Қасым-Жомарт Тоқаев Чо Чжон Шикке ілтипат білдіріп, оны Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері болып сайлануымен құттықтады. Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен болған келіссөздердің нәтижесіне тоқталды.
– Мазмұнды әрі мағыналы кездесу болды. Біз екіжақты ықпалдастығымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Корея парламентінің өкілдеріне елімізде мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берді.
– 1 шілде күні халқымыз жаппай қолдаған Конституция заңды күшіне енді. Бұл тарихи уақиға Қазақстанда жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерісіне тың серпін береді деп ойлаймыз. Екі палаталы парламенттің орнына жаңа бір палаталы құрылым келді. Вице-Президент лауазымы пайда болды. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жасақталды. Оған қоса, конституциялық мәртебесі бар бірегей консультативтік орган – Халық Кеңесі жұмысын бастады. Мақсатымыз – Әділетті, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды құру, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда заң шығарушы органдардың атқаратын рөліне тоқталды.
– Жалпы, соңғы жылдары парламентаралық диалог айтарлықтай тереңдей түсті. Қазақстан Парламенті мен Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясы арасындағы байланыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Осындай байланыстарды Құрылтай депутаттары белсенді түрде дамыта бермек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Спикер Чо Чжон Шик Қазақстан Президентіне ықылас танытып, Ұлттық Ассамблеяға арнайы келгені үшін алғыс айтты.
Парламент төрағасы Қазақстан Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі елдің энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ықпалдастығын арттырудың маңызы зор. Сонымен қатар Чо Чжон Шик екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар мен барыс-келіске көңіл толатынын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Корея Республикасы екіжақты қатынастардың барлық бағыты бойынша ықпалдастықты нығайта түсетініне сенім білдірді.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шик қазақ этноауылына барды.
Сеулдің Ханган саябағында орналасқан этноауылда мәртебелі меймандарға қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрі, ұлттық сәндік-қолданбалы өнері, ән-күйі мен мәдени жәдігерлердің заманауи үлгілері таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чо Чжон Шик киіз үйді аралап көріп, қазақ халқының бірегей мұралары айшықталған «Жеті қазына» голографиялық инсалляциясын тамашалады. «Бірлік» би ансамблі мен Қазақстан Республикасы академиялық корей театры балет труппасының бірлескен қойылымдары көрермен көңілінен шықты.
Ханган саябағында аспанға дрондар көтеріліп, екі елдің мемлекеттік туларын бейнеледі, сондай-ақ «Қазақстан мен Корея – жарқын келешек жолында» жазуы әдіптелген дирижабль ұшырылды.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Кореяда оқып жатқан және еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен емен-жарқын әңгімелесті. Кореядағы қазақстандықтар оқуда, қызметте қол жеткізген табыстарын тілге тиек етіп, мақсат-межелерін айтып өтті. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяда тұратын Қазақстан азаматтары мен студенттерге сәттілік тіледі.
