Кәсіби музыканттар арасында беделі жоғары шебер Алмас Серікұлымен сұхбаттастық.
Алмас Серікұлы, шебер: «Әр музыкалық аспап жасаушы шебердің өз құпиясы болады»
facebook.com/almaz.mustafaev
269
оқылды

Бүгінде сахнаға күйші шығып күй тартса, әнші шығып ән салса, көпшілік олардың өнерін бағалап, қошемет көрсетеді. Әрине, дарын мен еңбек қатар жүрген жерде өнерпаз қашанда алда болады. Дегенмен сол өнердің толыққанды естілуіне, орындаушының мүмкіндігін ашуға қызмет ететін музыкалық аспаптың да орны бөлек. Ал сапалы аспаптың артында оны жасаған шебердің білімі, тәжірибесі, талғамы мен қолтаңбасы тұрады.

Алайда көп жағдайда орындаушы алдыңғы қатарға шығып, аспап жасаушы шебердің еңбегі тасада қалып жатады. Сондықтан бүгінгі сөзді шеберге бермек ниетпен, кәсіби музыканттар арасында беделі жоғары шебер Алмас Серікұлымен сұхбаттастық. Көкейде жүрген бірнеше сауалды қойып, аспап жасаудың көпшілік біле бермейтін қырларына үңілдік.

– Әлеке, бірден басынан сұрақты төтесінен қоюға рұқсат етіңіз. Қазіргі аспап жасаушы шеберлердің алдындағы ең үлкен мәселе қандай?

– Ең үлкен мәселенің бірі – шеберлердің жеке-дара жүруі. Бізде аспап жасаушыларды арнайы даярлайтын, олардың басын қосып, кәсіби тұрғыда қолдайтын дербес мекеме жоқ. Түркияда, Қытайда және басқа да бірқатар мемлекетте мұндай жүйе бар. Бізде Шеберлер одағы болғанымен, оның мүмкіндігі шектеулі. Оның үстіне, одақтағы адамдардың өздері де шеберлер. Олар аспап жасай ма, әлде ұйымның жұмысымен айналыса ма? Бәрі де күнкөріс қамымен жүр.

Соның салдарынан шеберлер арасындағы байланыс та әлсіреп бара жатқандай. Мысалы, кезінде Жақсылық Оспанов, Мұса Әліп секілді белгілі шеберлер өмірден өткенде, олардың қазасын кей адамдар кейін ғана естіп жатты. Арнайы ұйым, тұрақты ақпараттық орта болғанда мұндай жағдай аз болар еді. Халықаралық байқауларға қатысу, өзімізде кәсіби конкурстар өткізу де жүйелі жолға қойылмаған. Бір кезде «Қара домбыра» деген байқау ұйымдастырып көрдік, сонда мұндай істі жеке адамның атқаруы қаншалықты қиын екенін түсіндім.

Тағы бір мәселе – жалған шеберханалар. Кейбіреулер әлеуметтік желіде өзін шебер ретінде көрсетіп, басқа жерден дайын аспап сатып алып, оны екі-үш есе қымбатқа қайта сатады. Аспап дұрыс шықпай қалса, жауапкершіліктен қашады.

Сонымен бірге кейінгі шеберлер арасында бір-бірінің оюын қайталамау, өзіндік стиль қалыптастыру сияқты кәсіби әдеп те әлсіреп барады. 

– Осындай жағдайда шебер даярлау ісі қалай жүріп жатыр? Арнайы оқыған шебер мен өздігінен үйренген шебердің айырмасы бар ма?

– Бізде дәл музыкалық аспап жасауды жеке мамандық ретінде тереңдетіп оқытатын жүйе жоқ. Негізінен ағашты көркемдеп өңдеу мамандығы бар, ал музыкалық аспап жасау – соның бір бағыты. Оның өзінде көбіне домбыра жасауды үйретеді. Қалған аспаптарды адам кейін өзі ізденіп меңгереді.

Меніңше, аспап жасайтын адам ағаш өңдеумен ғана шектелмеуі керек. Консерваториядағы студент музыка әліппесін меңгеретіні сияқты, шебер де музыканы белгілі деңгейде түсінгені жөн. Ағаштың физикасын, бояудың химиялық қасиетін білуі керек. Ең бастысы – өзі жасайтын аспаптың үнін сезіне алуы қажет.  Мен де кезінде негізгі оқуымнан бөлек, арнайы ақша төлеп домбыра тартуды үйрендім. Өйткені өзім домбыра тарта алмасам, оның дыбысын қалай бағалаймын, сапалы аспапты қалай жасаймын?

Бірақ дипломның болуы адамның міндетті түрде жақсы шебер екенін білдірмейді. Өздігінен үйреніп, кейін тәжірибелі шебердің қасында жүріп шыңдалғандардың арасында арнайы білім алғандардан да жақсы аспап жасайтындары бар. Түптеп келгенде, бәрі адамның қабілетіне, ізденісіне және тәжірибесіне байланысты.

– Аспаптардың жасалу күрделілігі де әртүрлі шығар. Мысалы, домбыра мен прима қобыздың қайсысын жасау қиынырақ?

– Әрине, айырмашылығы бар. Домбыраның құрылысы салыстырмалы түрде қарапайым: шанағын құрайсың, мойнын орнатасың, бетін жабасың. Ал прима қобызда әр бөлшектің өлшемін өте дәл сақтау керек. Ағаштың қалыңдығы миллиметрге дейін есептеледі. Бір жері артық немесе кем кетсе, дыбысына бірден әсер етеді. Бұл жетіген секілді басқа аспаптарға да қатысты.

Уақыт жағынан да айырмашылық үлкен. Домбыраның бетін жауып жатқан кезде прима қобыздың шанағын әлі өңдеп отыруың мүмкін. Мен прима қобыз жасап келе жатқаныма 20 жылдай болғандықтан, қазір маған аса қиын көрінбейді. Ал шеберлікті енді бастаған адамдар уақыт көп кететіндіктен, прима қобыз жасауға бірден бара бермейді.

– Ал өзіңізге қай аспапты жасау жақын?

– Өзіме домбыраның қоңыр үні жақын. Прима қобызда металл ішек қолданылғандықтан, үні ашық, сыңғырлап шығады. Оның да өз сұлулығы бар. Бірақ мен қоңыр дыбысты жақсы көремін. Сондықтан прима қобызға қарағанда қылқобыз жасауға тапсырыс түссе, ықыласым сәл арта түседі.

– Аспап жасау ісінде материал мәселесі қаншалықты маңызды? Неге ағашты көбіне шетелден алдырасыздар?

– Мәселе Қазақстандағы ағаштың сапасыздығында емес, оны тұрақты түрде табудың қиындығында. Бізде ағашты кез келген уақытта барып кесе алмайсың. Көбіне санитарлық тазарту кезінде немесе ландшафтқа байланысты кесілген ағаштарды ғана пайдалануға мүмкіндік туады. Бірақ мұндай жағдай үнемі бола бермейді. Сондықтан қажетті материалды сырттан сатып алуға тура келеді.

Өз басым қайың мен қарағай секілді өзімізде өсетін ағаштардан аспап жасағанды ұнатамын. Меніңше, өз жерінде өскен ағаштың үні сол жердің табиғатына да жақын тұратындай.

Әрине, тапсырыс берушілер үйеңкінің белгілі бір түрінен немесе Африкадан келетін ағаштан жасап беруді сұрайды. Жасаймыз. Бірақ кейде ондай ағаштардың дыбысы маған темір мен тастың үніндей қатқыл естіледі. Кейде тіпті әр облыс өз жерінде өскен ағаштан домбыра жасап тартса, әр өңірдің өзіне тән үні шығар ма еді деп ойлаймын.

– Сонда домбыраның бағасына көбірек әсер ететін нәрсе не: материал ма, әлде шебердің еңбегі ме?

– Бағаға ең алдымен материал әсер етеді. Ағашты да, лак пен бояуды да көбіне шетелден аламыз. Оның бәрі валюта бағамына тәуелді. Доллар көтерілсе, ағаш та қымбаттайды. Ал доллар арзандаған кезде «неге баға түспейді?» деп сұрасаң, сатушылар: «Біз оны доллар қымбат кезде алғанбыз», – дейді. Сондықтан аспаптың өзіндік құны бірінші кезекте материал бағасына байланысты.

Ал нағыз шеберлер өз еңбегінің ақысын шектен тыс көтере бермейді. Әрине, шеберлік те бағаланады, бірақ көп жағдайда домбыра бағасының өсуіне негізгі әсер ететін нәрсе – ағаш пен басқа да қажетті материалдардың құны.

– Өміріңізде жасап сатқан ең қымбат домбыраңыз қанша тұрды? Құпия болмаса айта аласыз ба?

– Бұл құпия емес. «Асылтас» қоры жыл сайын айтыс ұйымдастырады. Соларға төрт жыл қатарынан арнайы домбыра жасадым. Бағасы 4 500-5 000 доллар шамасында болды. Оның қымбат болуының себебі – домбыраны алтынмен, күміспен әшекейледік. Яғни, зергерлік жұмыс қосылған соң бағасы екі есе көтерілді.

Егер сол қымбат әшекейлері болмаса, аспаптың өзі шамамен 2 000-2 500 доллар тұрар еді. Қыздарға «ақылына көркі сай» деп жатамыз ғой, сол домбыралардың да дыбысына көркі сай болды ғой.

– Күйшілік өнерде буын ауысқан сайын орындау мәнері де, күй шығару тәсілі де өзгеріп отырады. Аспап жасаушылар арасында да осындай өзгеріс байқала ма?

– Әрине. Қазіргі жастар түрлі станоктарды, компьютерлік технологияны, лазердің жаңа үлгілерін пайдаланады. Технология жұмысты жеңілдетті, дәлдікті арттырды. Қаласақ та, қаламасақ та, ол біздің кәсібімізге енді.

Бірақ өз басым жаңа технологиямен қатар ескі тәсілдерді де ұмытпау керек деп ойлаймын. Кейде көне домбыралардың пішініне қарап, сол үлгіде аспап жасап көремін. «Бұрынғы домбыраның үні қандай болды екен?» деп ізденемін. Әрине, мұндай тәжірибелер күнделікті тапсырыстың арасында, қол босағанда жасалады. Бірақ шебер үшін осындай ізденіс те қажет.

– Ағайынды Романенколар, Қамар Қасымов, Алексей Першин секілді бұрынғы шеберлер жасаған аспаптардың ерекшелігі неде еді? Олардың сапасының құпиясын нақты бір нәрсемен байланыстыруға бола ма?

– Бұл туралы әркім әртүрлі айтады. Біреу ерекше лак қолданған дейді, біреу арнайы технологиясы болған дейді. Әңгіме көп. Бірақ нақты айтуға болатын нәрсенің бірі – олар өте сапалы материал пайдаланған. Романенко да, Қамар Қасымов та, Першин де ағаштарын Мәскеуден алдырып отырған. Яғни, қолдарында жоғары сортты материал болды.

Екіншіден, олар бір орында тоқтап қалмаған. Мысалы, Першин өмірінің соңына дейін бір стандартпен ғана жұмыс істемей, түрлі тәжірибе жасап, аспаптың сапасын жетілдіре берген. Қазір біз жасап жүрген прима қобыз үлгісінің өзін «Першиннің қобызы» деп атаймыз. Демек, ол белгілі бір жол қалыптастырып кетті. Қамар Қасымов та қазіргі домбыраның формасы мен үнінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Жалпы, әр шебердің өз құпиясы болады. Біздің де өз тәсіліміз бар, бізден кейін келе жатқан шеберлердің де өзіндік әдісі қалыптасады. Бірақ Романенко мен Қасымов секілді адамдар бүгінгі аспап жасаудың негізін салған буын.

– Ал кейінгі буыннан Жақсылық Оспанов, Нарбек Оханов, Жолаушы Тұрдығұлов, Сұлтан Мұсаев секілді аға шеберлердің домбыралары жоғары бағаланады. Олардың әрқайсысына тән жеке қолтаңбаны байқауға бола ма?

– Бұл ағалар – нарық заманы басталған кезде шыққан алғашқы мықты буынның өкілдері. 90-жылдары өткен «Үкілі домбыра» шеберлер байқауында бірінен соң бірі бас жүлде алған. Оларды Романенко мен Қамар Қасымовтан кейінгі буын деуге де болады. Осы екі буынның арасында «Мерей», «Осакаровка» фабрикаларынан шыққан домбыраларды да ұмытпайық.

Әрине, мен аты аталған ағалардың аспаптарын арнайы зерттеп, диссертация жазған адам емеспін. Өзім көріп, тартып жүргенім бойынша айтсам, мәселен, Жолаушы ағаның домбырасы шаңқылдап қатты шықпайды. Үні жұмсақ. Тербеп, езіп тартатын адамға жақсы келеді. Аудиожазба жазуға де өте қолайлы. Тіпті, күй шығаруға шақырып тұратын домбыра деуге болады. Ал Жақсылық ағаның домбырасы, керісінше, «айқайлап тұрады», үні қуатты. Кейде мен аспаптың дыбысына оны жасаған шебердің туып-өскен ортасы, мінезі, дүниені қабылдауы да әсер ете ме екен деп ойлаймын. Әр шебердің қолтаңбасы бірте-бірте аспабының үнінен де көріне бастайды.

– Өзіңіздің де көне үлгілерге қайта үңіліп жүргеніңізді айтып қалдыңыз.

– Ия, қазір «Ата домбыра» деген жоба бастап жүрмін. Мақсатым – Алтайдағы байырғы домбыра үлгісіне жақын аспап жасау. Пішінін игиль мен топшурдың арасындағы формаға келтіріп көргім келеді. Өйткені түркі дүниесінің түп-тамыры Алтаймен байланысты ғой.

Өзім оны әзірше «Алтай домбыра» деп атап жүрмін. Арнайы сызбалары бар. Енді сол пішінге лайық қандай үн шығуы керек, соған жетудің амалдарын іздеп жатырмын. Алғашқы домбыраны сатып алғысы келетін адам да табылды. Дәулеткерей Кәпұлы: «Алғашқы домбыраңды мен аламын», – деп «құда түсіп» те қойды. Кейін басқа адамдар да қызығушылық танытты.

Бірақ оны көптеп шығарғым келмейді. Он-он бес шақты ғана жасап, әрқайсысын әбден пысықтасам деймін. Қазір алғашқы нұсқасын жетілдіру үстіндемін.

– Егер қолыңызда барлық мүмкіндік болып, ойыңыздағы бір үлкен істі жүзеге асыруға жағдай жасалса, не істер едіңіз?

– Түркі дүниесінің музыкалық аспаптарын бір жерге жинап, үлкен музей ашар едім. Біз Қазақстанды түркі дүниесінің атажұрты деп айтамыз. Ендеше, сол сөзімізге сай іс те жасауымыз керек.

Сондай істердің бірі – Түркі дүниесі музыкалық аспаптарының музейін құру. Шағын ғана көрме емес, аумағы кең, түркі халықтарының сан алуан аспабы толық көрсетілетін үлкен орталық болса деймін. Ол жерде аспап тек витринада тұрмай, оның тарихы, жасалу тәсілі, үні, қай халықта қалай қолданылғаны да көрсетілсе. Мұндай музей біздің ғана емес, жалпы туыс халықтардың да мерейін өсірер еді.

– Неге түркі халықтарының музыкалық аспаптарын дәл қазір түгендеп, зерттеп, жүйелеу маңызды?

– Өйткені музыкалық аспап – жай ғана дыбыс шығаратын зат емес. Оның артында халықтың тарихы, мәдениеті жатыр. Уақытында зерттелмеген, хатқа түспеген дүниенің кейін кімге тиесілі екенін анықтаудың өзі қиын болуы мүмкін.

Мысалы, қазір орыс халық аспаптары деп қабылданатын кейбір аспаптардың шығу тегі туралы зерттеушілер арасында басқа пікірлер де бар. Жалейканы поляк және фин дәстүрлерімен, гуслидің арғы тарихын украин мәдениетімен, балалайканы татарлармен байланыстыратын тұжырымдар айтылады. Қарапайым жұрт мұндай тарихты біле бермеуі мүмкін. Бірақ саясат дейсіз бе, идеология дейсіз бе, әлде ұзақ жылдар бойғы мәдени жүйелеудің нәтижесі ме – уақыт өте келе олардың бәрі бір халықтың төл аспаптары ретінде орнығып кетті.

Ал бізге біреуден алып, біреуден іздеудің қажеті жоқ. Өзімізде бар дүние жеткілікті. Мәселе – соны толық түгендеп, зерттеп, жүйелеп үлгермей жүргенімізде. «Ешқашан жасамаймыз» деуден аулақпын, әрине, бір күні жасалар. Бірақ мұндай істі неғұрлым ерте қолға алсақ, соғұрлым өзімізге пайдалы. Бүгін назардан тыс қалған дүние ертең ұмытылып кетуі мүмкін. Сондықтан бар мұраны дер кезінде танып, хаттап, ғылыми айналымға енгізуіміз керек

– Сұхбатыңызға рақмет!