«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Шолпан Каринова Мәдениет және ақпарат министріне сауал жолдап, әлеуметтік желілерде Қазақстан тарихына қатысты күмәнді әрі бұрмаланған ақпараттың таралуына жедел жауап беретін жүйе қалыптастыруды, сондай-ақ TikTok, Instagram, YouTube платформаларында тарихи контентті заманауи форматта насихаттауды ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Шолпан Каринованың айтуынша, Қазақстанда тарихи сана мен ұлттық құндылықтарды ақпараттық кеңістікте ілгерілетуге қатысты жаңа тетіктер қажет.
Мемлекет басшысы Құрылтай сессиясының ашылуында ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға ерекше мән беруді атап: «Ұлттың жадын күмәнді дерекпен, бұрмаланған мәліметпен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді», – деді.
– Бұл – ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға мемлекеттік деңгейде жүйелі көзқарас қажет екенін көрсетеді.
«Әділет» саяси партиясының ұстанымы – әділдік ұлттық сана мен болмыстың негізгі қағидасының бірі болуы тиіс. Ал әділдік тарихи шындыққа объективті көзқарастан басталады.
Бүгінде тарихи сана тек оқулық пен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әлеуметтік желі мен цифрлық платформаның ықпалы артып келеді. Әсіресе, жастар TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалардан ақпаратты көп алады.
Сондықтан Қазақстан тарихы туралы қандай ақпарат тарайды, оның дереккөзі қандай және ол қоғамға қалай жеткізіледі деген сұрақтың маңызы артып келеді. Өкінішке қарай, әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпарат тез таралады. Оған дер кезінде кәсіби жауап беріп, нақты дерек ұсынатын жүйелі тетік қажет, – деді депутат.
Шолпан Каринованың сөзінше, бұл мәселе тарихпен ғана шектелмейді. Ол халықпен кездесулер кезінде елде атқарылып жатқан көптеген маңызды жұмыстарды азаматтардың толық біле бермейтініне көз жеткізгенін атап өтті.
– Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе – оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде. Сондықтан ақпаратты жай жариялау жеткіліксіз. Оны түсіндіру де маңызды. Азаматқа реформаның мақсатын, оның нәтижесін және қоғамға әсерін түсіндіретін журналистика қажет.
Мемлекеттік ақпараттық саясат та осы бағытқа басымдық беруі керек. Ол тек мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі тиіс.
Ақпараттық саясат тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық құндылықты дәріптеуге және елдегі өзгерісті дұрыс түсіндіруге қызмет етуі қажет. Бұл әсіресе жастар үшін маңызды. Өйткені бүгінгі ақпарат ертеңгі қоғамдық көзқарасқа әсер етеді. Сондықтан ақпараттық кеңістіктегі бәсеке – ұлттық санаға ықпал ететін бәсеке, – деді депутат.
Депутат осыған байланысты Үкіметке бірнеше нақты ұсынысын білдірді:
- Ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағытының бірі ретінде айқындау;
- Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру;
- Тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдау;
- TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформаларда Қазақстан тарихын заманауи әрі түсінікті форматта насихаттайтын жобаларды іске асыру;
- Тарихқа қатысты жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыру.
