Вице-спикердің айтуынша, 2027 жылы бюджетке түсетін меншікті кірістер 19,9 трлн теңге болады деп жоспарланған.
Құрылтайда республикалық бюджет жобасы қаралып жатыр
276
оқылды

Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінде «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Құрылтай вице-спикері Дания Еспаеваның мәліметінше, 2027 жылы бюджет шығындары 30,2 трлн теңгені құрап, белгіленген шекті деңгейдің 100 пайызына жетеді. Ал бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,3 пайызы көлемінде жоспарланған. Қолайсыз сценарийлер іске асқан жағдайда тапшылық 4,6 трлн теңгеден 5,6-6,5 трлн теңгеге дейін өсуі мүмкін.

«2027-2029 жылдар тапшылықты азайту және мұнай қаражатына тәуелділікті біртіндеп төмендету арқылы неғұрлым қатаң бюджеттік бағытқа көшу кезеңі ретінде мәлімделген болатын, алайда 2027 жылдың бастапқы кезеңі әлі де күрделі күйінде қалып отыр», – деді ол.

Вице-спикердің айтуынша, 2027 жылы бюджетке түсетін меншікті кірістер 19,9 трлн теңге болады деп жоспарланған. Оның 40,6 пайызы мемлекеттік қарызды өтеуге және оған қызмет көрсетуге жұмсалады.

Бюджет шығыстарының негізділігіне қатысты Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында да бірқатар ескерту бар. Палата шығыстарды 396,3 млрд теңгеге қысқартуды және негізделген бағыттар бойынша 46 млрд теңгеге ұлғайтуды ұсынған.

«Құрылтайдың міндеті – әрбір ірі шығыстың заңды негізі, іске асырудың дайын тетігі және нақты нәтижесі бар-жоғын тексеру. Егер қаржы нақты жоба мен күтілетін нәтиже айқындалмай тұрып жоспарланса, бюджет қабылданғанға дейін бұл шығын қайта қаралуы керек», – деді Дания Еспаева.