2026 жылғы тамыз айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 35 807 мәміле тіркелген.
Тұрғын үй саудасы бәсеңдеді: мәмілелер саны 3,6 пайызға азайды
Фото: iStock
142
оқылды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы шілдемен салыстырғанда (37 158) мәмілелер саны 3,6%-ға азайған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Мәмілелер саны бойынша Алматы (7 690 – 21,5%) және Астана (6 398 – 17,9%) қалалары, сонымен қатар  Қарағанды облысы (2 825 – 7,9%) көш бастап тұр. Ал ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген – 277 мәміле (0,8%).

2026 жылғы шілдемен салыстырғанда ең жоғары өсім Алматы (5,9%) қаласында, Қостанай (5,5%) және Қарағанды (5,1%) облыстарында тіркелді. Ең үлкен төмендеу Алматы (-21,1%), Атырау (-15,7%) және Жамбыл (-13,7%) облыстарында болды.

Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 2026 жылғы шілде айымен салыстырғанда 3% (856 мәмілеге) азайды. 2026 жылдың тамыз айында пәтерлер бойынша барлығы 27 719 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 77,4%. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (26%), Астана (22,6%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,4%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды – 10 806 мәміле.

2026 жылғы шілдемен салыстырғанда тамызда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны да 5,8% (495 мәмілеге) кеміді. Тамыз айында барлығы 8 088 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең жоғары өсімі Қызылорда (7,8%), Қарағанды (6,3%) және Жетісу (2,7%) облыстарында тіркелді. Ең жоғары төмендеу Шығыс Қазақстан (-15%) облысында, Алматы (-14,6%) қаласында және Ақтөбе (-12,3%) облысында байқалды.

2026 жылғы тамызда тұрғын үйді алып-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 13,5% азайды (41 380-нен 35 807 мәмілеге дейін). Мәмілелер санының ең жоғары өсімі Түркістан (+9,8%) облысында байқалды, ең үлкен төмендеу – Астана (-32,3%) қаласында. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санын 2025 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 4,3% төмендеу байқалды.



Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.