мен Ұлттық ұланы бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасауға баса назар аударылуда.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.