Осындай жағдайда балаға мектептегі білім жеткілікті ме? Жан-жақтан төпеп жатқан ақпараттық қысымға бала қалай төтеп береді, өз пікірін қалай қалыптастырады және өзгенің ықпалы мен өзінің шынайы қалауын қалай ажырата алады? Баланың өзін тануы, сыни ойлауы, саналы таңдау жасауы мен жауапкершілігін қалыптастырудың маңызы қандай? Осы және өзге де сауалдарға психология ғылымдарының докторы, психолог Балабек Сақтағанов Кеніштайұлы жауап берді, - деп хабарлайды Aikyn.kz
Оның айтуынша, бүгінде ақпараттың шамадан тыс көптігінен баланың, әсіресе мектеп жасындағы жасөспірімдердің өзін танып, саналы таңдау жасау мәселесі қиындай түскен.

– Қазіргі білім беру кеңістігінің басты ерекшелігі – білімнің тапшылығы емес, ақпараттың шамадан тыс көптігі. Бұрын оқушы қажетті ақпаратты мұғалімнен, оқулықтан немесе кітапханадан іздейтін болса, бүгін оның алдында бір сұраққа жүздеген, тіпті мыңдаған жауап ұсынылады. Әлеуметтік желілер, бейнеплатформалар, іздеу жүйелері және жасанды интеллект құралдары баланың ақпаратқа қолжетімділігін бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Алайда ақпаратқа қолжетімділіктің артуы автоматты түрде білімнің, түсініктің немесе даналықтың артуын білдірмейді. Керісінше, қазіргі оқушының алдында жаңа сипаттағы интеллектуалдық міндет пайда болды: ақпараттың ішінен білімді, білімнің ішінен шынайы мағынаны, ал түрлі пікірлердің ішінен өзінің саналы ұстанымын табу.
PISA 2022 зерттеуінен OECD елдеріндегі 15 жастағы оқушылардың шамамен 64%-ы интернеттен қажетті ақпаратты оңай таба алатынын айтқанымен, оның сапасын оңай бағалай алатынын тек 51%-ы көрсеткен. Яғни қазіргі оқушының ақпаратты табу қабілеті оны сыни бағалау қабілетінен әлдеқайда жоғары. Бұл айырмашылық қазіргі мектеп үшін принципті мәселе тудырады. Өйткені дәстүрлі білім беру жүйесінде «ақпаратты меңгеру» негізгі нәтиже ретінде қарастырылса, цифрлық дәуірде «ақпаратпен дұрыс жұмыс істеу» одан кем емес маңызды нәтижеге айналды, – дейді Балабек Сақтағанов.
Психолог осындай ақпараттың ағыны арасында баланың өз пікірін қалыптастыруы – дайын пікірді таңдау емес, ақпаратты қабылдау, салыстыру, күмәндану, талдау, өз тәжірибесімен байланыстыру және белгілі бір қорытындыға келу процесі деп санайды.
– Әлеуметтік желілер бұл процесті күрделендіреді. Себебі бала ақпаратты бейтарап ретпен қабылдамайды. Оның алдына шығатын контентті алгоритмдер белгілі бір дәрежеде оның бұрынғы әрекетіне қарай іріктейді: қандай бейнені ұзақ көрді, қандай жазбаға реакция білдірді, қандай тақырыпты жиі іздеді – соған ұқсас контент одан әрі көбірек ұсынылады. ЮНИСЕФ-те көптеген платформалардың алгоритмдері пайдаланушының назарын және платформада өткізетін уақытын арттыруға бағытталатынын атап көрсетеді.
Осы жерде маңызды психологиялық құбылыс пайда болады: бала бір тақырып туралы бір ғана көзқарасты қайта-қайта көрген сайын, сол көзқарас оған «барша адамның пікірі» сияқты көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, ол жалпы қоғамның пікірін емес, өзінің цифрлық мінез-құлқына қарай іріктелген ақпараттық ортаны көріп отыр. Сондықтан қазіргі оқушыға «ақпаратты қалай табу керек?» деген сұрақпен қатар, «маған бұл ақпарат неге көрсетіліп отыр?» деген сұрақты қоюды үйрету қажет. Бұл – медиасауаттылықтың жаңа деңгейі, – деді ол.
Оның айтуынша, егер оқушы әлеуметтік желіден белгілі бір мамандықтың өте табысты екені туралы ондаған бейнеролик көріп, оны сын тұрғысынан талдамаса, «осы мамандықты таңдасам, мен де міндетті түрде табысты боламын» деген қорытындыға келуі мүмкін екенін жеткізді. Сондықтан балада сыни ойлау қалыптасу керек.
– Ондай кезде бұл бейнероликті кім жасады? Оның мақсаты қандай? Автордың мүддесі бар ма? Қандай фактілер көрсетілмей қалды? Басқа дереккөздер не дейді? Бұл тәжірибе барлық адамға ортақ па, әлде жеке адамның жағдайына ғана қатысты ма? Осы сұрақтарды бала өзіне қоя отырып, ақпаратты тұтынушыдан ақпаратты зерттеушіге айналдырады. Сол себепті бүгінгі мектептің міндеті оқушыға «дұрыс пікірді» беру емес. Оның міндеті – дұрыс пікір қалыптастыру механизмін үйрету.
Осы жерде мұғалімнің рөлі де өзгереді. Мұғалім ақпараттың жалғыз көзі болудан біртіндеп ақпараттық навигатор қызметіне ауысады. Ол оқушыға дайын қорытынды ұсынудың орнына, дереккөздерді салыстыруға, дәлел мен пікірді ажыратуға, факті мен интерпретацияның арасындағы шекараны көруге мүмкіндік беруі керек. Мұны PISA 2022 деректері де қолдайды: интернеттегі ақпаратты тексеретін, әртүрлі дереккөздерді салыстыратын оқушылар сыни ойлауға, оқу мотивациясына және жаңа мәселелерді шығармашылықпен шешуге бейімдірек келеді. Осы тұрғыдан алғанда, пікір қалыптастыру – жеке тұлғаның интеллектуалдық иммунитетін қалыптастыру процесі, – дейді психолог.
Балабек Кеніштайұлы баланың ақпараттық қысымға төтеп беруі оның жасына, эмоционалдық жетілуіне, отбасылық ортасына, әлеуметтік тәжірибесіне, өзін-өзі бағалауына және цифрлық сауаттылығына байланысты деп санайды.
Айтуынша, әлеуметтік желі баланың тек ақпараттық ортасы емес, оның әлеуметтік ортасына да айналып отыр. Өйткені бала өзін басқа адамдармен салыстырып, өз бейнесін қалыптастырады, оны қабылдануға немесе мойындалуға ұмтылады. Сондықтан әлеуметтік желідегі қысымның бір бөлігі ақпараттың мазмұнынан емес, «басқалар мен туралы не ойлайды?» деген әлеуметтік қажеттіліктен туындайды.
– Адамның жасөспірім кезінде «Мен» бейнесі әлі қалыптасу үстінде болады. Осы кезде әлеуметтік желідегі лайк, пікір, қаралым саны, достардың реакциясы сияқты сыртқы бағалар баланың өзін бағалауына ықпал етуі мүмкін. Нәтижесінде бала «мен кіммін?» деген сұраққа өзінің ішкі құндылықтары арқылы емес, «мені басқалар қалай қабылдайды?» деген өлшем арқылы жауап бере бастайды.
Бұл жерде ақпараттық қысым мен әлеуметтік қысым бір-бірімен бірігеді. Мәселен, әлеуметтік желіде белгілі бір сыртқы келбет, өмір салты, киім үлгісі, мамандық, табыс немесе қарым-қатынас моделі «сәтті адамның стандарты» ретінде ұсынылуы мүмкін. Бала оны саналы түрде талдамаса, біртіндеп сол модельді өзінің жеке мақсаты деп қабылдайды. Бірақ бұл жерде маңызды сұрақ туындайды: «Бұл шынымен менің қалауым ба, әлде маған көп көрсетілген нәрсе болғандықтан, мен оны қалап отырмын ба?» Міне, осы жерде баланың ақпараттық қысымға төтеп беру қабілеті көрінеді, – деген маман ЮНИСЕФ-тің цифрлық сауаттылықты тек техникалық дағды ретінде емес, баланың цифрлық ортада қауіпсіз әрі дербес әрекет етуіне мүмкіндік беретін білім, дағды және ұстанымдардың жиынтығы ретінде қарастыратынын айтты.
Сондықтан психолог Балабек Сақтағанов «телефонды дұрыс пайдалану» мәселесін тек экран уақытын шектеумен шешу жеткіліксіз деп санайды. «Баланы цифрлық ортадан толық оқшаулау да ұзақ мерзімді шешім емес. ЮНИСЕФ-тің қазіргі ұстанымдарында да цифрлық технологияның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, балалардың қауіпсіздігін, әл-ауқатын, деректерін қорғауды және сыни әрі сенімді цифрлық әрекетін қатар дамыту қажеттігі атап көрсетіледі. Демек, ақпараттық қысымнан қорғаудың ең тиімді жолы – баланы ақпараттан алыстату емес, оны ақпаратпен саналы жұмыс істеуге үйрету», – дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінгі оқушының алдында бұрынғыдан да көп таңдау бар. Ол мамандықты, білім бағытын, қызығушылығын, ортасын, тіпті өзін көрсету формасын таңдай алады. Бірақ таңдау санының көбеюі таңдау сапасының автоматты түрде жақсарғанын білдірмейді. Керісінше, тым көп мүмкіндік кейде психологиялық белгісіздікті күшейтеді екен.
– Өзін тану дегеніміз – «маған не ұнайды?» деген сұраққа жауап беру ғана емес. Ол адамның өзінің қабілетін, құндылығын, эмоционалдық реакциясын, қызығушылығын, шектеулерін, жауапкершілігін және ұзақ мерзімді мақсатын түсінуінен тұрады. Әрине, әлеуметтік желі бұл процесті қиындатуы мүмкін. Себебі онда адам өзін басқалармен үнемі салыстыруға бейім болады.
Біреудің жетістігін, біреудің саяхатын, біреудің кәсіби табысын немесе біреудің сыртқы келбетін көргенде, бала өзінің нақты өмірін басқа адамның әлеуметтік желідегі «өңделген» бейнесімен салыстырады. Сондықтан қазіргі оқушыға өзін танудың тағы бір маңызды қабілеті қажет: әлеуметтік желідегі адамның бейнесі мен оның шынайы өмірінің бір нәрсе емес екенін түсіну. Өзін тану сыртқы бағадан ішкі бағалауға көшу арқылы қалыптасады. Бала «мені қанша адам ұнатады?» деген сұрақтан «мен үшін не маңызды?» деген сұраққа өткенде ғана тұлғалық дербестік қалыптаса бастайды, – деді ол.
Психология ғылымдарының докторы, психолог Балабек Сақтағанов мұндай кезде мектептің міндеті оқушының орнына таңдау жасау емес, оның таңдау жасау қабілетін дамыту керек деп санайды.
– Мысалы, мамандық таңдауда мектеп тек «қай мамандық көп ақша әкеледі?» деген сұраққа жауап бермеуі керек. Оқушыға «қандай мәселелерді шешкенді ұнатамын?», «қандай ортада өзімді еркін сезінемін?», «қандай қабілеттерім бар?», «маған қандай құндылықтар маңызды?», «қандай өмір салтын қалаймын?» деген сұрақтарды талдауға мүмкіндік беру қажет. Сондықтан оқушыға тек академиялық білім жеткіліксіз, сол үшін бүгінгі білім беру жүйесі кем дегенде бес өзара байланысты қабілетті қалыптастыруы қажет.
Біріншісі – ақпараттық сауаттылық. Оқушы ақпаратты іздей, дереккөзді анықтай, ақпараттың сенімділігін бағалай және жалған ақпаратты ажырата білуі керек.
Екіншісі – сыни ойлау. Оқушы кез келген ақпаратқа бірден сенбейтін, бірақ кез келген ақпаратты автоматты түрде жоққа шығармайтын интеллектуалдық позиция қалыптастыруы қажет. Яғни оның ұстанымы «сенемін/сенбеймін» деңгейінен «дәлелі қандай?» деңгейіне көтерілуі керек.
Үшіншісі – әлеуметтік-эмоциялық құзырет. Оқушы өзінің эмоциясын түсініп, әлеуметтік салыстырудан туындайтын қысымды тани және эмоциялық реакция мен саналы шешімнің арасындағы айырмашылықты түсіне білуі керек.
Төртіншісі – өзін-өзі тану және өзіндік рефлексия. Оқушы өз қызығушылығы мен шынайы қажеттілігін сырттан таңылған трендтерден ажырата алуы қажет.
Бесіншісі – саналы таңдау және жауапкершілік. Таңдау жасау еркіндігімен бірге оның салдарын түсіну қабілеті де қалыптасуы керек. Осы бес компонент бірігіп, қазіргі адамның жаңа сапасын – цифрлық дәуірдегі тұлғалық дербестікті қалыптастырады, – дейді Балабек Сақтағанов.
